
«Карантин» деген сөз қазір елімізде ең көп қолданылып жатқаны шындық. Қорқыныш та, күдік те басым сәтте ата-бабаның дәстүрі мен салтына, әдет-ғұрпына да бір сәт көңіл аударған жөн шығар?! Ертеде ата-бабамыз қауіпті індеттерден қалай сақтанған? Алдын алу үшін не істеген? «Карантин» сөзі – италиян тілінің «quaranta» (куаранта) сөзінен шыққан көрінеді. Мағынасы – «қырық» дегенді білдіреді. Карантин уақыты да негізінен тап осы 40 күнге созылады екен. XIV ғасырда Еуропаны қауіпті оба дерті жайлағанда Венецияның билігі басты сауда портына ерекше ереже орнатыпты. Ол бойынша барлық шетелден келген сауда кемелері Венециядан 4 шақырым жерде орналасқан Лазаретто аралына жақын келіп тұруы тиіс болған. «Лазарет» сөзі де сол аралдың атауынан шықса керек-ті. Кемелер сол жерде 40 күн тұрған соң ғана оған дәрігерлер келіп арнайы тексеруден өткізген. Егер осы 40 күннің ішінде онда оба дертінің белгілері білінбесе, айлаққа кіріп тауарын түсіруге рұқсат берген. Міне, осылайша Венеция өз тұрғындарын қауіпті індеттен аман сақтаған көрінеді. Ал кемедегі біреу-міреуден ауру шыққаны анықталса, оны сауда жасауға мүмкіндік бермей кері қайтарған.
Шынтуайтына келгенде, осы бір аты жаман індет елімізге ендеп кіріп, бүгінгі күні дендеп барады. Бұл вирустың шарламаған жері же, елі де қалмады. Әлемде қаншама адам көз жұмды... Бәзбіреулер бұл індет қолдан жасалынған дейді, кім білер, бәлкім Алланың жіберген сынағы ма...
Қазақ халқы: «Үй іші ала болса, кереге басы толған бәле болады» дейді. Ынтымағы бекем елдің ырысы да мол болмақ. Әлемді алаңдатқан алапат індеттің алдын-алу мақсатында елімізде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастауымен бірқатар істер жасалынып жатқаны мәлім. Осының барлығы дерлік халықтың амандығы үшін жасалынып жатқан жағдай. Талай маманның білек сыбана, аянбай жұмыс істеп жатқаны бəрімізге белгілі. Әсіресе, ақ халатты абзал жандар өз бастарын қатерге тігіп, отбасы – ошақ қасын көрмей, жұмыстарына адалдықтарын дәлелдеуде.
Елімізде аты жаман вирус пайда болғалы бері көп нəрсе өзгерді. Барлық жерлер жабылып, оқушылар сабағын тоқтатты. Осыған орай оқушылар арасында қашықтықтан оқыту жүйесі де қолданыла бастады. Мұғалімдер жұмыстарын тоқтатпай, шəкірттерінің білімін шыңдау мақсатында үлкен еңбек етуде. Осындай жандардың еңбегі еленіп, мемлекеттен халық үшін төтенше жағдай кезінде қаржылай көмек те ұсынылды. Осы бастамалардың барлығына – ел Президентінің септігі тиіп-ақ жатыр.
Біз қазақ халқы тойлағанды, қыдырғанды ұнататын халықпыз. Бірақ, осындай сын уақытта әрбіріміз үйде отырып қана бұл індетті жеңе аламыз. Қазіргі таңда мына вирусқа сенбей, бей-жай қарап жүрген жандар да бар. Халық аңғалдығынан, білместіктен, қонақжай, дархандығынан опық жеп қалмаса екен деймін. Бұл вирусқа жәй жеңіл ауру деп қарасаңыз қателесесіз, бұл - індет.
Бір адам бірнеше күнде жалпақ жұртқа жұқтырып орны толмас қайғыға қалдыруы мүмкін. Одан сақтанудың жалғыз жолы үй араламай өз үйіңізде отыру. Бұл тез таралатын жұқпалы ауру. Есігі жабылмайтын, дастарханы жиылмайтын ауыл үшін жалпы қазақ үшін есігін іліп үйге ешкімді жолатпау мәдениетсіздік көрінгенімен қазір жағдай басқа. Шыдай тұрыңыздар. Бір-біріңізді дұрыс түсініңіздер.
Үкімет басындағылар болсын, әкімдіктер болсын барлығы дерлік еліміздің амандығы үшін жұмыс жасауда. Өз ауданымызды алып қарар болсақ, таң бозарып атқаннан әр жерді дизенфекциялап, адам аяғы басар әр орынды тазалауда. Төтенше жағдай басталғанда, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Бұл дегеніміз – үлкен абырой, мақтаныш!
Біз қазақ мың өліп, мың тірілген өр рухты халықпыз. Ешқашан басына келген сынақтарға мойымай жеңе білген ата-бабаларымыздың жолымен біз де бұл жағдайда сабырлы болуымыз керек. Ұрпақтарға дəстүр мен дінімізді дəріптеп, бірлігімізден ажырамай, сыйластығымыз жойылмаса - алынбайтын қамал жоқ. Бұл аты жаман індет елімізден бір жола жоғалып, бəріміз бұрынғы қалпымызша жақсы өмір сүруге Алла нəсіп етсін. Дəрігерлерге Алла күш қуат берсін. Қаншама дəрігерлер біз үшін жұмысын тоқтатпай, өз өмірлерінен өзгенің өміріне көбірек көңіл бөліп, бұл вируспен күресуде. Сондай абзал жандарға қанша алғыс айтсақ та аз.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!