АУДАН ТЫНЫСЫ

ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ – ЕРТЕҢГЕ БАҒДАР

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 11.02.2020
Оқылды: 303 Печать страницы
ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ – ЕРТЕҢГЕ БАҒДАР

« Қаңтарда күн қарға адым ұзарады» демекші, бір аптаға дерлік уақытқа созылған округтер және аудан әкімінің 2019 жылды қорытындылаған есептік кездесулері өз деңгейінде өтті. Ендігі кезектегі аудан басшысы Әділ Алмас Қабдулұлының қорытынды есептік жиыны қаңтар айының 31-ші жұлдызында аудандық мәдениет үйінде өтті.

Аталмыш кездесуге Алматы облысының мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсенбінов, облыстық мекемелер басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары мен ардагерлер ұйымы және бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.
Алдыменен мінберге шыққан аудан әкімі өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін айтып, биылғы жылдың жоспарын жеткізді.
-    Жылдан-жылға экономикасы дамып келе жатқан ауданымыздың негізгі саласы – ауылшаруашылығы. Жалпы, бұл сала бойынша 31710 гектар ауылшаруашылығы дақылдары себіліп, аудандағы басымды дақыл қант қызылшасының көлемі 100 гектарға артып, 2000 гектарды құрады. 2019 жылы мемлекет тарапынан 687 млн. теңге көлемінде  субсидия төленді. Мал шаруашылығында да барлық мал басының саны мен өнімділігі артты. 2020 жылы агроөнеркәсіп саласында  ЖҚ «Каримов» сүт тауарлы  фермасын 400 бастан  600 басқа дейін кеңейтуді, «АПК Алға»1000 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысы, ЖҚ «Тілек» 100 басқа арналған тауарлы сүт фермасын және 100 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы жоспарланып отыр. Жылына 20 мың тонна шошқаның етін өндейтін комплекстің құрылысы бойынша инвесторлармен алғашқы келісім жұмыстары жүргізілуде. Өнеркәсіп саласы бойынша, 2019 жылы Балпық би ауылында ЖҚ «Шагатаев»  10 жұмыс орнымен күніне 900 бөлке нан шығаратын наубайхана ашты.
Бөлшек сауда айналымының көлемі  4 млрд 911 млн. теңгені құрады. Нақты көлем көрсеткіші 101,1 пайыз.
Есепті жылы аудан орталығында Евразия сауда орталығы, көкөніс сататын базар және көпсалалы сауықтыру кешені  қолданысқа беріліп, 65 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Өте маңызды тұрғын үй мәселесі де ерекше бақылауда тұр. Бүгінгі күнге тұрғын үй кезегінде 804 адам, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алуға 2000-нан астам адам тұр.  
2019 жылы жалпы 8698 ш.м. тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде бюджет есебінен - 4567 ш.м. іске қосылса тұрғындар есебінен - 4131 ш.м. қосылды.
Инфрақұрылымды дамыту бойынша Балпық би ауылын ауызсумен қамтамасыз етуді арттыру үшін су тартқышты реконструкциялау мен салу үшін 93,9 млн.теңге бөлініп жұмыстар аяқталды.  
Балпық би ауылындағы орталық жылыту қазандығы 2019 жылы толығымен табиғи газға ауыстырылды және қазандық ғимаратын кеңейту және қосымша 2 қазандықты орнату жұмыстарына ЖСҚ дайындалды. Жобаны іске асыруды 2020 жылға жоспарлап отырмыз.
Білім беру саласында 2018-2019 оқу жылының  қорытындысы бойынша білім сапасы 63,2 пайызды құрады.Облыс көлемінде өткен білім олимпиадаларда   33 мектеп оқушылары белсене қатысып, 17 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Кіші ғылыми жобалар байқауларында 24 оқушы қатысып, 10-ы жүлделі орынға ие болды. Сонымен қатар, З. Тамшыбай атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп қолданысқа берілді. 2020 жылы Қаратал ауылында мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары және «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында Ақшатоған ауылындағы №5 мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы орта білім беру жүйесін  ақпараттандырудың  мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары өз жалғасын табуда. Аудандағы барлық мектептер  компьютерлік  техникамен жабдықталып, түгелдей интернет желісіне  қосылған, - деп ауданның ахуалымен жалпылама таныстырып шықты. Келесі кезекте облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Мырзабекұлы облыстың хал-жағдайымен таныстырып, баяндама оқыды: «Жалпы өңірлік өнім 3,5 пайызға өсіп, 2,7 трлн. теңгеге жетті. Ауылшаруашылығы, өнеркәсіп салаларында өсім байқалып,  бөлшек тауар айналымы, құрылыс жұмыстарының көлемі артты. Облысымызға 574 млрд. теңге инвестиция тартылып, 31 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, бұл жоспардан 5,8 мыңға артық, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеді. Бюджетке 387 млрд. теңге түсті.
Өткен жыл облысымыз үшін табысты болды. Солардың қатарында жетісулықтарға қуаныш сыйлаған оқиғаларды атап өткім келеді.
Біріншіден, халықтың ұзақ жылғы қалауы орындалып, Мемлекет басшысының Жарлығымен Райымбек және Кеген аудандары қайта құрылды. Соның нәтижесінде 700-ге жуық адам өз туған жерлеріне қайта оралды.
Екіншіден, халық – біздің басты байлығымыз. Осы орайда, облыс тұрғындарының саны 2 миллионнан асып, республикадағы ең ірі аймаққа айналдық.
Үшіншіден, Елордамыздың 20 жылдығына байланысты Астананың төрінде Жетісудың тұмарындай болған «Жетісу» саябағын жаңарттық. Саябақтың жаңа келбеті астаналықтарды қуантып, Елбасы облыс жұртшылығының еңбегіне жоғары баға берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ирригациялық желілерді қалпына келтіру ісі басталып, қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. 15 мың гектардан астам суармалы жер қалпына келтірілген. Биыл 25 мың гектарды қалпына келтіру жоспарланып отыр. 2022 жылға дейін бұрын айналымнан шыққан 126 мың гектар суармалы жер пайдалануға берілмек. Халықтың өзін-өзі қамтуына жол ашатын бірден-бір сала –шағын және орта бизнес. Онда 115 мың адам еңбек етеді, бұл облысымыздың әрбір төртінші тұрғынының кәсіпкерлікке бет бұрғанын көрсетеді.  Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтар болсақ, «Бизнестің жол картасы» шеңберінде 4,4 млрд. теңгеге 265 субъекті қолдау тауып, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 1339 адам 6,1 млрд. теңгенің  шағын несиесін алған. Мұнымен қатар «Даму қоры арқылы 6,4 млрд. теңгенің көмегі көрсетілген, - деп қысқа қайырды.
Екі баяндаманы ұйып тыңдаған халық өз тараптарынан «қанағаттанарлық» деген бағаларын беріп, сауалдарын да қойды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағымбала Төкенова ауданға тағы бір білім ошағының керектігін айтты. – Әрине, мектеп – білім көзі болғандықтан, салынады. Алдағы уақытта бұл мәселенің шешімі табылады, - деп жауап қатты аудан әкімі.
Тұрғындар арасынан ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай, әр округтегі Абай көшелеріне абаттандыру жұмыстары жасалынса деген тілектерін де жеткізді. Облыстан арнайы келген мәслихат хатшысы аудан басшысына осы мәселе бойынша тапсырма берді.
«Жақсы адамнан жақсы басшы шығады» демекші, аудан әкіміне барша халықтың көңілі толады. Сонда да дерлік, аудан басшысына бірқатар тапсырмалар беріліп, жұмыстарды одан әрі жандандыруды ұсынды.
Ел бірлігі мен берекесін арттырып, етене еңбек ете берсек, бұдан да биік нәтижеге  жетеріміз сөзсіз.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.