
Сәрсенбінің сәтті күні «Рrotecting business and investments» жобасы аясында Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары Көксу қант зауытының басшылығымен келісімге қол қойды.
Нақтылап айтсақ, алдағы уақытта агенттік тарапынан инвесторлардың құқықтары қорғалады және бизнеске қолайлы орта қалыптастыруға жағдайлар жасалады. Антикоррупциялық сүйемелдеуге алынған инвестициялық жобалар арасында енді зауыт та бар. Демек, бұл бизнес жоба бұдан әрі қарай тұрақты бақылауда болады.
Инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғауға бағытталған Рrotecting business and investments инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасы деп атауға әбден болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2018 жылдан бастап «Kazakh Invest «ҰК» АҚ және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, қазіргі уақытта жаңа серпін берген «Protecting business and investments» жобасын іске асыруда. Мақсаты бизнес пен инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына сенімін, олардың қызмет үдерістерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу арқылы арттырып келеді. Айта кетсек, ағымдағы жылдың 19 тамызында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы осы бағытты күшейтуге баса назар аударған болатын. Бүгінгі күні Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуімен жалпы инвестиция соммасы 625,5 млрд.теңгеден асатын 42 бизнес-жоба бар. Кәсіпкерлік субъектілері жиі жүгінетін проблемалық мәселелер зерттелді. Бизнес-жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу үшін негізгі қалаушы шарт – шетелдік, сондай – ақ отандық инвестор – адал бизнес жүргізуге міндеттелетін келісімге қосылу. Бұл бағытта кәсіпкерлердің санасын өзгерту маңызды. Бұл салық түсімдері, жұмыс орындарын құру, жаңа технологиялар және адами капиталды дамыту. Бір сөзбен айтқанда, бизнес мемлекетке халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға көмектеседі. Бұл атаулы жоба бизнеске неғұрлым тиімді жағдай жасаса, соғұрлым ол жұмыс істеп, қоғамға пайда әкеледі.
Міне, дәл осындай келісіммен жұмыс жасауда Көксу қант зауыты келісімшарт жасасты. Зауыт – қант өндіру бойынша қант қызылшасын өңдеу саласында жұмыс істейтін кәсіпорын.
Осы ретте айта кетсек, 2017 жылы технологиялық процесті толық автоматтандыру жүргізілген. Зауытта жаңа жабдықтар, неміс, швед және украин өндірісі орнатылған. Центрифугалар, вакуумдық аппараттар, буландыру станциялары ауыстырылып, арнайы тас ұстағыш орнатылған. Зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне 2000-2200 тоннаны құрайды. Сондай-ақ мазутты тұтыну 40% - ға төмендеді. Қабылдаудың алғашқы күндері Ескелді, Көксу, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласының ауылшаруашылық тауар өндірушілері Көксу қант зауытына 400 тоннадан астам қызылша тапсырған.
Зауыт директоры Алтынбек Аббатовтың айтуынша, Көксу қант зауыты 80% - ға жаңғыртылған, өндіріс толығымен автоматтандырылған, бұл қант сапасын бірнеше есе арттырады. Өте маңызды сәт – қант зауытының табиғи газға көшуі. Экологиялық таза отынмен зауыт екінші жыл жұмыс істеп келеді. Бұл кәсіпорынның өзі үшін экономикалық жағынан тиімді және аймақтың экологиясы үшін де өте пайдалы. Егер бұрын бір маусымда кәсіпорын 10 мың тонна мазут жақса, газдың келуімен отын шығыны 1,5 есе азайған. «Бүгінгі таңда Көксу қант зауытында жабдықтарға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілген. Қызылша қабылдау пунктінде таразы жабдығы толығымен ауыстырылып, оның орнына электрондық жабдық орнатылған. Барлық үймелеу машиналарына күрделі жөндеу жүргізілді. Барлығы 5 бума жұмыс істейді. Сондай-ақ, зауытта шикізатты қайта өңдеу желісі орнатылған. Бұл өз кезегінде кәсіпорынның жыл бойғы жұмысын қамтамасыз етеді. Жөндеу кезінде зауытта 250-ден астам адам жұмыс істеді, маусымға 200-ге жуық адам қатысады. Кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары жалғасуда», - деді кәсіпорын басшысы.
Айта кетейік, өткен жылы Көксу қант зауытында 230 мың тонна шикізат өңделіп, 20 мың тоннадан астам түйіршіктелген қант өндірілді. Бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлық қысымынан және әкімшілік кедергілерден қорғау, сөзсіз, негізгі басымдықтардың бірі болып табылады.