
Қазақстанның саяси тарихында бірінші рет көшбасшы партия тізімі ашық іріктеуден өткен адамдардан құралатын болады. Елбасының бастамасымен «Nur Otan» партиясының праймериз өткізуі – отандық партиялық жүйедегі демократияландырудың жаңа кезеңі бастау алғанын куәландырады. Аз күндерден соң, аталмыш партияның ішкі сайлауы да басталмақ. Осыған орай, сәрсенбінің сәтті күні аудандық Мәдениет үйінде праймеризге байланысты пікірсайыс өтті. Кездесуге аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Көксу аудандық филиалының төрағасы Алмас Әділ, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәлік Аманбайұлы,аудандық мәслихат хатшысы Әлдибек Рғайбекұлы, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, кандидаттар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Бұл праймериз нағыз мықтыларды анықтайтын дода. Тұңғыш Президент, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев праймеризді әділ, әрі жоғары деңгейде өткізуді тапсырды. Праймеризге қатысушылардың барлығы елдің ертеңіне сеніммен қарайтын, нағыз майталмандар деп білеміз. Аудандағы барлық праймеризге қатысушы кандидаттар дебаттарды тиімді пайдаланып, өз мүмкіндіктері мен біліктіліктерін көпшілікке көрсетуі тиіс. Осы орайда барлық үміткерлер алдағы дауыс беруде жоғары нәтиже көрсетіп, партияластарымыздың сеніміне ие болады деп сенеміз. Ал, дауыс беруші партияластарымыз қоғамның сеніміне ие болған, беделді көшбасшыларды анық айқындап, өз таңдауларын жасауы керек.
Ең алдымен, аудан басшысы сайлауалды бағдарламада көзделген мәселелерді талқылау мақсатында баяндама оқыды:
- Құрметті партияластар!
Барлықтарыңызды Праймеризге қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіремін! Сіздер аудан үшін шынайы жанашыр жандар екендеріңізді дәлелдедіңіздер!
Праймериз – белсенді адамдарға жаңа форматқа келесі мүмкіндіктерді беретін, кандидаттарды алдын ала партияішілік іріктеу болып табылады. Праймериз сіздерге:
1. Мемлекеттік органдардағы лауазымдарға мінездеме алу;
2. Партия органдарының орталық және аумақтық деңгейлеріне өту;
3. Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаты болуға құқық береді.
«Nur Otan» партиясының мақсаты - әрбір тұрғынның өмір сүру деңгейін арттыру. «Nur Otan» партиясы Елбасы мен Президенттің бастамаларын іске асыруға белсенді қатысуда. Біздің сайлауалды бағдарламамыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.Біздің ауданымыздың өмірі белсенді дамып келеді және біз оны одан да жақсы, жайлы және қауіпсіз еткіміз келеді. Өткен мәслихаттағы сайлауда аудан тұрғындары «Nur Otan» партиясына сенімді дауыс берді. Біз бірге жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы – бұл ел мен ауданды дамыту жөніндегі нақты іс-қимыл жоспары.
Күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жасады. Ол Елбасы тарапынан қабылданған Ұлт Жоспары мен Бес институционалдық реформалардың іске асырылу маңыздылығы туралы атап өтті. Басты мақсат – жұмыс орындарын және халықтың табыс көзін сақтау. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында бізге нақты 11 міндетті қойды. Біздің күш-жігерімізді біріктіру арқылы біз экономиканың қарқынды дамуы мен халықтың әл-ауқатының жақсаруы үшін жұмыс істеуіміз керек.
Республика бойынша карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты аудан көлемінде әл-ауқаты төмен отбасыларға көптеген көмек көрсетілді. Тұрақтылықты сақтау үшін шағын және орта бизнеске дағдарыс жағдайында айтарлықтай қолдау көрсетілді:
- Жалпы сомасы 130 млн теңге болатын 2 жоба Бизнестің жол картасы аясында субсидиялау және кепілдендіру түрінде мемлекеттік қолдауға ие болды;
- Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020 аясындағы жобаларға 4,2 млрд. теңге бөлінді. Бұл 676 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді;
- 26 коммуналдық меншік нысандарында 3 айға жалдау ақысы алынып тасталды;
- Төтенше Жағдай кезінде кредиттер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуге мораторий енгізілді;
- Зардап шеккен жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнестің кредиттері бойынша міндеттемелерді орындауды кейінге қалдыру енгізілді;
«Nur Otan» партиясының міндеті ауданды өмір сүру үшін ғана ыңғайлы ету емес, қауіпсіз ету. Ол үшін қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында «қауіпсіз аймақ» бағдарламасы әзірленді. «Nur Otan» партиясы оның тиімді іске асырылуына жәрдемдесетін болады.
Сіздер де әр қайсыңыз өз сайлауалды бағдарламаларыңызды әзірледіңіздер.Сіздерді партияластарыңыз қолдап, алдымызда өтетін сайлауда нағыз ауданның патриоттары сайланады деген сенімдемін, - деп сайлауға түсетін бар кандидаттарға сәттілік тіледі.
Праймериз – пайым мен парасат өлшемі десек, алдағы сайлау әділ өтетініне сенім мол.