
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Жастар қоғамның қозғаушы күші, ең белсенді бөлігі, яғни жарқын болашақ кепілі, ал, болашақ бүгіннен басталады! Қазақстанды дамыған, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің арасына қосу біздің қолымызда және бізге артылған үміт пен сенім.
«Жастық шағың – жарқын жаздың бейнесі, құтты жаздың ала алсаң, жоқ бермесі», - деп Сәбит Мұқанов атамыз айтқандай, жастық шақ әрдайым қызғалдақ құлпыратын шақ. Бүгінгі жас ұрпақ, ел ертеңі – біздер. Біз – ертеңгі күні ел тағдырын ойлайтын осы жалындаған жастармыз. Ең алдымен біз білім алып, «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз», - деп қазақтың бас ақыны Абай айтқандай, еліміздің білім деңгейін биік шыңға көтеріп, қазақ елін әлемге одан ары мойындатсақ, бізден асқан бақытты мемлекет, қазақ елінен асқан бақытты халық болмас...
Киелі Көксу ауданымызда да білімді әрі жалынды жастар аз емес. Сол жастар түрлі шыңдарды бағындырып, әрқилы белестерден сүрінбей өтіп келеді.
«Жастар жылының» тұсауы арнайы кесілгеннен кейін, еліміздің әр жерінде жігерлі жастармен кездесулер ұйымдастырылып жатқандығы белгілі. Осындай айтулы сәт аудан орталығында да белең алды. Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Қадырғали Жалайыри атындағы мектеп-гимназиясында аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұы мен аудан жастарының еркін форматтағы кездесуі өтті. Бұл кездесуге ауылдық округ әкімдері мен жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылары, «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», «Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламаларының қатысушылары, білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласының өкілдері, ауылшаруашылық мамандары, жас кәсіпкерлер және аудан орталығындағы мекеме жастары қатысты.
Жастар жылы – жастар саясатын түбегейлі қайтадан қарап, «Рухани жаңғыру» аясында үлкен жетістікке жеткізетін жыл болмақ. Бұл тегіннен тегін емес. Неге десеңіз, Қазақстандағы 18 миллионнан астам халықтың 27,4 пайыздан астамы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда біз өте жас, өсіп келе жатқан халықпыз.
Спорт – денсаулық кепілі демекші, ауданымызда спортпен шұғылданатын жастардың саны 12530-дан асады. Олардың барлығы дерлік республикалық, облыстық жарыстарға қатынасып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтсақ, әлемге танымал болған, ауданымыздың намысын қорғап жүрген веложарыстан Олимпиада чемпионы Глеб Брусенский, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Динара Жұмабаева, Индонезияның Джакарта қаласында Азия чемпионатының жеңімпазы Данил Пехотин, бокстан спорт шебері Константин Брусенский сынды жастарымызбен мақтанамыз. Бұл тек спорт саласындағы жетістіктеріміз, одан өзге де салаларда оқ бойы озық келеміз. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауданымызға келіп, жас ұрпақтың өзге тілді еркін меңгеруіне атсалысып жүрген Қадырғали Жалайыри атындағы мектеп-гимназиясының ағылшын пәнінің мұғалімі Толғанай Бакелекова мақтануға тұрарлық өз ісінің маманы.
Толғанай Бакелекова:
- Құрметті Алмас Қабдулұлы! Құрметті жиналған қауым! Бүгінгі күннің рухты, жігерлі, жалынды жастарының бірі – мен Толғанай Қазбекқызы.
Ұлы да ұлағатты ұстаз атану – менің бала күнгі арманым. Сол арманның жетегінде жүріп, 2017-2018 жылдар аралығында Польша мемлекетінің Лодзь қаласында академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы «Екі шетел тілі» мамандығы бойынша білім алып, Еуропаның ең үздік профессорларынан мол тәжірибе жинақтадым. Және де сол тәжірибемді бүгінгі таңда ел іргесін көтерер осы мектептің болашақ ұрпақтарының бойына дарытып, халқына еңбек сіңірер патриоттарды тәрбиелеуге өз үлесімді қосудамын.
Сондай-ақ, мектебімізде Швейцариядан арнайы келген волонтермен бірлесе жұмыс жасап, оқушылардың ағылшын тілін еркін меңгеруіне мүмкіндік жасалуда. Елбасымыз өз Жолдауында «Ағылшын тілі тек қана қарым-қатынас және ақпарат алмасу көзі ғана емес, таным кеңейту, жастар үшін шетелде білім алуға жағдай жасайтын, сол арқылы елімізге экономикалық және саяси жағынан әсер ететін бірегей құрал болуы тиіс», - деп атап өткен болатын.
Менің басты мақсатым – Елбасымыздың үш тұғырлы тіл саясатын қолдай отырып, келер ұрпақтың ағылшын тілін меңгеру деңгейін одан ары дамытып, бірнеше тілде еркін сөйлейтін, әлемдік аренада бәсекеге қабілетті азаматтарды қалыптастыру, -деп өз ойын білдірді.
Жастар болашағымыздың кепілі, келешегіміздің кілті. Сондықтан да ел ертеңі үшін қазірден жастардың кемел келешегіне алаңдап, оларға барлық жағдайларды жасау үлкен азаматтықтың, көрегенділіктің нышаны болып саналады.
Аудан басшысы Алмас Қабдулұлы барлық жастардың ұшқыр ойлары мен ұсыныс-тілектерін тыңдаған соң, кездесуді қорытындылады:
«Қазақстанның ертеңгі болашағы – жастар. Жастар – өткен заманның айнасы, келешектің нысанасы. Кез келген қоғамның қозғаушы күші жастар екені баршаға мәлім. «Мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беруі тиіс. Ол жастар өмірдегі өзінің жеке табысын іздей отырып, жақындары, өз халқы және Отаны үшін жағдай туғызатын азаматтар болуы тиіс. Мен біздің жастарға сенемін», — деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үмітін жастар әрқашан ақтауға міндетті.
Елімізді іргелі мемлекетке айналдыру сіздердің қолдарыңызда, яғни болашағымыз жастардың жауапкершілігінде. Сондықтан, жастар қауымы уақыттың кез-келген сынағына, бәсекеге төтеп беруге дайын болуы керек. Отанымыздың санасы сергек, жаңа заманның технологияларын меңгерген нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алмақ. Себебі, жастары белсенді елдің ертеңі жарқын. Сондықтан, сіздерді қоғамдағы барлық салаға атсалысып, Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек етуге шақырамын», - деп жастарды жан-жақты демеуде Елбасының өзі үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Оған қоса табысты әрі абыройлы еңбек ету және жетістіктерге жету жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Өз кезегінде белсенді жастар түрлі сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасудан үлкен әсер алды.
Еліміздің ертеңгі болашағы, бүгінгі жастар осы кездесуден ой түйіп, өзінің өмірлік бағытын таңдай білсе, келешегіміз кемел боларына сенім мол. Бұл кездесу – әр жасқа ерекше серпін беретін, болашағына даңғыл жол салатын игі іс деп есептейміз.
Біздің, жалындаған жастардың парызы – еліміздің абыройын асқақтатып, бізге беріліп отырған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ойымыздағы тың идеяларды жүзеге асыру. Үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, ауданымыздың дамуына үлесімізді қосу!
Түйін: Көксу ауданы өзінің дүлдүл ақындарымен, ерен батырларымен мақтана алады. Сол сияқты, барлық істе көшбасшы болып жүрген жастары да мақтауға тұрарлық. Мысалы, Дәурен Молдағали – жас та болса бүгінгі күні әкімдік лауазымда жүрген жігерлі жастардың бірі. Өзінің ұшқыр ойымен, ұйымдастыру қабілетімен ақ жаулықты аналарымыз бен ардақты ардагерлеріміздің алғысын алып жүрген жан. «Жастар ресурстық орталығының» жетекшісі Қуаныш Дүйсенбаев – қызметтік бабында көп уақыт болмаса да, жастардың басын қосып, түрлі шаралар ұйымдастырып жүрген жалынды жастардың бірі. Бойында ыстық қаны тулаған, кезіндегі Махамбет пен Исатай батырларымыздың рухты, мызғымас жігері бар жетекші. Осындай көш бастар жастарымыз барда, біз тек үлкен шыңдардан ғана көрінеміз деген үміттемін!