АУДАН ТЫНЫСЫ

ПАЙҒАМБАР ЕМІ ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 20.05.2020
Оқылды: 585 Печать страницы
ПАЙҒАМБАР ЕМІ ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда бірінші кезекте ақ халатты абзал жандарға арқа сүйейміз. Шынтуайтына келгенде, батыс медицинасының миымызды улап алғаны соншалықты, дәрігердің жазып берген қорап-қорап дәрілерін алып, санамызда «бітті,жазылдым» деген ой қалыптастырамыз. Алайда, ауруды жіберген Алланың шипасын да беретініне сенетіндер де бар. Соңғы кездері Пайғамбар медицинасына, яғни қазіргі тілмен айтқанда хиджама – арам қан алдыру арқылы денсаулығын қалыпқа келтірген аз емес. Осы тұрғыда, медицинаның бұл түрі қаншалықты пайдалы, 99 аурудың емі арам қанда тұр ма?

https://baribar.kz/wp-content/uploads/2018/02/c7c1872c979d3d1b8a9452e3cfd4ec36.jpg

Хиджама – қан алдыру арқылы ағзаны түрлі аурулардан емдейтін емнің ежелден келе жатқан бір түрі. Бұл емнің негізінде ағзаны арам қаннан тазартып, соның арқасында қан айналым жүйесін қалыпқа келтіру жатыр. Қазіргі таңда адам ағзасының құрамы дәрі-дәрмектердегі химиялық заттарға тәуелді. Ағзаны тазарту үшін артық қан алдыру керек. Өйткені, хиджама процедурасы қан айналымын жақсартады. Аталмыш емнің пайдалылығын білу мақсатында Көксу ауданында жаңадан ашылған «Жан дауа» хиджама орталығының қалаушысы әрі қолы шипалы, осы уақытқа дейін талай жанға көмектескен Мұратхан Мағзаммен сұхбаттастық.

  • Мұратхан мырза, халыққа түсінікті тілде, «хиджаманың» қандай ауруларға сеп екенін түсіндіріп кетсеніз...
  • Хиджама — бұл ағзада тұрып қалған арам қаннан құтылудың тәсілі. Бұл ағзаға айтарлықтай пайда әкелетіні даусыз.

Арам қан деген не? Қан әрдайым қозғалыста болу керек. Көп жағдайда адам ағзасындағы қан толық айналымға түспей, тамырлар мен артериялар бойымен барлық қанның тек жартысы қозғалып жатады. Қанның қалған бөлігі резервте сақталып, қан кету, гипоксия, интенсивті жұмыс және т.б. сияқты жедел жағдайларға жұмсалады. Қозғалыссыз тұрған қан ескіре бастайды: өз қасиетін жоғалтады, ағзаға түскен зиян нәрселерді жинайды. Бұндай тұрып қалған қан кесірінен ағзадағы әр мүше өз жұмысын қажетті дәрежеде атқара алмайды. Қан алу әдісі Қазақстанда 2000 жылдары басталған. Ал Сирия, Мысыр, Сауд Арабиясы секілді мұсылман елдерінде хиджама өте жақсы дамыған. Тілімнің жасалу жерлеріне қарай хиджама үш түрге бөлінеді. Бірінші түрі – құрғақ хиджама, яғни ол қан шығарусыз жасалады. Бұл әдіс көп қолданылмайды. Екінші түрі – күре тамыр хиджамасы. Оны варикоз секілді сырқаттарды емдеуде қолданады. Соңғы түрі – тілдің астына жасалатын хиджама. Хиджаманың бұл түріне ішкі ағза мүшелерін, бас ауруларын емдеу кезінде жүгінеді. Қан алдырудың ешқандай кері әсері болмайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұның адам ағзасына пайдалы екенін айтып кеткен. Хиджаманы үлкен-кіші бәріне де сондай-ақ жүкті әйелдер және емізулі аналарға да қолдануға болады деген.

Мойынға жасалған хиджама бас ауруына, құлақ, тамақ, мұрын және тіс ауруларына, уланған жағдайда көмектеседі. Басқа жасалған хиджама – психикалық ауруларға (күйзеліс), тіс ауруына, әлсіздікке, бас сақинасына, көру және есту қабілетін жақсартуға, ми қабынуына пайдасын тигізеді. Сондай-ақ, тіс ауруын банканы иекке қою арқылы емдейді. Осы арқылы түрлі микробтар мен бактериялар жиналатын ағзаның ең лас аймағы – ауыз қуысы тазаланады. Табанда іріңді жазылмайтын жара болса, банканы аяқтың артқы бөлігіне қояды. Ішек аурулары, семіздік, қан айналым жүйесінің бұзылуы, бронх демікпесі жағдайында бөксеге жасалады.

 

  • Жалпы,бұл ем кезінде нені ескеру керек? Және, қай уақытта жасатқан абзал?
  • Хижаманы белгілі бір тәжирибесі бар мамандарға жасатқан жөн. Себебі, оның жасау жолдарын білмеген адам керісінше адам денсаулығына зиян келтіреді. Әсіресе, денеден бөлініп шыққан қан адамның ағзасына кетіп қалудан сақтану керек. Хиджама жасауда өзінің денеде арнайы белгілі нүктелері болады. Аурудың бетін қайтару үшін сол нүктелерді айқындау керек. Себебі, кез-келген нүктеден қан алу адамның денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Хиджаманы қай уақытта жасаған дұрыс десек, Алла елшісі пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Анас (Алла оған разы болсын!) жеткізген хадисінде: «Қан алғызу мен емделуге ең жақсы уақыт – ол айдың 17, 19, 21-ші күндері»,- делінеді. Сонымен қатар, Ибн Омардың (Алла оған разы болсын!): «Қан алуды ең дұрысы аш қарынға жасау керек. Хиджама есте сақтау қабілетін жақсартады, сана-сезімді айқындайды. Оны жасар алдында Алланың есімін еске алыңдар. Оны бейсенбі, жұма, сенбі және жексенбі күндері жасатпаңдар, дүйсенбі, сейсенбі күндері қолданыңдар»,- делінеді.

 

  • Сіздердің орталықта тек хиджама бойынша ғана ем жасайсыздар ма?
  • Мен өзім 7 жыл осы аудандық ауруханда жұмыс атқардым. Яғни, медицинаның қыр-сырын толық білемін десем де болады. Біздің орталықтың ашылғанына небәрі екі айдың жүзі болды. Қан алдырумен қатар, құрғақ ине қою және нүктелі массаж түрі бар.

Нүктелі массаж – өкпедегі зат алмасуын үдетеді, тыныс алу үшін оның терңдігін, жиілігін, өкпенің қимылын, тіпті, кеуде қуысының дем алуға дұрыс қатынасуын реттеп, бір жүйеге түсіруге үлкен көмек көрсетеді. Адам денесіндегі зат алмасуға әсер етеді. Массаждың емдеу курсы 7-10 күн. Арасына 1-2 ай үзіліс жасап, қайта қабылдауға болады.

Ал, инемен емдеу дегеніміз – Қытай тарихынан бері жалғасып келе жатқан емнің түрі.Бұл әдіспен 400-ден астам дертті емдеуге болады. Адам денесінде 14 нүкте арнасы бар. Онда 362 нүкте болады. Инемен емдеу түрлі биологиялық және физиологиялық жағдайды өзгертуге қабілетті. Бұл әдіс қан айналымын жақсартып, ісік, қабынуларды қайтарады.

Біздің ата-бабалар да бұл емді қолданып, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр.

Ата-баба ұстанған ем түрінен халық ажырамайды. Қай уақытта да жалғасын таба бермек. Сондықтан дәстүрлі медицина мен халықтық емді қатар пайдалана отырып, халық денсаулығын жақсартуға күш салуымыз қажет. Ашылғандарына көп болмаса да, Мұратхан мырзаның өз тұтынушылары бар. Біз тек өз тарапымыздан халықтың разылығына бөленіп жүре берініз дейміз. Жұмысыныз жанданып, қолыңыз дерт көрмесін!

 

сұхбаттасқан: Диляра ҚҰРМАНЖАНҚЫЗЫ.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.