
Барша адамзат дамуының шамшырақ тұлғасы және ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы – ұстаз. «Алты алаштың ардақтылары бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың қанатты сөзін қаперге алмайтын қоғамға «Педагог мәртебесі туралы» Заң керек-ақ. Мұғалім мәртебесі баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан тақырыптардың біріне айналды. Міне, сондықтан да шығар, Елбасының бастамасымен қоғамның жіті талқылауынан өткен «Педагог мәртебесі туралы» Заң Парламент қарауына түсіп, білім саласының мамандарын ғана емес, күллі халықты жақсылықтан үміттендіріп отыр. Өйткені заңның аты – заң. Ол ұстаздар қауымына әрі қорған, әрі ынталандыру болмақ.
Рухани тұлғаларымыздан Жүсіп Баласағұни: «Ізгі атымен ғана ер алғысқа бөленеді» десе, Махмұд Қашқари: «Ізгі ердің сүйегі шіріп кетсе де, аты өшпейді» деп жазады. Осы ізгіліктің бәрі – ұстаз болмысынан, ұстаз білігінен, ұстаз тәлімінен даритын қасиеттер.
Елбасының: «Халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ, болуы да мүмкін емес» деген тамаша тағылымды сөзі бар. Бұл – ұстаздың ғана емес, кез - келген ұстамды жанның бағдаршамы.
Сөз жоқ, түптеп келгенде, педагог беделі заңмен емес, қоғамның ар-ұятымен, жауапкершілігімен шегеленеді. Қасиетті «Құранның» өзінде де, біздің мың жылдық дәстүрімізде де ұстазды сыйлау парыз екені ерекше айтылған. Ендеше «Педагог мәртебесі туралы» заңның қорғаушысы да, қолдаушысы да, дәйегі де, мәйегі де – қоғам.
Осыған байланысты мына ойды ортаға салуды дұрыс көрдік.
Ұлан Досымбеков,
аудан әкімінің орынбасары:
Педагог мәртебесі биіктеді
Жаңа құжат ұстаздың бет-беделі мен абыройына қорған әрі қалқан болары анық. Енді оқушы біткен мұғалімге қыр көрсетіп, келемеждей алмайды. Жауапкершілік бар. Артық жұмысқа жеккендер болса, 300 мың теңге айыппұл төлейді. Алдағы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы екі есе көтеріліп, ал олардың балалары балабақшаға бірінші кезекте орналасады. Бұл қолға алынған шаралардың бір парасы ғана. Педагог мәртебесін айқындайтын Заң негізі төрт бағытты қамтиды:
• Бірінші - ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту;
• Екінші - мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту;
• Үшінші - материалды емес стимул тетіктері;
• Төртінші - материалдық ынталандыру.
Заң жобасында ұстаздарға көптеген жаңашылдық қарастырылған. Біріншіден, 2020 жылы жалақыны 25 пайызға өсіру және төрт жыл ішінде екі есе арттыру көзделген. Екіншіден, педагог өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартылудан қорғалады. Сонымен қатар, енді педагогтерді әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады.
Үлгілік оқу жоспарлары төмендеуі есебінен 2021 жылдан бастап оқу жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендейді. Заң бойынша педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беріледі.
Заң аясында қосымша ақы төленеді:
1. Тәлімгерлік үшін - 1 базалық лауазымдық жалақы, яғни 17 мың теңге төленеді.
2. Педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы енгізіледі.
3. Халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарына түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың лауреаттарын дайындаған педагогтерге үш лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төленеді.
4. Магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы енгізілмек.
5. Сонымен қатар, педагогтер сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін қосымша ақы алады.
6. Мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына білік санаты үшін жалақы арттырылады.
7. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы үшін педагогтерге 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді.
Заңда педагогтердің еңбек демалыс кезеңі 42 күннен 56 күнге ұзарту көзделген. Мектепке дейінгі ұйым ұстаздарының педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы енгізіледі. Бұл санаттағы мұғалімдердің балаларына мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беру мүмкіндігі қарастырылған.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің де жалақысы 2020 жылы 25 пайызға өсіп, төрт жылдың ішінде екі есеге арттырылады. Бұл санаттағы мұғалімдер міндетіне кірмейтін функцияларға тартудан қорғау және қарастырылмаған есептіліктен босату көзделген.
Айта кетейік, бұл өзгерістер техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтеріне де қатысты.
Білім және ғылым министрінің сөзінше, Заң қаржымен толығымен қамтамасыз етілген. Жалпы, аудан бойынша 2020 жылға 901 миллион 183 мың теңге осы нормаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінді.
Бұдан басқа, ілеспе заңда ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбастылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар, яғни айыппұлдар қарастырылған.
Тлеумұрат Сейтниязов,
аудандық білім бөлімінің басшысы:
Ұстаз мәртебесі – ұлт беделі
Елімізде мұғалімдер еңбегі еленіп, «Педагог мәртебесі туралы» Заң күшіне енді. Жаңа Заң педагог мәртебесін айқындайды, педагогтің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін және шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейді. Заң жобасы 21 баптан тұрады және жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты. Жоба аясында ұстаз мәртебесін арттыру, оның қызметіне қойылатын талаптарды күшейту мәселелері қарастырылған.
Қазіргі заман мұғалімінің мәртебесі өздігінен келетін нәрсе емес, ол – көп еңбектенуден туындайтын күрделі мәселе. Егер мұғалім білімді де білікті болса, ол мәртебелі де болады. Оның мәртебелі болуына тек білім мен біліктілік қана емес, мінезі мен ел ішіндегі қадір – қасиеті де себепші болмақ. Сондықтан ұстаздың мәртебелі болуы өзіне байланысты. Ұстаздың сыншысы – алдындағы балалар. Көп ізденген, көп еңбектенген, ұрпақ жолына жанын да, қанын да қиған адамды олар да біліп отырады. Сондықтан әр іске жауапкершілікпен қарау керек.
Ұстазға қойылатын талап – білімділік, біліктілік, парасаттылық. Білімді ұстаз – мәртебелі ұстаз. Қазіргі заманғы мұғалімнің мәртебесі – оқушыға берген білім нәтижесінен көрініс табады.
Заң талаптарының орындалуы барысында қоғам болып белсенділік танытуымыз керек.
Мұғалімдердің беделін, абыройын арттыруға үлкен мүмкіндік беретін жаңа Заң ұстаздарымыздың мерейін өсіріп, мәртебесін арттыра түсетініне сенімдімін.
Мұратбек Төлекенов,
Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының директоры:
Үлкен қуаныш сыйлады
Жаңа жыл қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойғаны барша білім қызметкерлеріне үлкен қуаныш сыйлады. Еңбек жолымды өткен ғасырдың 80-жылдары бастаған менің ұстаздық қызметімде небір реформаларды бастан өткізуге тура келді. Дегенмен, бұрын «Білім туралы» Заңның бір тармағы ғана болған «Мұғалім мәртебесі» деген сөзді мемлекет деңгейіне көтеріп отырған алғашқы құжат – бұл Заңның барлық педагог қызметкерлері үшін маңызы ерекше.
Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырған. Барлық педагог қызметкерлерге арналған маңызды құжаттың қабылдануын мектебіміздің мұғалімдері зор құлшыныспен қабылдап отыр.
«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы...» деп қазақ зиялысы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтқандай, бұл Заң мұғалімдерге үлкен міндеттер жүктейді. Шәкірт алдында, жалпы, қоғам алдында мұғалім мәртебесіне лайық болу – әрқайсымыздың міндетіміз.
Дина Нүсіпова,
Көксу аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы:
Ұстаздар «Педагог мәртебесі туралы»
Заңға қолдау білдірді
Бүгінгі күн ұстаздар үшін маңызды және есте қалардай. Себебі, көптен күткен Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы қабылданды. Осыған орай, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы «Ұстаз мәртебесі – ұлт беделі» атты форумын ұйымдастырды. Көксу ауданы Балпық би ауылындағы Қ. Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясында өтілген шараға аудандағы білім беру мекемелерінен 200-ден астам ұстаз қатысты. Форум барысында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров сөз алып, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның 21 баптан, 4 бағыттан тұратынын айтып, ұстаздарымыздың құқығы Заң аясында қорғалатынына сенім білдірді.
Шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Тлеумұрат Сейтниязов аудан ұстаздарын құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ал,
Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының директоры Мұратбек Төлекенов өзі басшылық жасап отырған еңбек ұжымы аталған заңның қабылданғанына қуанышты екенін жеткізіп, еңбек жолының 38 жылында мұғалімдердің жағдайын айтып, алдағы білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне арналған жоспардың тиімді тұстарын сөз етті.
Орта буын өкілдері мен жас ұстаздардың атынан Қ. Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Иманбиева және аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Мирас Рақымжанов аудан мұғалімдерінің атынан алғыстарын білдіріп, қуаныштарымен бөлісті.
Қанат Әбділданов,
аудандық білім бөлімінің әдіскері:
Мұғалімдер құқықтық жағынан қорғалады
Өткен жылдың аяғында Парламент сенатының отырысында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы еліміздің ұстаздар қауымына жаңаша жұмыс істеудің жолын ашып отыр. «Педагог мәртебесі туралы» Заңға арнайы баптар енгізілді. Мәселен «Жол ережелерден» бастап, «Педагогтің мәртебесі және оның педагогикалық қызметі», «Педагогикалық құқықтары», «Педагогтің міндеттері мен жауапкершілігі» сияқты негізгі бөлімдер педагогтің құжаты іспетті.
Ал, енді педагогтің этикасы, статусы, ар – ожданын қорғап, кәсіптік қызметін жүзеге асыруға жағдай жасау туралы айтылған арнайы бапты да ұстаздар зор ынтамен қабылдады. Заңның әрбір баптарын оқып, зерделеп шықтық. Бұл заңмен танысу үшін арнайы жиын өткізілді.
Мұғалімдерді кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыстарға тартуға, орынсыз тексерулер жүргізуге болмайтыны көрсетілген заңның үшінші бөлімінде педагогтің кәсіптік қызметтік жүзеге асыру кезіндегі құқықтарының айқындалуы да оларды құқықтық жағынан қорғалуларына негіз болады. Педагогтардың ар – намысын ата – аналар тарапынан қорлауына тыйым салынатыны, ондай өрескелдік кездессе, ата – аналарға айыпұл салынатыны заңда анық көрсетілген. Міне, мұның бәрі мұғалімдердің құқықтық жағынан қорғалатынын нақты айқындайды.
Ұлы ұстаз Ы.Алтынсариннің «Бізге жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деп, ұстаз еңбегін бағалап кеткен. Осындай жақсы жағдайлар жасалып жатқанда, еліміздің білім жүйесінің де ерекше қанаттанып, еңбекке деген құлшыныстарының артатыны анық. Бұл Заңға барлық ұстаздар ризашылығымызды білдіреміз.
Динара Бәзілова,
Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының мұғалімі:
Орта білім беру
жүйесіне қамқорлық
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленген «Педагог мәртебесі туралы Заңның қабылдануы ұстаздарды қуантып отыр. Бұл құқықтық құжат мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орта білім беру жүйесін дамыту және білім сапасын жетілдіру бойынша алға қойған міндеттеріне жауап береді. Заңның мазмұндық идеясы-оқытушыларды қатысы жоқ жұмыстардан босатуға, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беруге бағытталған. Сомен қоса, оқытушылардың жалақысын көтеру, еңбек демалысын арттыру, педагогтік шеберлік, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу мүмкіндіктері де қаржылық қолдаумен қамтылғанына қуанамыз. Қағазбастылықтан арылатын баптардың бәрі Заң жобасына енгізіліп, ел заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты ұсынуды талап ету, кәсіби қызметке жөнсіз тексерістер жүргізу сияқты салмақты мәселелердің жүзеге асырылатыны көңілімізге ерекше сенім ұялатып отыр. Мұндай Заң баптары педагог мамандығының мәртебесін арттыруға, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, педагогтар үшін әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жасауға бағытталғаны сезіліп тұр. Шындығында, оқытушылардың мәртебесін көтеру туралы ұлт көшбасшысының айтқан салиқалы сөзі кезінде барша педагогтерді бір серпілткен еді. Өйткені, оқытушылардың мәртебесін көтеру –жұртымыздың беделін бекемдейді.Жүздеген түрлі мамандық иелері балабақша мен мектеп, арнаулы және жоғары оқу орындарында ұстаздардан білім алып, жан-жақты тұлға ретінде қалыптасатыны хақ. Еңселі ел боламыз десек, ұлт болашағын баптауды тал бесіктен бастауымыз керек.
Мен өзім ұстаздықты «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарлама аясында бастап, игі жемісін көріп едім. Енді, міне, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның ұстаздарға деген қамқорлығын көріп, қуанудамын.Менің ұстаздық жолда алаңсыз еңбек етуіме толық мүмкіндік бар»,- деп сеніммен айта аламын.
Сара Сандыбаева, Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының мұғалімі:
Мұғалім мәртебесін
айқындап берді
Тәуелсіз еліміздің 28 жылдық тарихында алғаш рет мұғалімнің мәртебесі жоғары деңгейде республика көлемінде қаралып, талқыланды. Осы ретте мемлекет тарапынан үлкен іс-шара, «Мұғалім мәртебесі» Заңы 2019 жылдың 27 желтоқсанында қабылданды. Осы Заң педагог мәртебесін айқындайды, педагогтің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейді делінген. Яғни, мұғалімнің құқықтық жағдайын, әлеуметтік-экономикалық жағынан қорғалуын құқықтық тұрғыда реттейтін болады. Сонымен бірге, мұғалімнің қоғам алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі де нақты айқындалды. Бұл мемлекет тарапынан мұғалімдерге жасалған үлкен сыйы, алғысы мен еңбегіміздің бағалануы деп білемін.
Педагог мәртебесі заңынан тыс ұстаздарға басқа да бағдарламалар аясында қолдау көрсетіліп келуде. Бұған дәлел ретінде жылдағы Елбасымыздың халыққа Жолдауындағы мұғалімдерді ерекше атап, жан-жақты атаулы көмек көрсетілетіндігін атап айтуы. Біліміне сенімді әр ұстаз бүгінгі таңда ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, өз жалақысын 30 бен 50 пайызға дейін көтеру мүмкіншілігіне ие болып отыр. Тек, сапалы білім беру жолында аянбай еңбек ету керек!
Жаңа заман жаңа талап қоюда. Елбасымыз осыдан бірнеше жыл бұрын айтқанындай, «жаңа формацияға жаңа педагог қажет» болуда. Ал, қазіргі бәсекеге толы дүниеде мұғалімдік қызметке барынша дарынды адамдарды тарту өмірлік қажеттілікке айналуда. Біздің міндетіміз жоғары деңгейдегі білімді, білікті, бәсекеге қабілетті, заманауи, үш тілде еркін сөйлейтін, жеке өз пікірі бар тұлға қалыптастыру.
Шынар Каршалова,
«Алпамыс» бөбекжай – балабақшасының тәрбиешісі:
Тәрбиешілер құқығы кеңейтілді
Өткен жылдың соңында «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Осы оқиғаны біздің қоғамымызда бұрын – соңды болмаған, қажеттіліктен туындаған үлкен оқиға деуге болады.
Бұл Заң барлық жерде қызу талданып, оң бағасын алып жатыр. Біздің «Алпамыс» бөбекжай – балабақша ұжымының қызметкерлері де көңіл қойып танысып, талдау жасады. Бәрі де заңға оң бағасын берді.
Балабақша меңгерушісі Ажар Алтаева тәрбиешілер құқығы мұғалімдермен тең дәрежеде екендігін атап өтті. Бұл педагогикалық шеберлігі үшін оқу төлеуден, демалыс мерзімінің ұзаруынан көрініс тапқандығын тілге тиек етті.
«Педагог мәртебесі туралы» Заң – педагогикалық қауымдастықтың беделі мен рөлін нығайтуға бағытталған қадам. Педагогтардың жағдайын жақсартатын барлық нормалар бекітілді. Аталмыш Заң жастарды ынталандыруға мүмкіндік береді.
Иә, заңда мұғалімнің мәртебесі, құқығы, міндеті мен жауапкершілігі туралы қоса айтылды. Тәрбиешілер құқығы да кеңейтілді. Енді бізге алаңсыз еңбек етуге толық мүмкіндік бар.
Оралбек Әбдікеев, Қызыларық орта мектебінің мұғалімі:
Заңда ер мұғалімдерге
жеңілдік қаралған
Биыл еліміздегі педагог қызметкерлердің мәртебесі биіктеп, абыройы артты. Мемлекет басшысының жаңа Заңға қол қоюы - білім беру саласындағы тарихи сәттердің бірі деп білемін. Педагог мәртебесі, құқықтары мен міндеттері және әдептер жазылған 21 баптан тұратын құжаттың барлық тармақтарымен танысып шықтық. Бізді білім беру ұйымдарына жаңа леп, жақсы мүмкіндіктер ұсынғаны қуантады. Жетінші баптың 17 тармағында «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы» заңына сәйкес әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға болатындығы жазылыпты. Бұл да бір өзекті мәселе деп ойлаймын. Қазақстан Республикасының денсаулығы жарамды әрбір ер азамат қорғаныс күштерінде мерзімді қызметті атқаруы тиіс. Дегенмен, педагог үшін кезекті оқу жылын аяқтап, қандай да бір нәтижеге қол жеткізу басты мақсат. Осы орайда әскери қызметті кейінге қалдыру құқығы үлкен мүмкіндік. Оқушыларын халықаралық деңгейде түрлі байқаулар мен олимпиядаларға қатыстырып, еліміздің абыройын асқақтатқан ұстаздарға сыйақы тағайындалатындығы да жағымды жаңалық. Республика, облыс деңгейіндегі көптеген сайыстарда топ жарып, жүлделі орындарды иеленіп, авторлық жаңашыл жобаларды дайындап, спорттық жарыстарда көк туымызды желбіретсе, үлкен абырой ғой. Жетекшінің үміті ақталып, еңбегінің бағалануы биік белестерге жетелейтіндігі даусыз.
Он екінші бапта педагогтің әлеуметтік кепілдіктері нақтыланған екен. Баспаналы болуды қарастырылатын жеңілдіктер бар. Енді жас отбасылардың балаларын кедергісіз балабақшаға орналастырып, алаңсыз жұмыс атқаруға мүмкіндік бар.
ТҮЙІН: Рас, ұстаз мәртебесі туралы Заң қоғамның барлық жігін де бейжай қалдырмады. Барлық жиында, басқосуда бұл тақырыпты айналып өткен адам аз. Біз мұның бәрін – жанашырлық пен жауапкершілік деп ұқтық. Осылай барлық шарада, бастамада халықтың береке-бірлігі арта бергей.
дайындаған: Ілияс САДЫҚОВ,
қарт журналист