
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ұлт жазуының реформаторы Ахмет Байтұрсынов айтқан осы айқындама ақпараттық қоғам қанша жерден цифрланғанымен құндылығын жойған жоқ. Өйткені, газет – жұртшылықты жағымды жаңалықтармен сүйіншілеп, руханиятқа бойлататын, билік пен халық арасын байланыстыратын саяси, қажетті құрал. Ал қажеттіліктен ешкім де бас тартпайтыны анық.
Ескі жылдың есіркеуін, жаңа жылдың жарылқауын тілеп, 2020 жылды жұрт болып қарсы алдық. Соңғы екі жыл ауданымыз үшін тарихи жыл болмақ. Себебі, өткен жылы бабамыз Балпық әулиенің туғанына 325 жыл толса, биыл жаңалық жаршысы болып, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп ауданымыздың үнжариясы болған «Нұрлы Көксу» газетіне 75 жыл толмақ. Айтулы мерейтой газет ұжымы үшін айрықша қуанарлық жәйт. Осы тұста, аудандық басылымның тарихына бойлап, шежіресіне қысқаша тоқталуды жөн санадық.
Ауданымыздың тыныс тіршілігін аудан тұрғындарына жеткізіп, насихаттап, дәріптеп жүрген төл тума «Нұрлы Көксу» газетінің ауданымыздың қоғамдық өмірінде өзіндік алар орны өзгеше.
Газеттің алғашқы саны 1945 жылдың маусым айынан бастап шыға бастаған. Ең алғаш «Кировшы» - «Кировец», «Еңбек туы» - «Знамя труда», «Шаған шұғыласы» - «Шаганские зори», «Көксу таңы» деген атаумен оқырмандарға жол тартқан.
2010 жылдан бастап «Нұрлы Көксу» деген атпен өзгертіліп жарыққа шықты. Атауы өзгергенімен аудандық газеттің тарихын жалғастырушы мұрагер басылымда таңдаулы тұлғалар еңбек етті. Жақсылықтың жаршысы болған азаматтардың есімдері аудан тарихында жазылып, ел есінде қалды.
Атап айтсақ: Рахметтолла Толқымбеков, Шаяхмет Айдарханов, Ләтипа Құрманаева, Рымтай Дәулетов, Сағындық Тәнекенов, Жамау Бұхарбаев, Қосай Абраимов, Сайлаубай Бәзілұлы, Сұлтанбек Ахметов, Ақбөпе Жиенқұлова басшылық қызмет атқарды. Ал, 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап осы уақытқа дейін Маман Қаблисанов редакция директоры қызметін атқарса, қазіргі таңда газеттің жаңа басшысы Айгүл Айманбекова.
Ал, Тұрсын Әбдуалиев, Әли Ысқабай, Әміре Әрін, Наурыз Қылышбаев, Атсалим Идигов, Кенжебек Бектемісов, Нұрила Бектемирова, Зайда Елғондинова, Амангелді Ыбраев, Әсет Әбдіқазырқызы, Клара Сыздыққызы, Нұртай Қыдырәлі, Ілияс Садықов, Қарагөз Садықова және басқа да қаламгерлер ауданымыздың жетістігін, халыққа насихаттауда өздерінің зор үлестерін қосуда.
Газетіміз Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 18 бабының, 7 тармақшасына сәйкес жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып, бүгінгі күні «Нұрлы Көксу» атауымен шығып оқырмандарына жол тартуда.
Аптасына бір рет екі тілде 8 бетпен шығатын газетіміздің 3500-ден астам тиражы бар. Ал сол газет тілшілері әр түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Құрамында сегіз адам жұмыс жасап отырған жергілікті басылым, аудан халқына рухани азық беріп, ақпараттармен, жаңалықтармен қамтамасыз етілуде.
Жарты ғасыр бойы аудандық «Нұрлы Көксу» газетінің ұжымы ауданымыздың бүкіл тыныс-тіршілігін қадағалап, әлеуметтік-экономикалық дамуын, мәдени - рухани өміріндегі айтулы оқиғаларды жедел түрде таратуға қарқынды атсалысуда. Сонау 1945 жылдан жұмысын бастаған басылым осынау тәуелсіздік жылдары ішінде қызығы мен қиындығы мол үлкен тәжірибе мектебінен өтті. Газеттің ұстаханасынан қаламы қарымды талай азаматтар тәрбиеленіп шықты. Қазіргі таңда «Нұрлы Көксу» газеті өзіндік үні, айқын бағыт-бағдары және мыңдаған оқырманы бар басылымға айналып отыр.
Күні бүгін жас журналист Айгүл Жетпісбайқызы жетекшілік ететін газет ұжымы жаңа толқын жас мамандармен толықты. Нақтырақ айтсақ, аудандық басылымның сапалы әрі мазмұнды шығуына бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан газетіміздің талантты тілшілері Диляра Юсупова мен Әлия Иманжанова, ұзақ жылдар бойы газеттің гүлденуіне өзінің сүбелі үлесін қосып, корректор қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан Гүлнар Оңғарбекова, фототілші Әділет Сыдықжанов, дизайнер Сырым Тұрдыбеков, Әлия Жакешова атсалысып келеді.
Талапқа сай дәстүр сабақтастығы, жаңашылдық өз жалғасын табуда. Қазіргі таңда кез-келген өңір үшін ақпараттық жүйенің бәсекеге қабілеттілігі айрықша басымдық алып, газеттің баспа нұсқасымен бірге электрондық жүйесін қатар дамыту талабы қойылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда аудандық басылымның шығармашылық ұжымы ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, заман талабына сай қызмет етіп келеді.
Бүгінде «Нұрлы Көксу» газетінің редакторы Айгүл Айманбекова басылымның 75 жыл ішінде тек баспасөз қызметін атқарып қана қоймай, талай облыстық және республикалық деңгейдегі журналистерді де түлетіп ұшырғанын мақтанышпен айтады. Осы уақыт ішінде халық пен биліктің арасына алтын көпір бола білген аудандық «Нұрлы Көксу» газеті тарихтан ойып тұрып орын алды, - дейді редактор.
Ауданның тыныс-тіршілігін ақпараттандыру бағытында жемісті еңбек етіп жатқан 75 жылдық тарихы бар басылым алдағы уақытта да өз оқырмандарына сапалы мақалалар ұсыну үшін аянбай еңбек ететін болады.
Мереке күні газеттің ұжымына және барша журналистер қауымына шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілейміз. Қазақстанның өркендеуі жолындағы жұмыстарыңыз жемісті болып, қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер.