
Ақ халатты абзал жанды қарындас,
Халқыңызбен болдыңыздар тағдырлас.
Алғы шепте сап түзеп бір қатарда,
Сақшы, əскермен іс атқардың қарбалас.
Орындап жүр адалдықпен міндетін,
Демалыссыз жүресіздер күн мен түн.
Шекараның əскері секілдісіз,
Енгізбеуге тырысып тəжі індетін.
Оңай емес еңбегі тілшілердің,
Жылы сөзбен күш берген емшілерім.
Халқына еңбек еткен бар ағайын,
Алғысыңды арқалап жүрші бəрің.
Отандастар саналы ойыңыз бар,
Сабырмен үйден шықпай қойыңыздар.
Шақырмаған қонақты шығарған соң,
Əлі көп біз тойлайтын тойымыз бар.
Сол күнге жету үшін шыдаңыздар,
Шыдамасақ келеді анық ызғар.
Басынан не өтпеген бұл қазағым,
Тілегім бəрін жеңіп шығыңыздар.
Саны аз бар қазағым жалғызымсың,
Алдағы ғой сен көретін бар қызығың.
Тəңірім оң көзіңмен бізге қарап,
Жасын ұзақ ете гөр ұл қызымның.
Сақтанғанды Алламыз сақтайды екен,
Сондықтан сақ болайық істен бөтен.
Игі істердің куәсі бола берсін,
Туған жер қасиетті ата мекен.
Дұрыс болар тереңіне бойласаң,
Қиын болар халқым отпен ойнасаң.
Үйден шықпай тыныш отыр сабырмен ,
Ұрпағыңның келешегін ойласаң.
Жаман дерт елімізден тездеп кетсін,
Бұл сынақ халқымыздан жеңіл өтсін .
Алаңсыз күнімізге Тəңіріміз,
Аман есен жетуді нəсіп етсін!!!
Бақтыбай Өрісбайұлы
Балпык би ауылы,
Көксу ауданы.