АУДАН ТЫНЫСЫ

ДАРА ТҰЛҒА

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 12.06.2020
Оқылды: 261 Печать страницы
ДАРА ТҰЛҒА

Ұстаз! Осы бір сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші?! Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде жаралған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Бүгінде мен, өзінің өмір жолын, қызметтегі қадамын осынау бір жауапты мамандықтан бастаған Қаблисанов Маман Қаманұлы жайында қалам тербемекпін. Ол үнемі ізденіске толы өмір жолында қарапайым мұғалімдіктен басшылыққа дейінгі баспалдақтардан өтті. Маман Қаманұлы, 1957 жылы 3 мамыр күні Алматы облысы, Көксу ауданы, Мұқыры ауылында дүниеге келген. 1964-1974 жылдары Мұқыры ауылындағы орта мектепте оқып, білім алды. 1974-1979 жылдары Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінде оқып, «Тарих және қоғамтану» пәндерінің мұғалімі, тарихшы мамандығы бойынша бітіріп шықты.

    Маман Қаманұлы 40 жылдық еңбек өтілінде 38 жыл  мемлекеттік қызметте еңбек етті. Осы жылдар ішінде  өзін білікті, бастамашыл,  күрделі мәселелер  бойынша шешім қабылдауда жауапкершілік ала білетін жұмыскер ретінде көрсете білді.  Нақтырақ айтар болсақ, еңбек жолын 1980 жылы Алғабас орта мектебінің мұғалімі болып бастайды. Кейіннен, түрлі кәсіподақ пен партиялар комитетінің хатшысы, Жарлыөзек, Лабасы, және Қызыларық ауылдарының әкімі, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы жөніндегі бөлім бастығы, сондай-ақ, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, кадр және мемлекеттік құқықтық бөлімінің бастығы, Балпық кенттік округі әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің бастығы, аудандық мәслихат аппаратының басшысы сынды түрлі басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Ал, 2016 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін аудандық «Нұрлы Көксу» газетінің директоры болып тағайындалып, осы бір қара шаңырақта төрт жыл үздіксіз еңбек етті.

    Көп жылғы табысты еңбегі және ел дамуына қосқан қомақты үлесі үшін бірнеше рет құрмет грамоталарымен марапатталды. Атап айтсақ, ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл» атты мерекелік медальдарын иеленген.

    Адам бойындағы асыл қасиеттер мінезден туындайды десек, оған ана сүтімен бойына біткен адамгершілігі, ақиқат пен әділеттілікті жоғары қоятындығы, бауырмал жанашырлығы, халық мүддесіне қызмет етуге құлшынысы абыройын асқақтатып, бойындағы азаматтығы мен парсаттылығы жетістіктерге жетелеп, табыстарға кенелтті.

    «Асыл адам айнымас» деп дана Абай айтқандай, Маман Қаманұлының асып-тасып кеуде керген, менменсіген кезі болған жоқ. Сөзі мен ісі бір арнаға тоғысып, қарапайымдылығы мен ақкөңіл мінезі құбылған емес. Шаңырақтағы жарасымды тірлігімен, дос-жаранға деген сыйластығымен жастарға үлгі болды.  Әріптестері, замандас-құрдас достары, жерлестері және ауыл азаматтары Маман Қаманұлының еңбексүйгіштігі,  адамдармен  қарым-қатынаста сыпайылығы мен парасаттылығы, зор абыройға ие қызметкерлердің бірі екендігін жақсы біледі. Ағаның жастарға көрсеткен қамқорлығы, берген тәлім-тәрбиесі тіптен бөлек әңгіме. Оған дәлел ретінде Маман ағаның шәкірті болған аудан әкімінің орынбасары Ұлан Әлдибекұлын айтпасқа болмас. Сонымен қатар, редакцияда қызмет еткен жылдары талай жас буынды қанатының астына алып, бойындағы бар білімін аямай мықты  маман етіп шығарды. Солардың бірі газетіміздің қазіргі директоры Айгүл Жетпісбайқызы, тілші қызметін атқарып жүрген Әлия Иманжанова және Диляра Юсупова.

    Маман Қаманұлы тек абыройлы қызметкер, білікті басшы ғана емес адал жар және қамқор әке. Сүйікті жары Света ? екеуі екі ұл және бір қыздың үлгілі ата-анасы. Сонымен қатар тәп-тәтті төрт немеренің ата-әжесі. Иә, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді атам қазақ. Жақсы адам жайлы қашанда жалықпастан жырлай беруге болады. Маман Қаманұлы осы бір әдемі сөздерге әрдайым лайықты. Сондықтан, баршамызға үлгі болған ел ағасына тек жақсылық пен өмірдің жарқын көріністерін тілейміз. Бейнетіңіздің зейнетін көріп, туған-туыс пен бала-шағаңыздың ортасында бақытты да баянды ғұмыр кешіңіз. Дара жолыңыз, дана жолыңыз әрқашанда күннің жарық сәулесіндей жарқырап, нұрлана берсін. Сізге, зор денсаулық, қажымас қайрат, талмайтын қанат, баянды бақыт тілейміз.

Әлия ИМАНЖАНОВА.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.