АУДАН ТЫНЫСЫ

Қайырымдылық қайыры

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 02.04.2021
Оқылды: 1540 Печать страницы
Қайырымдылық қайыры

«Айнабұлақ» мешітінде сауапты іс жасалып, жағдайы төмен, көп балалы және табысы аз отбасыларға қайырымыдылық көрсетілді. Бұл игі шараны ауыл азаматтары ағайынды Қанағат пен Мақсат Рамазановтар ұйымдастырды.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген еді ата – бабаларымыз. Халқымызда өзгеге қол ұшын беру, өзінде бармен бөлісу ежелден келе жатқан дәстүр. Қайырымдылық, адамгершілік іс – ізгіліктің бастауы. Көмекке мұқтаждарға жүрек жылуын ұсынып, сауабын алу – әрбір кісінің азаматтық парызы екен. Әбу Һурайра риуаят еткен хадисте: «Бір кісі шөл далада кетіп бара жатып, бұлт арасынан: «пәленшенің бақшасына құйыңдар!» - деген дауысты естіді. Әлгі бұлт тасты жерге бойындағы суын төгіп салады. Сол жердегі бір арық барлық жаңбыр суын бойына тартып алды да, аға жөнелді. Ал бақшасында тұрған кісі су арнасын кетпенімен керек жеріне бұра бастады. Сонда оған таңырқаған жолаушы: «Әй, Алланың құлы! Сенің есімің кім?»- деп сұрады. Бақшадағы кісі болса: «Әй, Алланың құлы! Менің есімімді неге сұрадың?» - дейді. Әлгі жолаушы аспаннан құйылған жаңбырдың суына таңданғанын, бұлт арасынан «пәленшенің бақшасына құйыңдар» деген дауыстан бақша иесінің атын естігенін айтып, бұл бақшадағы өнімді қайда жұмсайтындығын сұрайды. Бақша иесі үштен бірін садақа ететінін, тағы бір үштен бірін өз жанұясы азық ететінін, қалған үштен бірін осы бақшаға салатынын айтады.
Осы мысалдан алар сабақ мол. Қайырымдылық жасасаң, қарымы мен сауабы мол болатынын жақсы білетін Рамазановтар әулеті жағдайы төмен отбасыларға азық – түлік, ет өнімдерін тегін таратып, мол сауапқа кенелді. «Бізге жақыннан көмектесіп, қуаныш пен ризашылыққа бөлеп жатқан ауыл азаматтары Қанағат пен Мақсат Рамазановтарға шын ыстық ықыласымызбен мың алғысымызды білдіреміз. Алла тағаланың оларға нұры жаусын! Жүректері ізгілікке толы осындай азаматтарымыз көп болсын! Олардың жасаған сый-сияпатына отбасымыз дән риза болуда. Иман жолындағы істерін Жаратқан Иеміз қолдасын. Отбасыларына амандық, бақ-береке тілейміз», - деді ағынан жарылған ауыл тұрғындары.
Біздің қоғамға өз ісінің майталман маманы, иманды, жанашыр, дәстүрлі құндылықтарды құрметтейтін парасатты жастар қажет. Білім мен көркем мінезді, ар мен ұятты өз бойына ұялатқан адам елдің игілігі үшін ерен еңбек етпек. «Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты. Расында, адамға ниет еткені тиесілі», – деген тағылымды хадис бар. Жақсы ниет жақсылыққа жетелейді екен. Қайырымды жандардың демеушілігімен берілген ауылдағы тұрмыстық жағдайы төмен, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен 30 отбасыға  бір  миллион көлемінде азық- түлік түрінде және шикідей ет түрінде таратылды. Бұл өз кезегінде өзге адамдарға үлгі ғана емес, өмірде, тіпті ауылымызда қайырымды жандардың бар екенін және жомарт жүректі азаматтардың ортамызда жүргенінің айғағы.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.