АУДАН ТЫНЫСЫ

АУДАН ҮНЖАРИЯСЫНА БИЫЛ – 75 ЖЫЛ

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 25.06.2020
Оқылды: 214 Печать страницы
АУДАН ҮНЖАРИЯСЫНА БИЫЛ – 75 ЖЫЛ

Құрметті «Нұрлы Көксу» газетінің ұжымы!

Сіздерді мерейлі мерекелеріңіз — аудандық  «Нұрлы Көксу» газетінің жарыққа шыққанына 75 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!

Ауданның саяси айнасы әрі рухани шамшырағы «Нұрлы Көксу» газетінің алғашқы нөмірінің жарық көргендігіне биыл 75 жыл толып отыр. Бұл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, оның оқырмандары үшін мерейлі мереке іспеттес. Өйткені осы жылдарда жергілікті ел-жұрттың шежірелі жылнамасын, тағылымды тарихын, жалпы тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттап келеді. Атап айтқанда, соғыстан кейінгі жылдарды, халық шаруашылығын қалпына келтіруді, тың игеруді және тағы басқа да толып жатқан елімізді елең еткізген елеулі жайттарды жариялап отырды. Әсіресе еліміз егемендік алғаннан кейінгі кезеңде де ел тынысы мен тіршілігін таспалап отырды. Қысқасы, «Нұрлы Көксу» газетінің оқырмандар сүйіспеншілігіне бөленіп, олармен бірге қуана білгендігін, кейде қабырғасы қайысқандығын архивтерде сақталған төл газетіміздің сарғыш беттерінен аңғару қиын емес. Бұл деген газет тарихы жергілікті халық тарихымен тамырлас, сабақтас, өзектес екендігін тайға таңба басқандай дәйектейді. Редакциясының шығармашылық тобы ұзақ жылдар бойы үлкен-кіші демей, бір жағадан бас шығарып, ұйымшылдықпен еңбек етіп келеді.  Көксу өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуға «Нұрлы Көксу» газеті зор еңбек сіңірді.  Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосты.  Газет ұжымы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғап, олардың әлеуметтік мәселелерін  көтеріп келеді.  Қазіргі таңда газет тәуелсіздік аясында өркендеген  Алматы облысының  іргелі өңірі Көксу ауданының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазып келеді. Осындай аймақтың кешегісі мен бүгінін жалпақ жұртқа жария ету — Сіздердің мәртебелі міндеттеріңіз. Сіздердің оны үлкен жауапкершілікпен атқарып келе жатқандарыңызға кәміл сенемін.
Ауданның өндіріс пен мал шаруашылығында, денсаулық пен білім беру саласында, спорт пен мәдениетте қол жеткізген табыстарын оқырмандар «Нұрлы Көксу» газетінің бетінен оқып келеді. Газет «жаман менен жақсыны айыруына» сеп боларлық дос, ақылшы, көп нәрсеге көзін ашатын ұстаз, руханият пен мәдениетке жетелейтін көмекші, қазақтың топтан озғандарының босалқы бапкері. Бүгінде шығармашылық ұжымда сегіз қырлы, бір сырлы рухани жаңартушылардың тобы жасақталған десек артық айтқандық емес. Бәлкім содан болар, аудан журналистері тәуелсіз мемлекетімізде төтенше жағдай жарияланса да, карантин мәселесі ұзарса да өз жұмыстарынан бір күн қалып қойған емес. Дәл осылай тынымсыз еңбек етудің нәтижесінде ауданымыздың тыныс-тіршілігі оқырмандар назарынан ешуақытта тыс қалмайды.
 Құрметті редакция ұжымы және мыңдаған оқырмандары сіздерді мерейлі мерекемен тағы бір мәрте құттықтай отырып,  зор денсаулық, ырыс-береке, мол байлық тілеймін. Тәуелсіз еліміздің жарқын келешегі үшін және ауданымыздың өсіп-өркендеуі үшін атқарып келе жатқан  қажырлы қызметтеріңіз қашан да табысты, отбасыларыңыз аман болсын!  Ұлтымыздың бағын асырар БАҚ болыңыздар.
Алмас ӘДІЛ,
аудан әкімі.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.