
«Қуаныш бөліссе, көбейеді» деген бар. Осы ұстаныммен біз де Көксу ауданында алдағы уақытта атқарылуы межеленген толымды тірліктерді ұсынуды жөн санадық. Ағайынның аты озғаннан, ауылдастың тайы озғанын тілейтін дарқан пейілді қазақ еліміздің қай түкпірінде орын алған жағымды жаңалықты жат көрмесі белгілі.
Газетіміздің өткен санында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы аудан көлемінде жасалынып жатқан жұмыстарды көрсеткен болатынбыз. Мұның баршасы аудан әкімі Алмас Әділден бастап қажетті жобаларды дер кезінде дайындаған білікті қызметкерлердің, ел азаматтарының тынымсыз еңбегі, жұдырықша жұмылған ауызбірліктің, жүйелі жұмыстардың жемісі екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Жолдың жайын жүрген біледі. Әлеуеті дамыған елдердің «байығың келсе, жол сал» деген ұстанымы да бекер емес. Америка Құрама Штатын дамытқан көлік қатынасы жолы екені тарихтан мәлім. Бұл әлемдік экономикадағы тәжірибе. Осы бағытта Көксу ауданында өткен жылы көптеген жұмыстар жүзеге асқан еді. Биыл бұл жұмыстар жалғасын табады. Әсіресе, тас жолға қолдары жетпей отырған ауыл тұрғындарын сүйіншілеу мақсатында, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мади Карбаевпен әңгіме – дүкен құрған болатынбыз. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек: «2020 жылы ауданның ішкі жолдарын жөндеуге барлығы 322 664 мың теңге бөлініпті, оның ішінде Балпық би ауылының Амангелді көшесінің жолын күрделі жөндеуге – 287 357,0 мың теңге, Қызылтоған ауылындағы Ләбілданов көшесіне орташа жөндеу жұмысын ұйымдастыруға 35 307,0 мың теңге қарастырылған».
Мади Мырзатайұлы: «Қазіргі таңда Амангелді көшесінің жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, жұмыстарды 2020 жылдың 01 шілде айында аяқтау жоспарлануда.
Қосымша республикалық бюджеттен «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында ауданның ішкі жолдарына ағымды және орташа жөндеу жұмыстарына 836 122,0 мың теңге қарастырылып отыр. Бұл жобаға Айнабұлақ бекетіндегі Рамазанов көшесі, Алғабас ауылдық округіндегі Қабдолда, Ысқақ көшелері, Ақтекше ауылы Жандосов, Көкбастау ауылының Жамбыл көшелері, Лабасы ауылдық округінің Мәмбет ауылында Абдрахманов, Жоламанов, Мұратбаев,Бақтыбай, Баулықов, Нартбай, Жамбыл, Мамытаев, Еңбекшіқазақ ауылында Бабашев, Алтынсарин, Омашбеков, Сақмолданов, Жамбыл ауылында Шаухаров, Есбосынов, Абай, Ауғанбаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жасалынады. Мұсабек, Жарлыөзек, Мұқаншы мен Мұқыры ауылдық округтерінің кейбір көшелері де жөндеуден өтеді.
Республикалық бюджеттен перспективалық ауылдарды дамытуға бағытталған «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Көксу ауданы Балпық би ауылының 2 көшесіне және Ақшатоған ауылының 8 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарына162 046,0 мың теңге жоспарланып тұр. Атап айтсақ, Балпық би аукылындағы Абай көшесі, Азизбеков көшесі, Ақшатоған ауылындағы Қайыспаев көшесі, Белорусская көшесі, Андызбаев көшесі, Ерденбеков көшесі, Калинина көшесі, Мичурина көшесі, Молодежная көшесі, Тимирязева көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарлары нақтыланған».
Ауданда жүзеге асуы межеленген мұнан өзге де біршама жоспарлар бар. Біз негізгі деген жұмысты ғана парақ бетіне түсірдік. Ауданымыздағы атқарылып жатқан оңды істер мен жобаларды егжей-тегжейлі жазуға бір мақала аздық қылары хақ. Оқырман қауым көп болса, біздің жазарымыз да таусылмақ емес...
Диляра ЮСУПОВА.