АУДАН ТЫНЫСЫ

АУДАНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 05.06.2020
Оқылды: 289 Печать страницы
АУДАНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

Ауданымыз құрылыс қарқыны бойынша облыста алдыңғы қатарларда тұр.  Аудан  орталығын айтпағанда, барлық ауылдарда жаңа нысандар бой көтеріп, ел игілігіне берілуде. «Жас келсе, іске»  деп бекер айтылмаса керек.  Жас болса да өте талапшыл басшы, жан-жақты, алдына мақсат қоя білген аудан әкімі Алмас Әділ келгелі ауданда бірталай істің басы қайырылды.  Оқтаудай түзу көшелер, жарқыраған шамдар,  жайнаған орталық, әсем ғимараттар, көпқабатты үйлер,  жақсы  істерді   тізбелеп жалғастыра берсек     қуаныштан  басың  айналып, кеудеңді  қуаныш сезімі  билейді.   Бір сөзбен айтқанда аудан тамырына қан жүгірді.  Биыл да Көксу ауданында жұмыспен қамтудың жол картасы аясында ірі  инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Аптаның басын аудан әкімі бірнеше ауылдардағы  нысандардағы жұмыс қарқынын тексеруден бастады.

Аудан әкімі мұқият тексеруін шағын ауыл Айнабұлақтан бастады.  Биыл теміржолшылар бекетіндегі «Түрксіб-Сібір»  теміржолының алтын қазығы қағылып, түйіскеніне 90 жыл. Мерейлі мереке. Ауыл халқы бір жақсылықтың боларын білген едік дейді.  Таяу уақытта тозығы жетіп, әдбен ескірген емханаларының орнына  су жаңа фельшерлі-акушерлі пункт бой көтереді. Әкім кездесуінде жиі көтерілетін мәселелердің бірі осы болатын. Биылдан қалдырмаймын деп есепті кездесуде сөз берген аудан басшысы құрылысшыларға құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейту қажет деді.  Сонымен қатар ауыл әкімі Мәулен Бәзіловке  сапасын мұқият қадағалап, нысандарды тез пайдалануға беру маңызды екенін айтты. Мердігер компанияның айтуынша 10-ға жуық жергілікті  ауыл азаматтары жұмыспен қамтылған. Құрылыс жұмыстарының ұзақтығы 3 ай.   Еш кедергі жоқ. Қажет болған жағдайда қосымша техника мен құрылысшыларды жұмылдыратын боламыз деп отыр. Ауылдағы жақсы жаңалық бұл ғана емес.   Орталық Рамазанов көшесі мен Мәдениет үйі ағымды жөндеуден өтпек. Бас-аяғы 1 айда су жаңа асфальт төселіп, Мәдениет үйі танымастай өзгеретін болады.  Көршілес жатқан Қызылтоған ауылында болса биылғы оқу жылында 120 орынға арналған жап-жаңа білім нысаны есіктерін оқушыларға айқара ашатын болады. Жұмысы аяқталуға жақын нысанда әкім сынына ілінген олқылақтар болды. Сыртқы қоршауы мен жылу жүйесін қайта қарап, әкім қойған талапқа сай келтіруді тапсырды.  Аудан басшысы ғимаратты толық аралап, кемшіліктерді жақын арада жоюды, тағы келіп тексеріп қарайтынын айтты.
Келесі болып тіршілігі қайнаған, құрылыс жұмыстары басталып ауыл азаматтары жұмысқа тұрып нәпақаларын тауып білек сыбана кірескен, Алғабас ауылындағы  жұмыстарды тексерді.  Ауылда орта мектеп 1989 жылы салынған. 420 орынға лайықталған.  Мектеп әкімшілігінің айтуынша  соңғы рет 2009 жылы ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілген.  Облыстық бюджеттен 83 млн теңге бөлініп, ағымды жөндеу жұмыстары басталды.  Аудан басшысы жөндеу жұмыстарына аяқталғаннан кейін, қадағалау жүргізіп, барлығын өзі тексеріп қабылдап алатынын айтты.  Одан бөлек ауылда дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр.  Облыстық бюджеттен 112 млн теңге бөлінген.
Бұдан бөлек ауданда ауыл арасы жолдар, ішкі жолдар, көшелер, саябақтар мен скверлерде ағымды    жөндеуден,  Ақшатоған ауылында көшеге жарық шамдары және 1990 жылы бой көтергелі мүлдем жөндеу көрмеген білім нысаны  күрделі жөндеуден өтетін болады.  Аталған мектептің сыйымдылығы 464 орын. 594 млн теңге бөлінген.  Нысанның аяқталу мерзімі 31 қазан.    Жұмыс жүргізіліп жатқан нысандарында болған аудан басшысы бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыс жағдайын саралай отырып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар бойынша жауапты мердігер компания мамандарына құрылыстың сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімде аяқталуын тапсырды.
«Президент тапсырмасы бойынша, Көксу ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020-21» инфрақұрылымдық жобасын жүзеге асыру басталды. Жоба аясында  400 ге жуық адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде жұмыспен қамту орталығы келесі алгоритм бойынша жұмыс істейді: орталық қажетті білікті мамандарды іріктейді және оларды жұмыс берушілермен сұқбатқа жібереді.  «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы  аясында дәнекерлеуші, жүк, кран көліктері жүргізушілері мамандықтары сұранысқа ие. Жалақы мөлшері – 85 мың теңге және одан да жоғары. Бағдарлама арқылы жұмысқа орналасу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет, орталықта осы мәселе бойынша жедел штаб бар. Қызмет көрсету штабы Измаилов көшесі 10А мекен жайында орналасқан. «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік инфрақұрылым сондай-ақ елді-мекендерді абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру көзделген.
Қазіргі уақытта «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 26 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде әлеуметтік салаға – Зылиха Тамшыбай ауылындағы Мәдениет үйін, Алғабас ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеу,  елді мекендердегі көшелерге ағымдағы жөндеу, сондай-ақ мектеп аулаларын аббатандыру мен спорт алаңдарындарын жайластыру,  саябақтар мен скверлерді абаттандыру бар»,-деді әкімдік қызметкерлері.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.