
Көксу ауданында мал ұрлығының алдын алу жұмыстары мен барымташылардың жолын кесу жұмыстары күшейтілді. Бұл туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рамиль Гимадиев хабарлады. Айтуынша жыл басынан Айнабұлақ, Көксу бекеттері мен Балпық ауылдық округінен қолды болған ірі-қара ұрлығы ашылған. Бүгінде бұл топтардың мүшелерін уақытша ұстау изоляторына қамап, тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.
- Қылмыс санын азайту үшін заңдар қатайды. 2019 жылдың соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық заңнаманы жетілдіруге арналған заңға қол қойды. Кей қылмыстарға жаза ауырлады, айыппұлдар өсті. Мал ұрлығына қатысты бөлек бап болады. Осы қылмыста “теріс қылық” пен “орташа ауыр қылмыс” деген анықтама болмайды. Ал жазасы күшейтіліп отыр»,-деді Рамиль Гимадиев.
Аудан орталығындағы қылмыстың алдын алу мақсатында «Мал ұрлығы" «Пәтер ұрлығы» сияқты тағы бірнеше профилактикалық шарасының,
кешенді полиция күштері түнгі патрулдеу жұмыстарын қарқынды жүргізу нәтежесінде қаңтар айында тіркелген қылмыстың басым көпшілігі ізін суытпастан ашылған. Мамандардың сөзіне сүйенсек өткен жылмен салыстырғанда қылмыстың тіркелуі 2 есеге азайып отыр. Бұдан бөлек аудандық полиция бөлімінде фронт-кеңсе тұрғындарға заңгерлік көмек көрсетуде. Тұрғындар азаматтық алу, айыппұл, қару-жарақ ұстауға рұқсат алу сұрақтары бойынша жиі жүгінеді екен.
Облыс орталығына жақын ауылда қылмыстың өсуін мал базары, ойын-сауық орталықтарының ауданда орналасуымен, аудан халқының басым бөлігі орталықта шоғырлануымен түсіндіріп отыр. 2018 жылы қылмыстың 81 пайызы ашылса, 2019 жылы 89 пайыз болған. Бұл дегеніміз қылмыстың ашылуы жылдан-жылға өсіп келеді деген сөз.
Айта кетейік, мал ұрлығын ашу полиция қызметкерлеріне қиындық туғызады. Олай дейтініміз тұрғындар ірі қараны ұзақ уақыт қараусыз жібереді де, малдың қай уақытта жоғалғанынан бейхабар болады.
Полиция қызметкерлері төрт түлікті малды қараусыз қалдырмауды мүмкіндік болған жағдайда электронды чип орнатуды, пәтер ұрлығының тамырына балта шабу мақсатында бейнебақылау камераларын орнатуды сұрайды.
Айгүл АЙМАНБЕКОВА