
Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған салтанатты шара өтті.
Мерекелік шара өткен ғасырда қазақ жеріне қоныс аударылған жүздеген этностарды өз бауырына басып, бір үзім нанын тең бөліскен қазақ халқының дархандығын, Алғыс айту күнінің мән-маңызын аша түсуге арналды.
Осынау мерекенің тарихи, саяси һәм тәрбиелік мәні тереңде жатқанын айтып, барша өңір тұрғындарын айтулы күнмен құттықтаған аудан әкімі Алмас Әділ жыл сайын көктем мезгілінің осындай игілікті мейраммен басталатынына қуанышты екенін жеткізді.
- Бүгінгі салтанатты бас қосу өте зор маңызға ие.Ең бастысы Ұлыстың ұлы күні саналатын әз наурыз мейрамының бастауында Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойымен Алғыс айту күні мерекесін мерекелеп отырғанымыз ұлттар достығының жарқын бейнесінің бір көрінісі. Бұл күн - Қазақстан халқы біздер үшін - сонау өткен қиын қыстау замандарда қазақ жеріне зорлықпен қоныс аударылған түрлі ұлт өкілдерінің басына түскен ауыртпашылықты бірге бөліскен қазақ ұлты мен өзге ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым - қатынаспен басталып, бауырлас туыстыққа айналған өнегелі өмірді бағалау мерекесі.Бүгін ортамызда ауданымызда бір үйдің баласындай өмір сүріп келе жатқан орыс, түрік, әзербайжан, кәріс, күрд, ұйғыр, татар тағы басқа да ұлт өкілі бауырларымыз отыр.
Бүгінгі мереке жайында ой қорытып айтсам, Алғыс айту күні қоғам бірігуінің, азаматтық татулықтың, қоғамдық келісімнің, қазақстандық бірегейлікпен бірліктің нығаюының, «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық патриоттық идея құндылықтарын және халықтық жалпы ұлттың игілігі ретінде Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің принциптерін дамыту болып табылады.Барлықтарыңызды бүгінгі Алғыс айту күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, - деді аудан басшысы өз сөзінде.
Жиында әзербайжан ұлтының өкілі Эмина Мамедова сөз сөйлеп, барша ұлт пен ұлыстардың атынан қазақ халқына алғысын білдірді.
Салтанатты шара мәдениет үйінің қызметкерлері ұйымдастырған концерттік бағдарламаға жалғасты Әсем әуезді шырқалған әндер көңіл қылын тербетіп, жайма-шуақ күйге бөледі.
Адамдардың ыстық пейілі мен жақсылығы өмірдің бағасын арттыра түседі. Сол себепті де бізді өмірге әкелуге себепші болған ата-анамызға, қуаныш пен қайғылы сәтте қасымыздан табылатын ағайын мен дос-жаранға, кейде ағайыннан да жақын болып кететін жақсы көршіге, бізге тілекші бауырларымызға әрқашан алғыс айтуымыз тиіс. Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Егер біреу өзінің бауырына: «Алла сені игілікпен жарылқасын», — деп айтқан сөзіне не берілетінін білсе, сөзсіз бір-біріне бұл сөзді өте көп айтар еді», — деген сөзі алғыс айтудың бағасын арттыра түседі.