
Журналист мамандығы – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын осы бір кәсіп иелерінің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бұл әрине, қуантарлық жәйт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 маусымды ақпарат қызметкерлері күні деп белгілеуі - қуанышымызды еселей түскендей.
«Журналистің жегені - жантық, арқалағаны - алтын» дейді жазушы Шерхан Мұртаза. Халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын қалам иелері қашан да мақтауға лайықты.
Осындай ойы ұшқыр қалам иелерін бір шаңырақ астына топтастырып отырған ауданымыздың газеті - «Нұрлы Көксу» редакциясы. Әлихан Бөкейхан айтқан төрт қағида бар. «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі; екінші: газет — жұртқа қызмет ететін нәрсе; үшінші: газет – халыққа білім таратушы; төртінші: газет — халықтың жоқтаушысы». Газет болмаса біз көптеген қажетті мәліметтерді, әлемде болып жатқан жаңалықтарды білмес едік. Қазір интернет дамыған заман болса да, газет оқу өте пайдалы. Әсіресе өз ана тілімізде, өз ауданымыздан шығатын «Нұрлы Көксу» газетін неге жазылып, оқымасқа.
Газет те адам сияқты қолдауды, қолпаштауды күтеді. Газеттер жойылмай, үнемі сұранысқа ие болып, оны халық үзбей жылда жазылып отырса, ол жойылмай, әрі қарай халық үшін қызмет етіп, адам өміріне бір қажетін табады.
Бүгiнгi таңда тілімізді сақтап қалудың бірден бір жолы ана тiлімiзде шығатын газет-журнaлдaрдың бұқаралық беделін көтеру, кеңінен насихаттау, сонымен қатар, әр қазақ отбасына жаздырып алу.
Біздің газетіміз - ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар ететін бірден-бір жаңалық жаршысы. Ал, сол апта сайын халық қолына сапалы жеткізіліп отырған газетті жасаушы - редакция ұжымы өз жұмыстарына тыңғылықты, байыппен қарайды.
Бүгінгі мереке қарсаңында барлық ақпараттық сала қызметкерлеріне жұмыстарына табыс тілейміз! Атқарған еңбек пен төккен тер – Тәуелсіздікті тұғырлы етуге жұмсала берсін. Қалам құдіреті шығармашылықтың шыңына жетелеп, абырой-беделдің биігінде асқақтаңыздар.
Мереке құтты болсын!
Диляра ЮСУПОВА