
Өткен аптада бір аптаға созылған округ әкімдердің есептік кездесуінің нүктесі Мұсабек пен Жарлыөзек ауылдарында қойылды. Бозарып атқан таңмен Мұсабек ауылдық округіне аттандық. Округ әкімі жас та болса, өз ісіне берік – Жандос Жұмағұлов бұл кездесуге жақсы дайындалыпты.
Қарап отырсақ, ауыл халқы бұл кездесуді асыға күткендей, барлығы дерлік жиналды. Мұсабек ауылы – ұлттық өнімді қолдайтын ауылдардың бірі. 12 отбасы ұлттық тағамдар: сүт, тары-талқан өнімдерін даярлап, сатуда. Аталған өнімдер Талдықорған қаласының әр сенбілік коммуналдық базары мен Көксу аудандық базарында жексенбі күндері сатылады. Мәдениет және спорт саласында да ауыл халқы алдыңғы орындардан көрініп келеді. Мемлекеттік қызметкерлер арасында облыстық жазғы спартакиядасында округтің бас маманы Айман Естаева жүлделі 3 орынға ие болған. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласының аясында өткізілген тоғызқұмалақ ойынынан Маулен Сейлхан, Айым Өскенбаева 1 орын, Салтанат Қайратқызы 3 орынға ие болып, жалпы команда бойынша 1 орынды иеленген.Волейболдан Батыржан Оңғаровты еске алу турнирінен Мұсабек командасы 1-ші орынға ие болды.
Қарап отырсақ, округтің ахуалы жақсы. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген нақыл сөз осы Мұсабек ауылына қарата айтылғандай...
Әрмен қарай, аудан әкімі Алмас Қабдулұлы өз сөзімен атқарылған шаруалары және алдағы міндеттерімен ауыл тұрғындарын таныстырып, бірқатар келелі істердің жауабын да берді. Осы тұрғыда Мұсабек ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлаубек Қоңқақов бірнеше мәселелерді көтерді. Соның бірі – ауылдағы «Ұлы Отан» соғысына арналған ескерткішке жөндеу жұмыстарының керектігі. Бұл сауал бойынша аудандық экономика бөліміне қаражат бөлінсін деген тапсырма берілді. Және барша тұрғындардың қалауы – мәдениет ошағы. Аудан басшысы бұл мәселенің шешілетін уақыты да алыс емес екендігін айтты.
- 2023 жылға қарай, «Мәдениет үйлерін жаңарту» бағдарламасы енеді. Жобаны облыстық құрылыс басқармасы жасап, өз өтінімдерін жібереді. Сол кезеңдерде сіздердің ауыл да типтік жобаға ілінер, - деп жауап қатты.
Тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныс-тілектеріне нақты әрі шешімді жауап қайтарған аудан әкімі көптің көңіліндегі алаңдаушылықты басқандай болды.
Түстен кейін көршілес жатқан Жарлыөзек ауылының әкімі Самат Ихсановтың қорытынды есебін тыңдадық. Кездесуде округтің өткен жылы атқарылған істерінің қорытындылары мен осы жылға арналған міндеттері туралы айтқан ауыл әкімі тұрғындарды округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге, ауыл өмірін жақсартуға аянбай еңбек етуге шақырды.
Баяндаманы ұйып тыңдаған тұрғындар сұрақтарын да қойды. Ауыл тұрғыны Дәрібай Байжұманов ауылдағы үлкен көшеге жарық шамы орнатылса деген ұсынысын және көшелерге тас жолдар салып берулерін сұрады. Осы ретте аудан әкімі «биылғы жылы жолдарды жасауға қаражаттың аз бөлінгендігін, қолдан келсе әр округке мейлінше көңіл бөлеміз»,- деп атап өтті.
Жиын соңында ақсақалдар алқасының төрағасы Аманжол Нүрпейісов бұл есептік кездесуге «жоғары» деген баға беріп, өз ризашылығын білдірді.
«Халық қаласа, хан түйесін сояды» демекші, кездесуде көтерілген барлық мәселелер өз шешімін табады деген ойдамыз.