АУДАН ТЫНЫСЫ

Ата Заң – азат елдің ар-намысы

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 27.08.2020
Оқылды: 293 Печать страницы
Ата Заң – азат елдің ар-намысы

«Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы.
Елдігіміздің киелі кітабына айналған қасиетті құжат –
тұрақтылық пен татулықтың тұғыры».

Н.Ә.Назарбаев

 

Тәуелсіз республикамыз санаулы жылдарда өзара татулық, ынтымақ пен бірліктің арқасында орасан табыстарға қол жеткізіп, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет орнатып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысында достастық елдердің арасында көш бастады. Оны бүкіл өркениетті елдер мойындап отыр. Еліміздің осындай өркендеу жолына түсуіне қазіргі қолданыстағы Конституция жасаған ықпал өте зор. Барлық заңдардың бастауы, қайнар көзі болып саналатын Ата Заңымыздың әлеуеті әлі де мол.
Алғашқы қазақ хандығы құрылғанда ата-бабалар дәстүрімен қатар 1511 жылы 19-баптан тұратын негізгі заң қабылданған. Оны қазақ «Қасым ханның қасқа жолы» деп атаған. «Жеті жарғы» 1690 жылдары Тәуке хан тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы. 17-ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Осы заңдарды қазақ даласындағы алғашқы Ата Заң десек қателеспейміз.
Бүгінгі Конституциямыздың басқа Конституциялардан артықшылығы – ең бірінші, мемлекет ретінде жеке адамға аса құрметпен қарайтындығында. «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп бірінші бапта жазылған. Үшінші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық» дейді.
Ел заңды, өз құқықтарын білу үшін заман талабына сай шығарылып жатқан заңдарды мұқият әрі зерделей тұрып оқу керек. Өз құқықтық білімдерін үнемі жетілдіріп, басшылыққа алып отыру қажет. Сонда ғана заңсыздықтардан зардап шекпейді, өзінің құқықтары мен бостандықтарын кез-келген орында қорғай алады. «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе - білім» деп Мұхтар Әуезов өте орынды айтқан.
Қалай десек те, Ата Заңымыз егемен еліміздің дамуына даңғыл жол салып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып, демократиялық жолмен даму бағытын айқындап, нәтижесінде бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің баршасы Ата Заңымыздың тиімділігінің арқасы екеніне көз жетіп отыр. Оның ішінде құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде.


Гаухар ҚОСЫМҚҰЛОВА,
аудандық кітапхананың
кітапханашысы

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.