
Ағымдағы жылдың 24-ші қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған міндеттерді орындау жоспарын түсіндіру мақсатында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Мұқатайқызы және онлайн режимде ҚР бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы облысы бойынша басқармасының аға прокуроры Талғат Молдахановтың қатысуымен актив жиыны өтті.
Жиынға аудан әкімі Алмас Әділ, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық бөлімдердің басшылары, ауылдық округ әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Аудан басшысы Алмас Қабдулұлы төрағалық еткен жиында күн тәртібіне қойылған мәселе төңірегінде Ләззат Мұқатайқызы мен Талғат Мұратұлы баяндама жасады. Ең алдымен кездесуге қатысушылар онлайн режимдегі Талғат Молдахановтың баяндамасын тыңдады.
Содан кейін Ләззат Мұқатайқызы баяндама жасады. Ол өз баяндамасында: мемлекеттік қызмет – халық пен билік арасындағы алтын көпір және қоғам тарапынан артылатын сенім. Ел болып еншімізді алған мезеттен бері мінсіз мемлекеттік басқару құрылымын және кемшіліксіз қызмет көрсету үрдісін дамыту мақсатында біршама маңызды жобаларға жан бітіп, түрлі реформалар да қабылдануда. Бұның барлығы мемлекеттік қызметке деген сенімді арттырып, ашықтықты қамтамасыз етудің бір көрінісі,- деді. Одан бөлек мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларға енген бірқатар өзгерістер жайында да айтып өтті. Мәселен, биылдан бастап енді ауылдық округтің бас маман, жетекші маман лауазымдарындағы қызметшілер «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында әлеуметтiк қолдау шараларын ала алады («Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 56-бабы, 12-тармағы). Сонымен қатар, заң аясындағы шектеулер мен талаптар мәселесі де қозғалды. Атап айтсақ: 1) Заңға сәйкес, мемлекеттiк қызметшi өзiнiң жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынғандары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) тікелей басшылығында қызмет атқаруға болмайды. Заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, жекжаттары (жұбайының (зайыбының) аға-інілері, апа-сіңлілері (қарындастары), ата-аналары және балалары) атқаратын лауазымға тiкелей бағыныстағы мемлекеттiк лауазымды атқара алмайды. 2) Мемлекеттік қызметші де оның қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде ауысу тәртiбiмен, сондай-ақ конкурстар арқылы басқа лауазымға орналасуына жол берiлмейдi. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен тәртібі де сөз етілді. Яғни, мемлекеттік қызметшінің жұмыс уақытында да, жұмыстан тыс кезде де әдеп сақтап, тәртіптен аттамауы жайында айтылды. Бұл да заңмен қаралатын мәселе. Ең маңыздысы Ләззат Мұқатайқызы кездесу барысында жемқорлық мәселесі жөнінде де бірқатар мысалды ортаға сала отырып, біраз әңгіменің түйінін тарқатты. Тіпті осы айтылған жағдайларға байланысты жиынға қатысушылар үшін арнайы түсірілген видеороликтер де көрсетілді.
Жиын соңында аудан басшысы Алмас Әділ сөз сөйледі:
- Құрметті кездесуге қатысушылар!
Ауданның мемлекеттік органдарының қызметі азаматтардың құқығын қорғауға, қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптастыруға және сапалы мемлекеттік қызметтер көрсетуге бағытталатын болады.
Мемлекеттік қызметші оның атауы айтып тұрғандай халқына мүлтіксіз қызмет етіп, осы бағыттағы оң имиджді қалыптастыруы қажет. Халыққа қызмет көрсетіп, мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерінің шешімін тауып, алғысын алудан артық дүние жоқ. Сондықтан алдағы уақытта, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментімен бірлесе отырып, жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде жүзеге асыратынымызға сеніміміз мол.
Ләззат Мұқатайқызы, Сізге ауданға келіп, мемлекеттік қызмет саласында қабылданып жатқан шаралар туралы мағыналы және қажетті жиын өткізгеніңіз үшін алғысымды білдіремін! Жұмысыңызға табыс тілей отырып, алға қойған мақсаттарыңызға жете беруіңізге тілектеспіз!- деді.