
Қоғам әрқашан тәртіпке негізделіп, арқа сүйеп қалыптасып, тіршілік етеді. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, яғни, келешегі болмайды. Мұны адамдар ежелден-ақ жақсы түсінген. Сондықтан да қоғамда тәртіп орнатудың жолдарын қарастырған. Дегенмен, керісінше қоғамдық тәртіпті бұзуға бейім азаматтар да аз болмаған.
Осыдан келіп құқық бұзушылық орын ала бастады. Құқық бұзушылық – қоғам өміріне тән дерт. Адам баласы өмір сүрген ортада ол да әрқашан орын алады. Бұл объективтік құбылыс.
Құқық бұзушылық заңды, оның қағидаларын құқықтық нормалар жүктеген міндеттерді бұзу, тыйым салынған әрекеттерді жасау. Ол адамдардың іс-әрекеті, қылығы, мінезі немесе әрекетсіздігімен сипатталады.
Аптаның алғашқы күндерінен бастап елімізде және ауданымызда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың асқынуына байланысты аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері, БАҚ өкілдері және СЭС - тен құралған мобильдік топтың мүшелері бірлесіп рейд жүргізді. Жалпы тексеріс барысында 8 нысан қамтылды. Нәтижесінде 5 санитарлық талаптарды бұзу фактілері анықталды. Атап айтсақ, «Мұрат» сауда үйінен 2, «Супер-Арзан» дүкенінен 1, «Алтын-Алма» сауда үйінен 2 тәртіп бұзушылық анықталды. Мәселен, сатушылар бетпердесіз және бір реттік қолданылатын қолғапсыз қызмет көрсеткен. Сонымен қатар, мобильді топ төтенше жағдай талаптарына құлақ аспай, енгізілген шектеулерді орындамаған кәсіпкерлермен заң аясында тілдесті. Асхана мен дәмхана, сән салоны мен түрлі қызметті бұрынғыша жалғастырып отырған кәсіп иелері жаза арқалады.
Ендігі кезекте бұл жауапкершілік жеке азаматтарға қатысты да қолданылады. Тәртіп бұзған тұрғындардың үстінен хаттама толтырылып, сотқа жолданып, қамауға алынады. Сондықтан карантиндік шектеулерді орындауларыңызды сұраймыз. Сын сағатта әр азамат қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек.
Ескерту: Тәртіпке құлақ аспай, карантин режимін бұзған тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы бойынша хаттама толтырылады.
476-бап. ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖИМІН БҰЗУ
Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген режимдi бұзу немесе талаптарды орындамау, сондай-ақ жергілікті жер комендантының заңды бұйрықтары мен өкімдерін:
1) келу мен кетудiң ерекше режимi;
2) белгiлi бiр жеке тұлғалар үшiн белгiленген мерзiмге белгiлi бiр жерден, өзiнiң пәтерiнен (үйiнен) кетуге тыйым салу;
3) бейбіт жиналыстарды, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салу немесе оларды шектеу;
4) ереуiлдер өткiзуге тыйым салу;
5) қарумен, күштi әсер ететiн химиялық және улы заттармен, сондай-ақ алкогольдік iшiмдiктермен және құрамында спирт бар заттармен сауданы шектеу немесе оған тыйым салу;
6) карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзу;
7) көбейту техникасын, сондай-ақ радио- және теле хабар тарату аппаратурасын, аудио- және бейнежазу техникасын пайдалануға шектеу қою немесе тыйым салу; дыбыс күшейткiш техникалық құралдарды алып қою туралы нұсқамалар; бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауды қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар;
8) байланысты пайдаланудың ерекше қағидалары;
9) көлiк құралдарының жүруін шектеу және оларды жете тексеруден өткiзу;
10) коменданттық сағат кезінде жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын арнайы берiлген рұқсаттарсыз және құжаттарсыз көшелерде немесе өзге де қоғамдық орындарда жүруiне не жеке басын куәландыратын құжаттарсыз өз үйiнен тыс жерде болуына тыйым салу бөліктерінде орындамау, егер бұл әрекеттерде (әрекетсіздікте) қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, – ескерту жасауға немесе он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
БАСШЫҒА БАҒЫНУ МІНДЕТІМІЗ
Сегізінші маусым күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы коронавирус індетіне байланысты телевизиялық үндеу жасады. Халықты тәртіпке, бірлікке және сабырға шақырған мемлекет басшысы коронавирустан қайтыс болғандардың қайғысына ортақтасып, 13 шілде Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.Бұл Президенттің алғашқы үндеуі емес. Пандемия бастау алған шақтан бастап, халыққа талай ескертулер мен үндеуін жариялап келеді. Бірақ, тәртіпке бағынбай той тойлап, көңіл көтеруді дер кезінде тоқтатпаған өзімізден де кінә бар емес пе?
ТҮЙІН: Жағдай қиындап кетті. Соған қарамастан медицина қызметкерлері ауруханаға барғандардың барлығын қарап, емдеп жатыр деп айта алмаймыз. Тек ауыр науқастар ғана жансақтау бөлімдері мен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып жатыр. Барлық дәрігерлер қалыпты режимде жұмыс істеуде. Дегенмен, дәл қазіргі уақыт эпидемияның ушығып тұрған шағы. Күнде әркімнің бауыры, танысы немесе құдасы дүниеден өтіп жатқанын естиміз. Осы ретте аудан тұрғындарын сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Әр адам ең бірінші өзі мен өз отбасын ойлауы керек. Артық жүрісті тоқтататын уақыт келді. Әлде, сіздер өз денсаулықтарыңызды сақтау үшін үкімет тарапынан міндетті түрде айыппұл төлеп немесе заңмен жазаға тартылу қажет пе?
Денсаулық сақтау саласының мамандары қауіпті індетпен күрестің ең тиімді жолы – үйде болу, яғни оқшаулану екенін ескертеді. Бұл ескертуге құлақ асып, тәртіпке бағынсақ, қауіпті індеттің таралуы тоқтайды. Сондықтан үйде болып, жағдайды қиындатпау керек. Баршаңызды уақытпен санаспай еңбек етіп жатқан мамандарға құрметпен қарап, заң талаптарын сақтауға шақырамыз.