
Бәрімізге белгілі, Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде еліміздің әл-ауқатын одан әрі дамыту мәселесі бойынша бірқатар жобаларды нақтылаған болатын. Соның ішінде, «Құтты мекен» бағдарламасы ауылдарды дамытуға арналған бастамалардың бірі.
«Ауыл және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған «Құтты мекен» жаңа жобасын ұсынамын. Жоба жұмысын іске асыруды алдымен партияға тапсырамын. Мұндағы басты мақсат - болашағы бар ауылдарды сақтап қалу. Егер жоба сәтті жүзеге асырылса 7,5 мың елді мекен тұрғындарының жағдайын ілгерілету мүмкіндігі туады», - деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасының бастамаларын әрдайым орындап жүрген аудандық жолдар бөлімі осы жолы да «Құтты мекен» бағдарламасын қолдап, ауыл дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Өткен 2018 жылы аудан бойынша бірқатар істер атқарылып, ауданымыздың жолдарына сән кіргендей болды. Нақтылайтын болсақ, ауданның ішкі жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жасалынды, яғни, Балпық би ауылындағы Ғарышкер, Жансүгіров Мәулімбай, Бақтыбай батыр, Бақай батыр мен Нартбай датқа көшелері, Теректі ауылы бойынша Алимамедов, Дүйсенбек көшелері, Жетіжал ауылы Тоқсанбаев, Кәкенов көшесі және Көксу бекетіндегі мешіттен колледжге дейінгі жол жасалынып, ел игілігіне берілді.
Игі бастама ағымдағы жылы да жалғасын таппақ. 2019 жылға ауданның ішкі жолдарына күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған, атап айтса, Балпық би ауылындағы Амангелді, Қонаев, Мырзабеков көшесіне, Көксу бекетіндегі Орақты батыр көшесіне күрделі жөндеу, Теректі ауылындағы Коммунистическая, Бозтоған ауылындағы Құндақбаева, Ақшатоған ауылындағы Орджоникидзе, Ақтекше ауылындағы Мақұлбеков, Алғабас ауылындағы Көмекбай көшесіне орташа жөндеу жұмысы және Қызылтоған ауылындағы Нұрахмет көшесіне орташа жөндеу жұмысы атқарылуда деп күтілуде. Аудандық Ішкі істер бөлімінің жол қадағалау ұйғарымдары негізінде 27 дана жол белгілер орнатылды.
Бұл бағдарлама бойынша аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлының да атқарған еңбегі зор. Ауданымызға назар салсақ, көркінен көз ала алмайсың... Ауылды дамытқың келсе, өзіңнен баста дегім келеді.