
Қазақ тілі – қазақтың жаны. Қазақ жері – қазақтың тәні. Жерге түскен сызат – тәнге түскен сызат, тілге түскен сызат – жанға түскен сызат. Түркі атаулының қарашаңырағы – қазақ жері, түркі тілінің алтын бастауы – қазақ тілі. Ұлт болған жерде тіл, тіл болған жерде оның мәселесі де болады. Қазақ тілінің мәселесі өткен ғасырдың басынан бері қозғалып келеді. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған тіл мәселесін жаңа ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында түбегейлі шешуге мемлекет те мүдделі. Қоғамдық пікірлер мен көзқарастар айналымында әртүрлі сауалдар дүркін-дүркін туып, секін-секін сейіле бастады. Себебі іс қолға алынды. Ата заңымыздың 7-бабында:
«1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» деп көрсетілген. Халық арасында «Тіл» туралы Заң қабылданып, тіл саясатын мемлекеттік тілдің мүддесіне шешу, мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты белгілеу туралы әр алуан талаптар мен өтініштер түсті. Сондай-ақ «Қазақ тілінің болашағы бар ма?», «Қазақ тілі өлетін тіл ме?», «Қазақ тілі құруға айналды» деген секілді сұрақтар мен пікірлер туындады.
Тіл мәселесі көптеген жылдардан бері өзекті мәселеге айналып келе жатқаны рас. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Қазақ тілі – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі. Мемлекеттік тілді білмейінше мемлекеттік органдарда қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды.
Игі қадамдар болашаққа қазақ тілінің туы биіктен желбірейтініне кәміл сендірді. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді меңгеруге үкімет тарапынан толық мүмкіншілік жасалып отыр, сондықтан мемлекеттік тілді өмірде қолдану, оқып үйрену және дамыту өз қолымызда.
Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері, қазақ тілі өмір сүріп келеді. Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ және болашақтағы қазақ. Тілдің ғұмыры уақыт тәрізді мәңгілік. Тіл – халықтың мәңгілік халық болып қалуының айғағы. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Сондықтан да, өз ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу – қаны қазақ баласының бірден-бір міндеті деп ойлаймын.
Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Қазақстан азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жөнінде қамқорлық жасайды.
Осыған байланысты айтарымыз, жұртқа үйретуден бұрын өзіміз оны таза меңгеріп алайық. Өйткені, қазақ тілі біздің тіліміз, оны білмегеніміз масқарашылық емес пе? Ана тіліміздің мәртебесі қашан да биік болсын, ағайын!
Ардақ БАЙМҰҚАШЕВА,
Көксу аудандық сотының кеңсе меңгерушісі