
«Жаман айтпай, жақсы жоқ»,- дейді дана халқымыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қаққан дабылы бойынша алдағы уақытта пандемияның екінші толқыны болуы мүмкін деген болжам бар. Осыған байланысты аудандық аурухананың мәліметі бойынша өңірде жүйелі дайындық жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта өңірде коронавирус індеті мен пневмонияның жаңа жағдайлары анықталған жоқ. Сырқаттанушылықтың төмендеуіне байланысты провизорлық стационар жабық. Тек жұқпалы аурулар ауруханасы ғана жұмыс істеп тұр. Бұған қоса күзгі толқынға дайындық шаралары жүріп жатыр. Коронавирустық инфекциямен күресу үшін 65 төсектік провизорлық бөлімше дайын. Сондай-ақ, аталмыш инфекцияға ұқсас белгілері бар науқастарды қабылдау үшін екі сүзгі-кабинеті дайындалған. Барлық медицина қызметкерлеріне коронавирустық инфекцияны анықтау және емдеу алгоритмдерінің нұсқаулары мен диагностикалау және емдеу хаттамалары бойынша оқыту жүргізілді. Жеке қорғану құралдарының және дәрілік препараттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қоры құрылды. Бір рет қолданылатын сүлгілердің дезинфекциялық, антисептикалық және жуғыш заттарының қоры бар. Тіпті қоңырауларды қабылдау үшін арнайы Call орталық та ұйымдастырылды.
Аудандық емхана кадрлар құрамы - терапевт, реаниматолог, эпидемиолог және инфекционист дәрігерлерімен жасақталған. Бұл тұрғыда кадр тапшылығы байқалмайды да. Коронавирустың алдын алу, емдеу және оңалту клиникасы бойынша медициналық қызметкерлермен семинар сабақтары тұрақты негізде өткізіледі. Атын атаса құлаққа түрпідей тиетін коронавирустық инфекциямен күреске тартылған 42 медициналық персонал, яғни провизорлық бөлімше және сүзгі қызметкерлері жұмыс уақытында аудандық стадионда қалтқысыз жұмыс жасады. Барлық қызметкерлер қорғаныс құралдары мен бір рет қолданылатын маскалар, қолғаптар және антисептиктермен толықтай қамтылған.
Аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатыр. Қазіргі таңда 31 оттегі концентраторы, 4 өкпені жедел желдету мен 3 рентген аппараты, 50 пульсоксиметр бар. Бұдан бөлек пандемия кезінде аудандық ауруханаға жеке кәсіпкерлер мен ерікті жастар есебінен 14 млн.теңгеге 28 дана оттегі консентраторы және 15 млн.теңгеге 1 жедел өкпе желдеткіші аппараты жеткізілген. Сондай-ақ, 7 млн. 8 мың теңгеге 37 оттегі нүктесі орнатылған.
Өткенге көз жүгіртсек, 2020 жылдың он алтыншы наурызынан бастап тамыз айының жиырмасына дейінгі аралықта аудандық орталық аурухананың провизорлық бөлімшесінде пневмониямен ауырған 376 науқас емделді, соның ішінде 70 науқас Талдықорған қаласының тұрғындары. Бұлардан басқа шілде айында аурудың өршуі кезінде күндізгі стационар жағдайында пневмонияның жеңіл түрлерін емдеуде нәтижелі жұмыспен аяқталып, 76 науқас күндізгі стационарда емделіп шықты. Емдеу іс-шараларын бақылау және жүргізу, сондай-ақ үй карантиніндегі және амбулаториялық жағдайда емделудегі адамдардан материал алу үшін 11 мобильді бригада құрылып, барлығы 1241 науқасқа қызмет көрсетілді.
Әлемдік коронавирустық пандемиясы кезінде Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары әзірленді. Карантиндік іс-шаралардың енгізілуіне байланысты мәжбүрлі демалыстағы қызметкерлерге қырық екі мың бес жүз теңгеден төленді. Халықтың аз қамтылған алты мың алты жүз сексен сегіз адамға азық-түлік тұрмыстық жиынтықтары үшін бес мың бес жүз елу алты теңге төленді және екі жүз жеті аз қамтылған отбасына атаулы әлеуметтік көмек, бір жастан алты жасқа дейінгі мың төрт жүз он сегіз балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакет берілді, екі мың үш жүз жеті адамның коммуналдық шығындары өтелді.
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Biz birgemiz» акциясы аясында «Nur Otan» партиясының мүшелері мен еріктілер тобы тоғыз жүз үштен астам отбасына азық-түлік қоржынын жеткізіп, алты жүз жетпіс тоғыз адам елу мың теңгеден алды.
Түйін: Күніне тоқсан түрлі пәле көрсек те, бір Алладан күдерін үзбеген елміз. Қазақ жұрты, қазақ халқы не көрмеді. Басынан небір зұлмат күндерді өткізді. «Өткенді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді», - деген дана халқымыздың дара сөзі бар. Иә, өткен ғасыр, таңбалы тарих әр қазақтың жадында. Жазар жырым көкейде сайрап тұрғанымен, айтпағым басқа дүние. Аштық пен соғысқа, бодандық пен азғындыққа мойымай төтеп берген қайсар қазақ дәл қазіргі сәттегі пандемияны да жеңіп шығады. Мен оған кәміл сенемін. Күмәнім жоқ. Тек қанға сіңген қасиетіміз қарапайымдылық пен бабадан қалған бірлігімізді жоғалтып алмасақ болғаны. Сөз соңында айтарым, сақтық шараларын сақтап, карантиндік шектеулерден шетке шығып кетпей тәртіпке бағынайық. Бұлт артынан күн шығатын заман алыс емес. Тек жарқын болашаққа сенейік!