
Көксу ауданы Балпық би ауылындағы "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша 50 пәтерлі жалгерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Аудан әкімі Алмас Әділдің айтуынша, құрылыс жұмыстарын жарты жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр екен. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
"Бүгінгі таңда көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. 50 пәтерлі үй салуға және инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысының объектілеріне жобалау-сметалық құжаттама дайындалды. Олардың барлығы сараптамадан өтті. Бұдан басқа, 20 пәтерглі тағы бір тұрғын үйдің ЖСҚ әзірленді.", - деді Алмас Әділ.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың ақпан айында "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырған болатын. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысына жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінеді. Тағы 50 миллиард теңге жеңілдікті ипотеканы субсидиялау үшін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" бөлінетін болады деген. Нұрсұлтан Әбішұлы сондай-ақ жылдық 2% - бен ипотекалық кредит беру бағдарламасын әзірлеп, табысы аз адамдар үшін тұрғын үй мәселесін шешу үшін республикалық бюджетте резервтер табуға нұсқау берген болатын.