АУДАН ТЫНЫСЫ

ҚУАТТЫ ӘЛЕУЕТ, ҚАРҚЫНДЫ ӨСІМ

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 20.08.2020
Оқылды: 222 Печать страницы
ҚУАТТЫ ӘЛЕУЕТ, ҚАРҚЫНДЫ ӨСІМ

 Ағымдағы жылдың 12-ші тамыз күні облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев ауданымыздың бірқатар өндіріс орындарын аралап, жұмыс барысымен танысып қайтты.
Атап айтсақ, Серік Мелісұлы іссапарын ауданымыздың қант зауытынан бастады. Мекемені аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрді. Аудан бойынша 28 га жерді алып жатқан кәсіпорын өзінің биылғы жұмысын 1 айдан кейін бастайтын болады. Себебі, зауыт жұмысын бастауға 60 пайыз ғана дайын. Нақтырақ айтар болсақ, өндіріс орнында қазір жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, тәтті түбір турайтын пышақтарды қайрауға арналған қондырғылар орнатылды. Өзгесінің барлығы осыған дейін озық үлгідегі техникаға алмастырылған. Нәтижесінде өткізілген шикізаттан 13 %-ға дейін қант алу мүмкін болып отыр. Бұрындары бұл көрсеткіш 11-12%  болатын. Қазір зауытта жиын-терін науқанына дайындық жұмыстары  қызу жүріп жатыр.
Облыс әкімінің орынбасары барған тағы бір нысан аудан орталығындағы сүт фермасы. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі негізінде құрылған шаруашылыққа осыдан 3 жыл бұрын Германиядан 334 бас сиыр әкелінген. Ал қазіргі таңда бұл көрсеткіш айтарлықтай өскен. Яғни фермада қазір 900 бас сиыр болса, оның 600 басы сауылатын сиырлар. Нәтижесінде, күніне 20 тонна сүт алынады. Заман талабына сай кешен бастан-аяқ автоматтандырылған. Фермадағы сиырларға роботтар күтім жасап, уақытылы сауып тұрады. Ферманың ішіндегі ауаның өзі жыл мезгіліне сәйкес жылытылып-салқындатылады. Желіні сыздаған сиырлар сауын аппаратына өз еркімен барады екен. Сауыншы – робот. Сондықтан бұрынғыдай қолдарына шелек ұстап, ары-бері сүт тасып жүретін адамдарды көрмейсің.
Рақым Кәрімов, тауарлы-сүт фермасының басшысы:
 – Бұл негізі 400 басқа арналған жоба. Дегенмен бүгінгі таңда  фермадағы сауын сиырлардың саны 600 басқа жетті. Оған жем-шөбіміз емін-еркін жетеді. Сонымен қатар шаруашылықты кеңейту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, 300 бас сиырға арналған  тағы бір өндіріс орны қолға алынды.
Ферманы жіті бақылап, ондағы жүріп жатқан жұмыстың куәсі болған Серік Мелісұлы сүт фермасының басшысы Рақым Кәрімовпен бірқатар жұмыстарды талқылап, ферманың жұмыстарымен толықтай танысып, алдағы болатын жоспарлы жұмысты бақылауда ұстайтынын айтты.
Келесі кезекте ауданның саласындағы жұмыстармен танысқан Серік Тұрдалиев Мұқыры ауылдық округіндегі «Альтайыр» шаруа қожалығына табан тіреді. 1998 жылы ашылған шаруа қожалығы бүгінде 300 га егістік алқабына қылша өнімін егіп отыр. 50 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық жұмысшыларға 80 000 теңге көлемінде орташа айлық жалақы төлейді. Дәл осы егістіктің басына жиналған басқа да шаруашылық иелері облыс әкімінің орынбасарына өздерінің мәселелерін айтып, шешімін табуға уәде алды. Ал, жайқалып тұрған жаздық бидайды көрген Серік Мелісұлы «Альтайыр» шаруа қожалығының жұмыстарына көңілі толып, еңбектеріне жеміс тіледі. Айта кетейік, бұдан бөлек аудан бойынша 1400 ауылшаруашылығы егістікпен айналысады. Биылғы өнім, яғни күздік жиын-терін мол болмақ.
Серік Мелісұлы алдағы уақытта да ауылшаруашылығы назардан тыс қалмайтындығы, жұмыс жасаймын деген шаруа қожалықтарына техника алу, шет елден тұқым әкелу, субсидия және тағы да басқа мәселелер бойынша жағдай жасалынатындығын жеткізді.    
Өз кезегінде ол Лабасы округінде орналасқан «Арқабай» май өндіретін зауытына да барып қайтты. 50 тоннаға дейін сүт өндіріп шығаруға қауқары бар өндіріс орнында қазіргі уақытта тәулігіне 20 тонна құрғақ сүт өндірілуде. Сонымен қатар дайындалған өнімді суытып тұратын арнайы салқындатылған лабаратория жұмыс істейді. 6 түрлі өнім шығаратын өндіріс орнында газдың мәселесі маңызды болып отыр. Дегенмен, шешімі табылатын болады.
Ауданымыздың бірқатар өндіріс орнын аралаған облыс әкімінің орынбасары Көксу өзені бойындағы бөгет платинасының жөндеу жұмыстарымен де танысып қайтты. 1963 жылы қолданысқа берілген, яғни 50-60 жылдан бері жөнделмеген платина бүгінгі таңда күрделі жөндеуден өтуде. Атап айтсақ, Платинаның гидротехникалық құрылыс  жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында  жүзеге асуда.
Жөндеу жұмыстарына барлығы 100 адам жұмылдырылған. Әзірге су деңгейінің қалыптан көтерілуіне байланысты  40 шақты адам еңбеккке тартылып, 10-нан астам әртүрлі техника қызмет көрсетуде. Дәл қазіргі сәтте платина маңын абаттандырып, күрделі жөндеуге дайындап жатыр. Нысан құрылысының қызған шағы қыркүйек айына тұспа-тұс келмек. Мердігер мекеменің бас инженері Мақсат Садиевтің айтуынша, жаңа бөгет алдыңғысынан әлдеқайда берік және сапалы болмақ. Тоспаның жалпы ұзындығы 60 метр, биіктігі 6,8 метр. Ал су қоймаға 539 текше метр су сияды.
Стратегиялық маңызды нысан қайта жөндеуден өтіп, іске қосылса елдің әл-ауқаты  жақсарып, жаңа жұмыс орындары да ашылады,- дейді мамандар. Кәсіпорын басшысы жаңа су қоймасында жұмыс істейтін мамандардың да жағдайы қарастырылғанын айтып отыр. Бөгеттің басында және төменгі жағындағы су тарату торабында 4 бөлмелі төрт пәтер  салынып жатыр. Ал барлық жұмыстың аяқталуы жылдың соңына келіп тіреледі мыс. Ол үшін платинаға қазынадан арнайы бөлінген ақшаның жалпы соммасы 515 млн теңгені құрайды.   
Осылайша, ауданға келіп, Көксу қант зауыты, «Каримов» сүт фермасы, «Арқабай» май зауыты және ауданның ең үлкен су бекеті Көксу өзені платинасы мен егістік алқаптарының бірі «Альтайыр»шаруа қожалығына барған Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев ауданда атқарылып жатқан оңды жұмыстардың куәсі болып, аудан әкіміне, тиісті саланың жауапты тұлғаларына және облыс аудан экономикасын дамытуда өз үлестерін қосып жатқан шаруа қожалықтарына деген жылы лебізін айтып, ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс жасауды тіледі.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.