ИМАНАШАР

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай

Санат: ИМАНАШАР
Уақыты: 13.05.2020
Оқылды: 319 Печать страницы
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай

Рамазан - игілік, береке, кешірім, мейірім және қайырымдылық айы, осы айда шайтан шынжырланып, ел ішінде игі істер жасаушылар өзара жарысқа түсетін ай. Міне, бұл - жер жүзіндегі күллі мұсылман аңсап күткен үммет айы! Бұл айда исламның бес парызының бірі – ораза ұстап ауыз бекітеміз. Ораза араб тіліндегі «саум» сөзі «алыстау» деген мағына берсе, шариғаттағы мағынасы - мұсылман адамның шын ниетпен таң атқаннан, күн батқанға дейін ішіп-жеуден бас тартып, ауыз бекіту және құмарлық сезімдерден өзін тиюы. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендер-ге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) – деп бұйырылған. Хадис-шарифте: «Ислам бес тірекке негізделген: Алладан басқа ешбір құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық және рамазанда ораза тұту», деп ораза ұстау исламның шартынан екендігін білдірсе, мына хадисте: «Кімде-кім шын көңілмен иланып, кәміл иманмен, сауабын Алла Тағаладан күтіп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі» дей келе, оразаның ұлық ғибадат екендігін сүйіншілейді. Ораза ұстаған кісіге берілетін сауапты тілмен айтып жеткізу де, сипаттау да мүмкін емес. Рамазан айы тек оразаның сауабына кенелетін емес, күнәлардың да кешірілетін кешірім айы. Жаратқан Алла Тағала ораза ұстағандарды көз көрмеген, құлақ естімеген және адамзат қиялы жетпейтін жақсылығымен марапаттайды. Адам пенделікпен өзге құлшылықты көрер көзге, атақ, абырой үшін жасауы мүмкін. Алайда оразаны көрер көзге ешкім риялықпен тұта ал-майды. Оразаны Аллаға шын сенген мұсылман ғана ұстайды. Алайда, ораза тек таңның аты-сынан күннің батысына дейін нәр татпау ғана емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ол денсаулықты сауықтыру арқылы тәнді ру-хани тазартады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы болады», – деп тектен тек айтпаған. Бұл айда мұсылман баласы жүрек түкпіріне түрлі арам ойлардың уақытша ұялауына да жол бермей, нәпсімен тынымсыз айқасады. Ораза – тек ішім-жемге ауыз бекіту емес, Алла разы болмайтын барша істерден, сөздер мен қылықтардан тыйылып, күллі ізгілікке бет бұру. Ораза – Құран түскен ай: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім ра-мазан айында болса, ораза ұстасын... әрі Алланы ұлықтаңдар» (Бақара: 184-185) деген. Сондықтан бұл айда бастан-аяқ қайта-қайта Құран оқылып, күллі жерде оның қасиетті үні естіліп, көкке шарықтап жатады. Сондай-ақ ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы бекітулі жан әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әре-кеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын» деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабырға келеді. Ал, сабырлылықтың сыйы – Жәннат. Рамазан айында құлшылығын арттырған мұсылманның әрбір жасаған іс-әрекеттеріне еселеп сауап жазылып, ризық-несібесі артады. Сондықтан Алла Тағаланың мүбәрак айда бер-ген мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануымызды жазсын. Қазіргі кезеңде індет қауіпіне байланысты елімізде біршама қиындықтар болып тұр.Расында асыл дініміз үкімдерінде қиындық жоқ. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз : «Шындығында дін – жеңіл», – деген. Ислам дініндегі әрбір ғибадаттың, парыздың оңтайлы тұстары бар. Хақ Тағала пенделеріне ауыр істі жүктеп, қиындыққа душар етуді қаламайды. Ел басына түскен бұл ауыртпалықты Алланың сынағы деп қабылдағанымыз жөн. Қасиетті Құран Кәрімнің Шарх сүресінде Алла Тағала: «Әр қиындықпен бірге сөзсіз жеңілдік келеді» - дейді. Әлемді алаңдатқан індеттің беті қайтып, мамыражай тіршілік қайта орнап, мешіттеріміздің есігі айқара ашылып, жұмада, намаздарда жамағатымызбен қайта қауышуды Раббымыз нәсіп етсін! Қасиетті айда жасаған ғибадаттарымыз бен дұға-тілектеріміз қабыл болып, ел іргесі аман болсын!Еділбек ЕРІМБЕТ,Көксу ауданының бас имамы

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.