АУДАН ТЫНЫСЫ

Жастар саябағы ашылды

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 18.07.2019
Оқылды: 612 Печать страницы
Жастар саябағы ашылды

Оңғаров Батыржан Нұрбекұлы 1959 жылғы 1 - мамырда Талдықорған облысына қарасты Киров ауданындағы Алғабас колхозында дүниеге келген. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында Батыржан аға жас та болса, бас бола білді. Ескелді, Балпық билер сынды таңдай тілді шешендер мен маңдайы жарық көсемдер ат суарған Көксу өңірінде кіндігі кесілген боздақ бала тасқа тамыр байлатар талабымен қаршадайынан жұрттың көзіне түсіп, аузына ерте іліккен еді. Кішілігі кісілігіне төр берген қарапайым қалыбы мен қара сөзден қаймақ айырып, көкейдегіні көмейден танитын ағамызды жер жәннаты Жетісудағы жасампаздықтың жалау ортасы жастар қауымының жетекшілігін өрлетті. Кербұлақ аудандық, содан соң Талдықорған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығын абыроймен атқарды. Мәртебелі мінберлерден айтылған иірімге толы идеяларға, алтынкүрек ой ағынына жүрек үнін жалғаған, аңсары алысқа самғаған жас-желең топтың арасында жасындай жарқылдап жүріп, Көксу ауданы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалып, кемеліне келер, кемеліне толар шағына қадам басқанда бақилық болды. Батыржан ағамыз тірі болғанда, ел ағаларының қасынан табылып, ел билігіне белсенді араласып, мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесін қосатынына күмәніміз жоқ. Ағамыздың өмірі аққан жұлдыз секілді қысқа болса да, сәулелі де мағыналы болып, елдің есінде мәңгілікке қалды. Ақылы мен ойы мінезіне сай, адами асқақ рухты, отаншыл, ұлтжанды  туған елінің нағыз патриоты тірі болғанда 60 жасқа толар еді.
Осыған байланысты 2019 жылдың 12 маусым күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен, ел дамуының жарқын үлгісін, нақты бағытын көрсететін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, «Жастар жылына» арналған Алғабас ауылында жалпы аумағы жарты гектар жерді алып жатқан, іші жасыл желекке оранған, балалар ойын алаңы  орналастырылған  «Батыржан Оңғаров құрметіне арналған жастар саябағы» ашылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов, ұшқыш Айдын Айымбетов, кино және театр актеры Досхан Жолжақсынов, аудан әкімі Алмас Әділ, кәсіпкерлер, Батыржан Нұрбекұлының туған туыстары мен  көзін көрген замандастары және аудан тұрғындары қатысты.
Бұл күн Алғабас ауылы тұрғындарының мерекесі. Себебі, атажұртқа адал, Батыржан Оңғаровтың ізін жалғастырушы азаматтар, атап айтсақ, Тұрысбек Миятбеков, Серпін және Серік Иманбековтар, Бауыржан Оңғаров, Сайлау Абайділдановтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, 45 миллион көлемінде тамаша саябақ салып берді.
Осы жобаны жүзеге асырған бес меценаттың    барлығы   Алғабас ауылында туып-өскен. Осы аяулы ананың аялы алақанынан ауданымыздың атын шығарып жүрген талай ұлы ғалымдар, ақындар мен жазушылар, нардың жүгін арқалаған азаматтар, көптеген қоғам қайраткерлері түлеп ұшқан. Сондай даңқты, дара тұлғаларымыздың бірі – Батыржан Оңғаров ағамыз. «Адам – бір көшкен керуен» дейді бұрынғының данышпандары. Жалғанның өткіншілігін, пәнидің баянсыздығын тұспалдағаны болар. Мұсылман баласы білетін үш ғайыптың бірі – сұм ажал ортамыздан тас шайнап, от бүріккен жастықтың тасқайрақтай шағылмаған тұсында елді ұйымдастырушылық қабілетімен ұйытып, әртүрлі баянды бастамаларға дем берген Батыржан Оңғаровты оқыстан жұлып әкеткеніне 27 жыл болды.
Батыржан ағамыздың атымен аудан орталығында орталық стадион күрделі жөндеуден өтіп, алыстан мен мұндалап тұр.
Туған жердің әр түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекен – алтын бесігін бір сәт естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні сөзсіз. Өйткені, азамат бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жердің топырағынан дариды.
Бүгінге дейін ауданымызда туған ауылына қарайласып келе жатқан азаматтар аз емес. Атымтай жомарт азаматтарымыз өз есептерінен көпбалалы отбасыларға пәтер, жастарға жасыл алаң, ауылға жарық шамдарын орнатуда. Туған жердің тасын өрге домалатуға үлес қосып отырған аймақтың осындай жомарт азаматтарының жүрегінде жанашырлық пен сүйіспеншілік сезімі, ел мен жерге адал қызмет жасау ұстанымы биік тұрғаны анық. Өмірде заңғар таудай адамдар аз емес. Олардың азаматтығы мен адалдығы атқарған еңбегі мен игі істері ел есінде мәңгілікке сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп, жалғасып отырады.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, ауданымыз Батыржан аға есімімен аталатын тағы бір нысанмен толығып отыр.
«Өмірде әртүрлі адамдар кездеседі. Жақын жүріп бір-бірін жақсы білмейтін немесе бір көргеннен-ақ бірге туған бауырдай болып мидай араласып кететін жандар аз болмайды. Батыржанмен сонау 80-ші жылдары танысып, содан бері ағайын-туыстай болып араласып кеттік. Ол кішіпейілдігімен, ақ-жарқындығымен, адалдығымен бізді баурап алды. Қазақтың бойындағы өлшеп, пішіп қойған дарқандық жас буын мен аға буынның арасындағы адамгершілік таразысының безбенге түскен шағында кімнің кім екенін сынап, білген сәтте Батыржан оқ бойы алға шығушы еді. Достоевский қазақты ұлы Шоқан арқылы сүйсе, мен де осы Жетісу жастарын Батыржан арқылы танып, біліп, ерекше құрметтеп кеттім. Алматыда кездесіп, танысқаннан кейін оның жанұясымен де араласып кеттік. Қашан да ол нағыз азамат еді, жайдарылығымен, мәрттігімен өзіңді еріксіз өзіне тартып алатын еді» - деді Досхан Жолжақсынов.
«Біздің идеямызды іске асырмас бұрын, біз ондаған қалалық және ауылдық саябақтарды аралап, жобамызға даралылықты енгізу үшін көріп шықтық. Өткен жылдың соңында бөлінген учаскеде 70 қылқан жапырақты ағаш отырғызылды, ал күн жылыған соң сахнаның, балаларға арналған алаңның құрылысы мен салтанатты іс-шаралардың аумағын абаттандыруға кірісіп кетті. Біз туған ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау – бұл патриотизмді көрсету ғана емес, бұл біздің азаматтық парызымыз деп білеміз, - деп түсіндірді Бауыржан Оңғаров.
Ауданымыздың бүгінгі жағдайы жаңа серпінмен түзеліп келеді. Оны жандандыру бәсекеге қабілетті қазақ елінің жігерлі жастарына жүктеліп отыр. Демалыс орнында арлы-берлі жүйіткіп ойнап жүрген балалар, кітап оқып отырған жастар, әңгіме қызығын үзе алмай қыдырып жүрген үлкендер көп болады деген сенімдеміз.
Салтанатты іс-шара соңы ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері мен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламамен жалғасты.
Туған жеріміз одан әрі дамып, береке орнасын. Еліміз тыныш, ертеңіміз еңселі болсын! Қазыналы қарттар, жалынды жастар, бақытты сәбилеріміз аман болсын!

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.