
Қаңтардың 29-ы күні аудан әкімшілігінің кіші мәжіліс залында аудандық ақсақалдар алқасы Амангелді Қалдыбектің төрағалық етуімен қоғамдық кеңес өтті.
Жиынға аудан әкімі Алмас Әділ Қабдулұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, бөлім, мекеме басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде қаралған мәселе – аудан басшысының 2019 жылы атқарған істері мен 2020 жылға арналған міндеттері жайында.
Мінберге шыққан аудан әкімі өткен жылға сараптама жасап, баяндамасын оқыды:
- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған бірінші Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев саяси бағытының сабақтастығын сақтай отырып, бүгінгі Қазақстан дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Ең алдымен, бұл «Бес институционалдық реформа» мен «Ұлт жоспары», сондай-ақ Президенттің сайлауалды тұғырнамасында қойылған міндеттерді шешу. Осыған орай, біз берілген тапсырмаларды орындау үшін жұмыстарды атқарып келеміз.
Агроөнеркәсіп кешенінің даму деңгейімен аудан халқының әл-ауқаты тығыз байланысты, өйткені халықтың 100 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Бұл салада біршама жұмыстар атқарылды.
Егін шаруашылығы саласы бойынша 2019 жылы мемлекет тарапынан 687 млн. теңге көлемінде субсидия төленді.
Бүгінгі таңда Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен ирригациялық жүйені қалпына келтіру жұмыстарын бастау 2020 жылға жоспарланған. Атап айтқанда, 196 км каналдар тазаланып, 177 км қалпына келтіріледі.
Нәтижесінде аудан бойынша жалпы 13,6 мың гектар жерге су жеткізіліп, оның ішінде 4 мың гектар егістік айналымға қайта енгізіледі. Есепті жылы 10 жылдық Қазақстан ауылында 200 басқа арналған мал бордақылау алаңы қолданысқа берілді. Ветеринария қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы алдын -алу профилактикалық және диагностикалық жұмыстар жоспарға сәйкес толық жүргізілді. 2020 жылы Көксу қант зауыты қамыс шикізатын өндеуге реконструкция жасауды жоспарлап отыр. Бұл зауыттың жыл бойы тұрақты жұмыс жасап, қант өндеуіне мүмкіндік береді. Білім саласы бойынша, Бесқайнар ауылының орта мектебі және Қазақстанның 10 жылдығы ауылында орналасқан Р. Толқымбеков атындағы орта мектебінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға қаражат бөлініп жұмыстар 2020 жылы аяқталады.
Аудан тұрғындарын спортқа тарту деңгейі 30,6 пайызды құрайды.Бұқаралық спортты көтеруге, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған спорт түрлерінен жарыстар өткізілуде. Бүгінгі күні ауданымызда 118 спорт нысандары қызмет етеді. 2019 жылы жоғарыда айта кеткендей Балпық би ауылындағы дене сауықтандыру кешенінің құрылысы басталып, 2020 жылы аяқталады.
Басқа салада да жұмыстар қарқынды жүргізілуде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, халықпен бірге еңбек етудің нәтижесінде жарқын болашаққа жететінімізге кәміл сенемін, - деп барлық саладағы жұмыстарды атап көрсетті.
Баяндама тыңдалды, кеңес мүшелері сұрақтарын қойды. Амангелді Қалдыбек кейбір ауылдардағы мәдениет ошағының жоқтығын айтып, бұл сауал бұрыннан бері қозғалып келе жатқандығын тілге тиек етті. Бұл мәселе бойынша «2023 жылға қарай, облыс бойынша бір типтік жоба дайындалады, сол бойынша ауданымыздың үш округіне салынады деп жоспарлануда»,- деп жауап қатты аудан басшысы.
Бүгінгі отырыс жақсы деңгейде өтті, қоғамдық кеңес мүшелері өз бағаларын берді.