
Қайырымдылық жасау адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Көмекке зәру жандарға мейірім шуағын төгіп, жақсылық нұрына бөлейтіндер бүгінгі заманда онша көп емес десек те, олардың барына шүкіршілік етеріміз рас. Біреудің ауыр хәлін өзінікіндей көріп, қол ұшын созудан бейтарап қалмайтын азаматтарды ел-жұртқа көрсетіп, насихаттап отырудың еш артықтығы жоқ деп есептеймін. Өйткені ізгі істер қашанда ізгілікке үндейді. Сауапты молайтады.
Әрқашанда көмек қолын созуға дайын ауданымыздың жомарт қолды азаматтары бүгінде елімізде болып жатқан қазіргі жағдайдан да шет қалмай, коронавирус инфекциясымен күресіп, бұл сынақты еңсеруге үлес қосуда. Мәселен, жеке кәсіпкер, жас меценат Айым Жандосова аудандық ауруханаға оттегі концентраты мен пульсоксиметр сыйлады. Осы орайда, жағдайдың анық-қанығын білу мақсатында бас дәрігердің орынбасары Мира Қанаевадан бірер мәліметтер сұраған болатынбыз.
– Мира Тоқтамысқызы, жалпы, оттегі концентраторы тапшы дүние ме?
– «Мұны негізінен Қытай өндіріп, пайдаға кенеліп отыр. Тапшы дүние де емес. Оттегі концентраты өкпе ауруларын емдеуде қауіпсіз балама ретінде қолданылады. Осы аппараттың жоқтығынан көп адамның кеудесіне оттегі жетпей, өмірмен қош айтысып жатыр. Бұл сыйлық біздің пациенттерімізге өте қажет. Үлкен рахмет, біз өте қуаныштымыз! Індеттің таралуына байланысты елдегі ахуал күрделеніп отыр. Науқастар ауруханаға көп келуде. Дәрігерлер күні-түні аянбай еңбек етіп жатыр. Құрылғының мүмкіндігі зор. Енді дәрігерлер емделушілерге оттегі концентраторының көмегімен уақтылы жәрдем көрсете алады. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар»! -деді бас дәрігердің орынбасары.
Мұндай атаулы игі істің алғашқы бастамасы жайында азды-көпті мәлімет беріп өтейін. Нақтырақ айтса кетсек, коронавирусқа шалдыққан науқастарға көмектесу үшін еліміздің атымтай азаматтары арнайы есепшот ашып, халықтан жылу жинады.
Бұл істің басы-қасында жүрген айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева қаржы жинап, Түркиядан өкпені жасанды жолмен желдететін бірнеше аппарат сатып алған. Ол Instagram парақшасында «Тағы бір қуанышты жаңалық – елге 125 емес, 225 аппарат жеткізетін болдық. Қорға тағы да ақша түсуде. Тіпті, ақша жетіп жатса, 500 жіберуге мүмкіндік туады. Оған тікелей менің @aidyn_nury_qory, @dauletten_qory, @elmira_eshniyazova қоры тікелей атсалысады. Бұл – біздің жеңіс! Барлық белсенділерге тағы да алғыс», – деп алғысын білдірген болатын. Айнұр Тұрсынбаева іле-шала 825 оттегі концентратының қаржысы жиналғанын хабарлады.
«Көп біріксе ел болады» дегендей, көп ұзамай елге үміт сыйлаған жаңалықтан тегіс хабардар болған Қазақстан азаматтары 1000-нан астам өкпені жасанды тыныс алдыру аппаратына қаржы жинап берді.
Бірақ Түркия мен Қытайдан өкпені жасанды желдету аппараттары мен дәрі-дәрмекті сатып алған белсенділер оларды елге кіргізуде қиындықтар барын айтып Мемлекет басшысынан көмек сұрады.
Кедендік тасымал, құжат рәсімдеу мәселесіндегі қиындықтар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей араласуымен шешімін тапты. Мемлекет басшысы шетелден тыныс алу аппараттарын жеткізетін қоғам белсенділеріне қолдау білдірді.
Қайырымдылықты қастерлі ұғым санап, әрдайым өзара жақсылыққа, адалдыққа үндеген бабаларымыз «Қолы ашықтың – жолы ашық» деп жайдан-жай айтпағаны белгілі. Дәл осындай қиын-қыстау кездері өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан науқастарға кол ұшын созып, үміт отын сыйлаған мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.