
Ауданымызда жуық арада «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жасалуы тиіс жұмыстар аз емес. Осы мақсатта аудандық мәслихат депутаттарынан құралған қоғамдық бақылау жұмысшы тобы бірқатар нысандарында болып, «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың сапасын бақылап, ауданның дамуына оң серпін беретін келелі істерге тексеріс жасап, жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды аралады.
Таяу жылдардан бері ауданның барлық саласы қарқынды дамып, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп келеді. Жас әкімнің бүгінгі қарқынды жұмысы көптің көңілінен шығып, халықтың алғысына бөленіп те жүр.
Естеріңізге салсақ, 2020 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бұйрығымен «2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бекітілді. Көксу ауданында аталған мемлекеттік бағдарлама аясында 2 миллиард 565 мың теңгені құрайтын 26-жоба іске асады. Оның 23-і аудан арқылы, қалған 3 жоба облыстық басқармалар тарапынан жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда, көп объектілердің жұмыстары басталып кеткен. Осы орайда бақылаушы топтың төрағасы Ғалым Байжұманов, аудандық мәслихат хатшысы Әлдибек Досымбеков бастаған халық қалаулылары аудан орталығындағы «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатқан орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Ширек ғасыр бұрын жүргізілген ауыз су жүйелері тек ағымды жөндеуден өтіп жүрген. Биыл қазынадан толығымен жөндеуге қаражат бөлініп, жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жұмыспен қамту мәселесі халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді. Көксу ауданы әкімдігі халықты нәтижелі жұмыспен қамтамасыз ету шараларын күшейтті.
- 36 шақырым болатын құбырларды ауыстыру жұмыстарына қызметкерлердің кемінде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа алынады. Жұмыссыз жастар басым санат болып табылады,-деді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Облыстағы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың қатарына кірген, күн өткен сайын қуаты артып, беделі көтеріліп келе жатқан өрелі өлке, өскен өңірде су құбырынан өзге денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт сияқты өмірлік маңызы бар салаларға биыл қаржыландыру жасалынып, кей объектілер тіпті күрделі жөндеуден өтпек. Ауылдарда медігер компаниялар жұмыстарын бастап, еңбек көркін қыздырып жатыр.
Бар байлықтың бастауы - тұрғындардың денсаулығы екендігі аян. Бұл ретте бірқатар оңды шаралар жүзеге асырылуда. Бүгінде Түрксіб пен Сібірді түйістірген ауылда фельшерлі-амбулаторияның құрылыс жұмыстарын бастаған «Golden City DS» компания өкілдері халық қалаулыларына жұмыс барысының қалай болатынын баяндап, мерзімнен кешікпей, 3 ай уақыт ішінде аяқтауға тырысатынын айтты. Білікті дәрігер Бақытгүл Жандарбекова басшылық жасайтын Алғабас ауылдық амбулаториясының жұмыстарына облыс бюджетінен 121 млн теңге қаражат қарастырылған.
Бағдарлама аясында іске асып жатқан жұмыстармен жете танысқан депутаттар бірінші кезекте ауылдағы жұмыссыз азаматтардың жұмыспен қамтамасыз етілуін және құрылыстың сапалы, бекітілген мерзімде жүргізілуін жауапты өкілдерге тапсырды. Сонымен қатар 5 білім нысанында аталған бағдарлама аясында жұмыстар жүргізілетін болады. Олардың ішінде Жамбыл орта мектебін, З.Тамшыбай ауылындағы спорт алаңын аббатандыру, Ақын Қабан Жырау атындағы орта мектептің спорт алаңын ағымды жөндеуден өткізу және 10 жылдық Қазақстан ауылындағы шағын футбол, волейбол алаңын жайластыру мен Алғабас ауылындағы 1989 жылы салынған орта мектепті орташа жөндеуден өткізу бар. Мектепте 2009 жылы ішінара жөндеу жасалған. Аталған нысан 420 орынға лайықталып салынған.
Жаңарту жолындағы жұмыстар
Биылғы жылғы ең маңызды шаралардың бірі – Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы. Аудан әкімі жыл басында халыққа есеп беру жиынында ауылдағы ағайын ұлы ақын есімімен аталатын көшелерге жөндеу сұрады. Халықтың әр талап тілегін ескерусіз қалдырмайтын аудан басшысы биыл осы бағдарлама аясында Көксу бекетінде, Мұқыры ауылында, Жамбыл ауылында, Мұсабек ауылдарында ақынның есімімен аталатын Абай көшелерінің тас жолдардын жөндеуге қаражат бөліп отыр. Мұнан өзге Жарлыөзек ауылындағы Идигов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолағы жаңартылып, ретке келтіріледі.
- Мәслихат депутаттары ауданның барлық елді мекенін аралап, жергілікті халықтың ұсыныс тілектерін тыңдап, әр нысанның жай-күйімен танысып, депутаттық бақылау жасауда. Әзірге сапаға қатысты сын жоқ. Дегенмен нысандардың барлығы депутаттық бақылауда болады,-деді аудандық мәслихат хатшысы Әлдибек Рғайбекұлы.
Айгүл АЙМАНБЕКОВА