АУДАН ТЫНЫСЫ

«Жасыл елдіктер» алғашқы еңбек маусымын аяқтады

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 16.07.2020
Оқылды: 184 Печать страницы
«Жасыл елдіктер» алғашқы еңбек маусымын аяқтады

 Көксу ауданы бойынша  «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары алғашқы еңбек маусымын аяқтады. Маусым айының 1-нен бастап аудан орталығын абаттандыру, санитарлық тазарту және көгалдандыру жұмыстарын атқару ісіне жұмылдырылған «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрамындағы 67 жас бір ай бойына аянбай еңбек етті. Жазғы демалыстарын тиімді өткізіп, пайдалы іспен айналысуға құлшыныс танытқан ынталы студенттер мен жоғары сынып оқушылары «Жасыл ел» құрамында еңбек етіп, бір жағынан өз туған өлкесінің көркеюіне атсалысса, екінші жағынан жұмыс істеп, табыс табу мүмкіндігіне ие болды. Әр ауылдық округте жігерлі жастар саябақтағы тал-теректерді суарып, ағаштардың түбін қопсытып, арам шөптерден тазартып,  санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізді.
- «Жасыл ел» еңбек жасағына келгеніме өте қуаныштымын. Себебі мұнда мен алғашқы рет еңбекке араласып, өзімді сынап көрдім. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, жұмыс істеп, табыс тауып, ата-анама қаржылай қолдау көрсетумен қатар сүйікті ауданымыз Көксудың көркейіп, гүлденуіне, ажарлана түсуіне өз үлесімді қостым,- дейді студент  Ақниет Бақытқызы.
 Көксу ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі Қуаныш Серікқазыұлының айтуынша «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрамына жастарды қабылдау кезінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын жұмысқа алуға көбірек көңіл бөлінеді. Еңбек ету арқылы өздерінің материалдық жағдайын жақсартуға болатынын ұғынған жастар да, олардың ата-аналары да «Жасыл ел» еңбек жасақтарының бұл бағыттағы жастарға берген мүмкіндігіне риза екендіктерін айтты.
- Мен көгалдандыру жұмысына келгенде отбасымның қаржылық жағдайын жақсартуға өз үлесімді қоссам, сол арқылы ата-анама қолғабыс етсем, әрі ауданымыздың тазалығы мен көгалдандыруына да өз пайдамды тигізсем деп келген болатынмын. Біздің отрядтағы 19 жас осы алғашқы маусым ішінде өте жақсы жұмыс істеді. «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» демекші, өз маңдай терімізбен қаржы тауып, жазғы демалысты пайдалы іс істеумен, тиімді өткізуге тырысудамыз, - дейді  Рауан Радикұлы.                    
Жасыл елдіктер қазіргі елімізде болып жатқан жағдайға байланысты көгалдандыру, жалғыз басты қарттардың ағаш, отындарын қысқа әзірлеу сынды жұмыстарын сақтық шараларын ұстана отыра жұмыс атқаруда.
Шілденің 1-нен бастап «Жасыл ел» еңбек жасақтарында жазғы еңбектің екінші маусымы басталды. Екінші еңбек маусымына 80-нен аса жастар жұмысқа қабылданып, еңбек етуде.

Айгерім АРТАМОНОВА,
Көксу ауданының  «Жастар
ресурстық
орталығының» маманы

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.