
Ақпан айының жиырма жетінші жұлдызында аудан орталығына «Nur Otan» партиясы орталық аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Арыстанғали Сансызбаев келіп, аудан ахуалымен танысты.
Алдыменен, «Уыз Май Іndustry» заводына атбасын бұрды. Завод басшысы Ербол Тоқтағұлов мұндағы жұмыс қарқынымен таныстырып, бірнеше қойманы аралады. Жымық және тағы да өзге өнімдердің дайындалу қарқынын да тамашалады. Артынша аудандық орталық емханаға барды. Ондағы жаңа бағдар бойынша жасалынып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Кейіннен «Nur Otan» партиясының ғимаратында жиын өткізді.
Аталмыш жиынға аудан мәслихатының хатшысы Әлдибек Досымбеков, аудандық мәслихат депутаттары, округ әкімдері, тиісті бөлім, мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Nur Otan» партиясын қайта жаңғыру шеңберінде Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмаларының орындалу барысын, сондай-ақ, «Сенім.Диалог. Болашаққа нық қадам «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» бағдарламасымен алда атқарылар жұмыстар мен міндеттерді талқылау аясында келген қонағымыз Арыстанғали Қадырұлы өз ойын білдірді.
- Құрметті партияластар!
Осы аталған бағдарлама аясында үлкен шаралар жасалынып жатыр. Алда үлкен сайлау келе жатыр. Осыған байланысты, бірнеше өзгерістер енгізілген болатын. Атап айтсақ, партиялық кадрлық резерв құрылады. Ол партиялық резерв ашық түрде өтеді және ішкі партиялық таңдау жасалады. Сайлаушылар сайлауға түсетін адам үшін емес, партия үшін дауыстарын беретін болады. Осы тұрғыда әрбір аудан, әрбір облыстың өз бағдарламалары жасалынады.
Келесі кезекте, сөз кезегі аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Орынхан Нұртаевқа берілді. Ол өз кезегінде атқарылып жатқан депутаттық жұмыстарды айта келе, облыс көлемінде жіберілетін өтініштердің уақытылы орындалмайтындығын жеткізді.
Жиын соңында, 1 наурыз – партия күніне орай, партия қатарына салтанатты түрде қабылдау және партия жақтастары мен белсенділері марапатталды. Жаңа партиялық билеттері аудандық инста-блогер Қасым Кенжехановқа, Б.Құндақбаева атындағы орта мектептің мұғалімі Аяжан Молдағалиға, Н.Алдабергенов атындағы орта мектептің мұғалімі Теміржан Термірханға, Қ.Жалайыри атындағы қазақ орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Барыс Жүрекке және Қ.Жапсарбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Азат Абишевқа берілді. Партия төрінде жылдар бойы еңбегі сіңген бірқатар азаматтар Алғыс хаттармен мадақталды. Олардың қатарында партия ардагері Елтай Жұмағұлов, Көксу политехникалық колледж әдіскері Ақмарал Нүсіпова, «Уыз Май Іndustry» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қойма меңгерушісі Есімғали Тұралықов және «Көксу қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қойма меңгерушісі Күміс Аяпбаевалар бар.
Қорытынды кезеңде, «Nur Otan» партиясы орталық аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Арыстанғали Сансызбаев аудан тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізіп, бірқатар мәселелердің шешімін шешуге уәде етті.