
Қайырымдылық жасау адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Көмекке зәру жандарға мейірім шуағын төгіп, жақсылық шуағына бөлейтіндер бүгінгі заманда онша көп емес десек те, олардың барына шүкіршілік етеріміз рас. Біреудің ауыр хәлін өзінікіндей көріп, қол ұшын созудан бейтарап қалмайтын азаматтарды ел-жұртқа көрсетіп, насихаттап отырудың еш артықтығы жоқ қой деп есептеймін. Өйткені ізгі істер қашанда ізгілікке үндейді. Сауапты молайтады.
Әрқашанда көмек қолын созуға дайын ауданымыздың жомарт қолды азаматтары бүгінде елімізде болып жатқан қазіргі жағдайдан да шет қалмай, коронавирус инфекциясымен күресіп, бұл сынақты еңсеруге үлес қосуда. Мәселен, жеке кәсіпкер, жас меценат Айым Жандосова аудандық ауруханаға оттегі концентраты мен пульсоксиметр сыйлады. Осы орайда, жағдайдың анық-қанығын білу мақсатында бас дәрігердің орынбасары Мира Қанаевадан бірер мәліметтер сұраған болатынбыз.
– Мира Тоқтамысқызы, жалпы, оттегі концентраторы тапшы дүние ме?
«Мұны негізінен Қытай өндіріп, пайдаға кенеліп отыр. Тапшы дүние де емес. Оттегі концентраты өкпе ауруларын емдеуде қауіпсіз балама ретінде қолданылады. Осы аппараттың жоқтығынан көп адамның кеудесіне оттегі жетпей, өмірмен қош айтысып жатыр. Бұл сыйлық біздің пациенттерімізге өте қажет. Үлкен рахмет, біз өте қуаныштымыз! Індеттің таралуына байланысты елдегі ахуал күрделеніп отыр. Науқастар ауруханаға көп келуде. Дәрігерлер күні-түні аянбай еңбек етіп жатыр. Құрылғының мүмкіндігі зор. Енді дәрігерлер емделушілерге оттегі концентраторының көмегімен уақытылы жәрдем көрсете алады. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар»! -деді бас дәрігердің орынбасары Мира Қанаева.
Қайырымдылықты қастерлі ұғым санап, әрдайым өзара жақсылыққа, адалдыққа үндеген бабаларымыз «Қолы ашықтың – жолы ашық» деп жайдан-жай айтпағаны белгілі. Дәл осындай қиын-қыстау кездері өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан науқастарға кол ұшын созып, үміт отын сыйлаған мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.
Әлия ЕРЛАНҚЫЗЫ.