
Бүкілхалықтық референдумда азаматтардың тікелей еріктерімен қабылданған еліміздің Ата Заңы, қоғамның жедел дамуына жағдай туғызды. Еліміздің негізгі Заңы барлық жетістіктеріміздің бастамасы болып табылып, бүгінде қазақстандықтардың тең құқығы мен мүмкіншілігіне кепілдік беретін маңызды құжатқа айналды. Бұл күн бәрімізге өте маңызды, ал біз секілді яғни заң аясында қызмет ететіндер үшін бұл мерекенің орны айрықша. Біз бұл мерекені кәсіби деңгейде атап өтеміз. Өйткені, Ата Заңымызда көрсетілгендей, сот жүйесі азаматтардың бостандығы мен мызғымас құқығын сақтауды қамтамасыз етеді.
Біздің негізгі заң дүниежүзіндегі ең жас Конституциялардың бірі. Мемлекетіміздің қысқа уақыт аралығында өз Конституциясын жасап, қабылдағаны талайларды таң қалдырған. Конституциямыз Қазақстан Республикасын дербес мемлекет ретінде ұлтына қарамастан онда тұратын барлық азаматтардың еркіне сәйкес жасалды. Халық өзі дауыс беріп, қабылдаған заңын әрдайым әділ деп есептейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы-халық» деп белгіленген. Бір сөзбен айтқанда, халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы жүзеге асып, тәуелсіз еліміздің жаңа негізгі Заңы дүниеге келді. Негізгі Заңда бекітілген сот төрелігінің қағидалары адам құқығы мен бостандығын қорғаудың негізгі ашық құралы болып табылатын сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етті.
Соңғы жылдарда сот жүйесі соттар қызметінің заңнамалық негізін қалыптастырумен байланысты, сот құрылымы мен сотта іс жүргізу мәселелерін, судьялардың құқықтық және әлеуметтік мәртебесін, олардың тәуелсіздігінің кепілін күшейту мәселелерін реттейтін көптеген реформаларға және жаңа өзгерістерге ұшырады.
Конституциялық заңдылық пен құқық тәртібін нығайту ісінде маңызды рөл сот жүйесіне берілген. Сот кадрларын іріктеу мен тағайындаудың қағидаттық тұрғыдағы жаңа жүйесі құрылды. Қабылданған конституциялық қағидалардың арқасында Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі нығайып, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің қол сұқпаушылығын қамтамасыз етудің рөлі күшейтілді. Сонымен қатар, судьялардың кәсіби қасиеттеріне талапты күшейту жөніндегі тұтас шаралар жүйесі анықталды. Судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру барысында заңдылықты сақтау жауапкершілігі арттырылды.
Конституция күні-барлық қазақстандықтар үшін қасиетті мереке. Әрбір Қазақстан азаматы тәуелсіз мемлекетіміздің шаңырағын көкке көтеру үшін Конституцияны құрметтегені жөн. Халықтың еркі көрініс тапқан бұл маңызды құжат өзінің нормалары мен қағидалары көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді.
Майра КЕНЖЕБЕКОВА,
Көксу ауданы прокуратурасының аға прокуроры.