АУДАН ТЫНЫСЫ

«Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла»

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 24.09.2020
Оқылды: 297 Печать страницы
«Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла»

Қылышын сүйретіп келетін қыстың қамын жаздан бастап ойлап, ерте қамданудың маңызы зор. Күн өткен сайын ауа райы салқындап, уақытынан ерте келген күз биылғы қыстың қатты болатынынан хабар беруде.
Әрине, сақадай сай, отын-суыңды түсіріп, үй-жайың жылы отырғанға не жетсін. Өткен қысқа дайындықтың жоғары болуынан әрі отын қорының мол әзірленгенінен болар, біздің аймақта өзге облыстарда болған келеңсіздіктер етек алған жоқ. Тұрғын үйлерге орталықтандырылған жылу уақытылы беріліп, ыстық су үзілген жоқ. Есесіне, еліміздің өзге өңірлерінде қыс ортасында жылу жүйелері бірінен соң бірі істен шығып, халық әбден әбігерге түсті. Әрине, ондай жағдайдың бетін әрі қылсын. «Қамдансаң қапы қалмайсың» дегендей, ауданымызда қаһарлы қыста қысылмаудың қамы ерте қолға алынғаны белгілі. Басшылар тарапынан да жиі пысықталған дайындықтың салдарынан болар, ауданымызда санаулы күндерден кейін уақытымен жылу жүйесі іске қосылатын болады. Жер үйде тұрып, пеш жағатын тұрғындар да өз қам-қарекеттерін бастап кеткелі қашан. Жаздың басынан «көмір қымбаттайды» деген қиқу сөз шыққалы, тапқан-таянғандарын ауыздарынан жырып, көмір сатып алуға сайланған халық отын сақтау қоймаларының алдын босатар емес. Сондықтан, бұл мәселе аудан басшылығының назарынан қашанда қалыс қалып көрген жоқ. Биылғы суықты қалай қарсы аламыз? Бюджеттік сала мекемелерінің бұл тұрғыда қандайда бір қиындығы бар ма? Қазіргі уақытта қаншалықты қысқа қамданып қойдық? Осы сұрақтар төңірегінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Айдос Кокетаевпен әңгімелескен едік.  

–    Айдос Исембекұлы, алдағы қысқа дайындығымыз қалай?

–    Жақсы. Жылдағыдай, биыл да жылыту маусымынан ойдағыдай өтеміз деген сенім бар. Бүгінгі таңда сол бойынша жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Барлық нысандарға жауапты мекемелер жылыту маусымына дайындық төл құжаттарын рәсімдеуде.
–    Жалпы, ауданымыздағы бюджеттік мекемелердің жайы қандай?
-    Аудан бойынша 91 бюджеттік мекеме бар. Оның ішінде 43 білім, 28 денсаулық, 10 мәдениет, 10 әкімшілік объектілер. Барлығы да толықтай жылумен қамтылды. Аудан бойынша бюджеттік мекемелерге 2020-2021 жылғы жылыту маусымына 783 334 тонна сұйық отынның бүгінгі күнге 755 874 тоннасы жеткізілді. Қатты отын жоспар бойынша 740 тонна бүгінгі күнге 680 тонна жеткізілді. Аудан бойынша 2020-2021 от жағу маусымында 40 білім беру мекемесі жұмыс жасайды. 2020-2021 жылдағы от жағу маусымына 400 тонна көмір сатып алуға 5572,0 мың теңге бөлінді.

-    Қандай да бір мәселелер бар ма шешімін күтетін?

-    От жағу маусымына «ГИГ Master Fakel» ЖШС-мен от жағу қазандықтарын ағымды жөндеуге 8000,0 мың теңгеге шарт жасалды. Сұйық отын сақтайтын сиымдылықтар толық калиберленген. Сыртта орналасқан сұйық отын сақтайтын 50 сиымдылық жылыланған. 2020 жылы сұйық отынмен жылынатын 18 мектепке 18 дана пломбиратор сатып алынды. 9 балабақша да пломбиратормен қамтамасыз етілген. 2020 жылы Алғабас атындағы орта мектебінің жылыту жүйесіне ағымдағы жөндеу және №5 орта мектебінің жылыту жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілді.
    
-    Әдетте, құрылыс компаниялары мердігер компанияларға конкурс жариялайды. Осы жайында да айтып өтсеңіз?

-    Иә, әрине жұмыстың уақытылы әрі сапалы жүргізілуі үшін мердігер компаниялардың қызметі маңызды. Осы орайда Мәдениет саласы бойынша 90 392 тоннаны алу мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіліп, конкурстың қорытындысы бойынша «Ақжол транс ойл» ЖШС болып анықталды. Бүгінгі күнге 54 000 тонна сұйық отыны жеткізілді. Қалған сұйық отынның жеткізу жұмыстары жүргізілуде. 60 тонна қатты отынға 900,0 мың теңге қаражаты бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімі бойынша бас мердігер Шыңғыс Кримбаев болып анықталды. Денсаулық саласы бойынша 23 000 тоннаға 4 042,5 мың теңге бөлініп конкурстың қорытындысы бойынша бас мердігер болып «Diesel Group» аңықталып, 2020 жылы 22 мамыр күні № 90 келісімшарт жсалды. Бүгінгі күнге 23 000 тонна сұйық отын толық жеткізілді. Ал, 280 тоннаға 5 040,0 мың теңге бөлініп бас мердігер «АРС» ЖШС болып аңықталып, 2020 жылы 18 мамыр күні № 50 келісімшарт жасалды. Бүгінгі күнге 280 тонна қатты отын толық жеткізілді. Қазіргі таңда ауданымызда 4 көмір қоймасы жұмыс жасайды. Қоймада 1055 тонна қатты отын сатылуда. Аудан бойынша тұрғындар 31 404 тонна қатты отынның 23 590 тоннасымен қамтамасыз етілді.

–    Ал, тұрғын үйлер жайында не айтасыз?

-    Көксу ауданы Балпық би ауылының ішкі газбен қамту жүйесі бойынша орта қысымды жер асты 19,60 шақырым және төменгі қысымды 63,10 шақырым газ құбыры тартылды. Жалпы, Балпық би ауылы бойынша 3354 абонент газ жүйесіне қосылуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні 2000 ауланың алдынан газ құбырлары өтті. 760 келісім-шарт жасалып, оның 700-і қосылды. Балпық би ауылы бойынша 49 көше газ жүйесіне қосылды. Газ жүйесінің ұзындығы 119 км, газ тұтыну көлемі жылына 21 млн/м³ құрайтын болады. Жалпы Балпық би ауылының газ құбырлары жүргізілген көшелердің тұрғындарына газға қосылу мүмкіншілігі, үнемділігі және жеңілдіктері туралы толық түсіндіру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.

-    Ауданымызда халықты көгілдір отынмен қамтамасыз етіп жүрген мекемелер жайында сөз қозғасақ?

-    «Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы» ММ-сі арқылы Көксу ауданындағы қалған елді мекендерді газдандыру мақсатында 4 ауылдың құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу күтілуде. «Көксу ауданы Мәмбет ауылындағы газ тарату желілері мен жеткізуші газ құбырын салу» нысаны бойынша 203 820 681 теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіліп, қорытындысы бойынша бас мердігер болып «Сұңқар-2002» ЖШС анықталды. «Көксу ауданы Жамбыл ауылындағы газ тарту желілері мен жеткізуші газ құбырын салу» нысаны бойынша 173 728 920 теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіліп, қорытындысы бойынша бас мердігер болып «Azia RC» ЖШС анықталды. «Көксу ауданы Мұқыры ауылындағы газ тарту желілері мен жеткізуші газ құбырын салу» нысаны бойынша 432 738 104 теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіліп, қорытындысы бойынша бас мердігер болып «Сұңқар-2002» ЖШС анықталды. «Көксу ауданы Бесқайнар ауылындағы газ тарту желілері мен жеткізуші газ құбырын салу» нысаны бойынша 280 771 560 теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіліп, қорытындысы бойынша бас мердігер болып «Сұңқар-2002» ЖШС анықталды.

- Сұхбатыңызға рахмет!

    Қысқа дайындық мәселесі әрдайым ерекше бақылауда тұруға тиісті. Себебін, айтпаса да түсінуге болады. Жан мен малға жайлы мекен болып саналатын жер жәннаты Жетісудың өзіне тән шымшыма аязы, алай-дүлей бораны барын жақсы білеміз. Сондықтан да қазіргідей пандемияның өршіп тұрған шағында ел-жұртымызды табиғаттың да тосын мінезінен сақтасын деп тілейік.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.