АУДАН ТЫНЫСЫ

ЖАҢА НЫСАНДАР - ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖЕМІСІ

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 03.09.2020
Оқылды: 228 Печать страницы
ЖАҢА НЫСАНДАР - ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖЕМІСІ

Мемлекеттік мерекелер мен ел өміріндегі айтулы күндер тек музыкасы даңғырлаған концерттік бағдарламамен ғана шектелмей, елдің есінде қалар шараларымен ерекшеленіп жатса нұр үстіне нұр. Кейін­гі жылдары мерекелік шара­лар маңыз­ды нысандардың ашы­луы­­мен, олардың халық игілігіне бері­луімен айшықталып жүр. Биыл да Конституция және Білім күн­дері әлеуметтік саланың әлеуе­тін айшықтап, ауыз толтырып айтар­лық деңгейде аталып өтті. Жалпы, айтулы мереке қар­са­ңын­да ауданымызға қарасты қос бірдей ауылда су жаңа екі нысан ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Біріншісі Көксу бекетіндегі дәрігерлік амбулатория болса, екіншісі Қызылтоған ауылындағы 120 орындық  білім шаңырағы.

 

Көксу бекетіндегі қуанышты сәт

 

    Жаңа кешеннің ашылу салтанатына аудан әкімі Алмас Әділ арнайы қатысты. Қос нысанның қолданысқа берілуі конституция күнінде жергілікті халық үшін тамаша тарту болды. Осыған орай жаңа жұмыс орындары да ашылып отыр.

    Көксу бекетінде ашылған дәрігерлік амбулатория заманауи талаптардың барлығына сай. Бұл нысанда балалар мен жүкті әйелдер, күндізгі ем қабылдайтын бөлім және зертханалық орталық жұмыс істейді. Қажетті медициналық құралдармен жабдықталып, жиһаздармен толықтырылған бұл нысан еліміздің өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында халық игілігіне беріліп отыр. Оған облыстық бюджеттен 341 млн теңге бөлінген. Жергілікті халық бұл жаңа кешеннің ашылуын ұзақ күтті десе де болады. Өйткені елді-мекен тұрғындары бұған дейін бөлмелері тар, тозығы жеткен амбулаторияда ем қабылдап келген. Енді бұл қиындықтар бір жола артта қалды деп сенімді түрде айтуға болады. Қуантарлығы заманауи дәрігерлік орталық күніне 30 адамға дейін медициналық көмек көрсете алады.

    Көксу бекеті дәрігерлік амбулаториясы директорының орынбасары Мира Қанаеваның айтуы бойынша бұл ауыл ауданнан 30 км жерде орналасқан. Сондықтан әр уақытта жергілікті халық үшін аудан орталығына бару оңайға соқпайды. Осы тұрғыда қарайтын болсақ ауыл тұрғындарының бұл мәселесі нысанның ашылуымен шешімін тапты. Ендігі кезекте басы ауырып, балтыры сыздаған кез-келген науқас үшін су жаңа нысанның есігі әрдайым ашық. Бұл жерде жалпы 12 адам жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, 1 дәрігер және 8 орта буын қызметкерлері. Болашақта да жас мамандарды шақыру ойдағы мәселе. Сонымен қатар, заман талабына сай сүзбеміз де бар дейді дәрігер. Ол дегеніміз балаларды бөлек, үлкендерді бөлек қабылдауға қолайлы.

 

Қызылтоған ауылындағы алтын ұя

 

    Дәл осы күні Қызылтоған ауылының тұрғындары үшін де айтулы күн болды. Әсіресе жоғары сынып оқушылары ерекше қуанғаны анық. Өйткені, бұған дейін елді-мекенде балалар 9-шы сыныпқа дейін ғана оқыған. Ал 10-11 сыныптағы оқушылар 6 шақырым жерде орналасқан Алғабас ауылындағы орта мектепке барып білім алған. Енді олар жол машақатын тартпайды. Өз ауылдарында салынған жап-жаңа мектептің түлектері атанатын болады.

    120 балаға арналған екі қабатты білім ордасы көздің жауын алады. Жаңа білім мекемесінде балалардың сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалған. Барлық оқу бөлмесіне интерактивті тақта орнатылған. Мектепте әр сыныпқа арналып жасалған оқу қабинеттері, спорт залы, асхана, 3 компьютерлік сынып, робототехника және жаңа модификациялық кабинеттер бар. Химия мен биология кабинеттері де зертханалық құралдарға толы. Ал спорт залы кең әрі жарық. Шағын жарыстарды да ойланбастан өткізуге болады. Ең маңыздысы директордың кабинеті мектептің кіре берісінде орналасқан. Қабырғасы әйнекпен жабылған. Бір сөзбен айтқанда бұл мекеме басшысының басты міндетін әділ әрі адал атқаруына септігін тигізбек. Жап-жарық, тап-таза ғимаратқа кірген адам шығуға асықпайды да. Тағы бір айта кететіні,  ғимараттың ішінде 25 шағын орталық бар. Бұл нысанның құрылысына облыстық қордан 717 млн теңге бөлінген. Су жаңа білім шаңырағын аудан әкімі Алмас Әділ өзі аралап, көріп шықты. Оның айтуынша аймақта жұмыспен қамтудың жол картасы негізінде көптеген нысандар бой көтеріп, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Аудан әкімі, Алмас Әділ:

- Ауданымызда ауыз толтырып айтар көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, Көксу платинасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, Айнабұлақта жаңадан дәрігерлік амбулатория салынуда. Сонымен қатар, Зылиха Тамшыбай ауылында Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, жолдары да салынып жатыр. Осының барлығы көптеген жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізуде. Атап айтсақ, 328 жұмыс орны осы Жол картасы арқылы ашылып, жұмыссыз жүрген аудан мен ауыл тұрғындары өз нәпақаларын тауып отыр.

    Білім ордасының ашылуына Қызылтоған орта мектебінің директоры  да дән риза.   

    Нұржігіт Қайыржанов:

- Мектебіміздің ашылғанына өте қуаныштымыз. Әсіресе, 10-11ші сыныптың болғанына қатты қуандық. Себебі, мұғалімдердің де сағат саны артып, штаттары да көбеюде. Қазіргі уақытта 16 ұстаз болса, тағы да 6 ұстаз жұмысқа келмекші.

    Айта кетейік, аталған қос нысаннан бөлек қазіргі таңда ауданда күрделі жөндеуден өтіп және жаңадан салынып жатқан 26 нысан бар. Олар жылдың аяғына дейін пайдалануға берілмек. Ел игілі үшін жасалынып жатқан жағымды жұмыстар еселене берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Әлия ИМАНЖАНТЕГІ.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.