
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» - деп хакім Абай айтқандай осы бір қиын да, жауапкершілігі мол мамандық иелерінің елден алар алғысы да шексіз. Неге дейсіз ғой? Оған біздің кейіпкеріміз жауап болмақ.
Нұрғалиев Әділет Қайратұлы 1990 жылдың 18 желтоқсанында Көксу ауданы, Жетіжал ауылында дүнеге келген. Туған жеріне неге тоқталып отыр дерсіздер. Олай дейтініміз, «Туған жерге туыңды тік», - деп бабалар аманатын арқалаған Әділет Қайратұлы бүгінгі таңда сол өзінің кіндік қаны тамған туған жерінде туған елдің игілігі үшін, ертеңі үшін еңбек етуде. Ертеңі?! Иә, ертеңі үшін. Себебі, бүгінгі жас ұрпақ, ертеңгі елдің болашағы. Ал, сол болашақтың жарқын болуына негіз қалайтын ол әрине – ұстаз!
Нұрғалиев Әділет Қайратұлы жас та болса, бас болып сол ұстаздар ұжымын басқарып отырған жайы бар. Жай ғана басқарып отыр деу жеткіліксіз болар. Бүгінгідей қиын қыстау мезетте ұжыммен береке-бірлікте, ауызбіршілікте жоғарғы жұмыс сапасын көрсетіп қызмет атқаруда.
Евразия технологиялық университетін аяқтаған ол, алғашқы еңбек жолын Алматы қаласы, Түрксіб ауданы 107 мектеп-лицейінде география пәнінің мұғалімі болып бастайды. Кейіпкеріміз әлемнің кереметтерін, мұхитын, теңізін оқушыларына таныта жүріп, білім саласында теңізге қосқан тамшыдай аянбай еңбек етіп келеді. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын, жаманның жаманшылығын айт құты қашсын», - демей ме дана қазақ. Мұны неге айтып отырмын. Өзім де еңбек жолын жаңадан бастап жатқан жас маманмын. Әйтсе де, Әділет Қайратұлының тарапынан жас мамандарға жасалып жатқан қолдаудың арқасында біз де жаспыз деп қол қусырып отырғанымыз жоқ. Өзім сияқты білетіні бір тоғыз, білмейтіні тоқсан тоғыз жас мамандарға айтарым, осындай ісі үлгі боларлық, атқарғаны нарға жүк боларлық азаматтарға қарап бой түзеп, білімнің заңғар шыңына бірге шығайық. Жас келсе – іске деген осы болар!Жас мамандар атынан Нұрғалиев Әділет Қайратұлына біздің де айтар алғысымыз шексіз.
Әйгерім ҚАЗБЕК,
Жетіжал орта мектебінің
Қазақ тілі мен әдебиет
пәнінің мұғалімі