ИМАНАШАР

Уақыт

Санат: ИМАНАШАР
Уақыты: 16.07.2020
Оқылды: 267 Печать страницы
Уақыт

Кез-келген адам уақыт өте келе босқа өткізген уақыты үшін өз ұжданы алдында ұялары сөзсіз. Баға жетпес қымбат уақытымызды немқұрайлылықпен жасайтын түкке тұрғысыз дүниелер үшін жұмсап жатқанымызды жақсы түсінеміз. Бірақ, өкінішке орай, ұзақ сонар уақытты «өлтірудің» ақыры бізді бұл дүниеде болсын, мәңгі дүниеде болсын не нәрсеге әкеліп соғатыны жөнінде бас қатырып жатқанымыз шамалы.
Уақытты қалай бағалаймыз? Оны үнемдеуді қалай үйренеміз? Уақыттың қадірін қайтсек біле аламыз?
Уақыт қайтып келмейді
Әрбір шыққан деміміз арқылы өміріміз қысқара түсуде. Бос өткізіп алған уақытымызды, қайтара алмаймыз. Уақыт – Алла Тағаланың бізге берген шексіз нығметі, оны өз игілігімізге жаратамыз не болмаса зая кетіріп, өзімізге масыл етеміз, сол үшін де Алла алдында жауапқа тартыламыз. Алланың жаратқан пендесінің ең құнды байлығы — оның осы дүниедегі өлшеулі ғұмыры. Алланың кімге қанша уақыт ғұмыр бергенін ешкім де білмейді, дей тұрғанмен, осы өмірдің өзі Алла Тағаланың бізге берген ең қымбат сыйы әрі ең үлкен сынағы болып табылады.
«Ей, Адамның ұрпағы, сен – бұл сенің күндерің. Күнің өткенде, онымен бірге сенің өмірің де кетеді» (Хасан Әл-Басри)
Уақыттың берекесі- қадірін білуде
Алла Елшісінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
«Қиямет күнi төрт нәрседен сұралмай, құлдың аяғы жылжымайды: өмiрiн қалай өткiзгендiгi, жастық шағын қалай өткiзгендiгi, мал-дүниесiн қалай тауып, қайда жұмсағандығы, бiлiмiне қалай амал еткендiгi»,- делінген. (Тирмизи)
Бірде Хассан Басри: «Сендер дирхемдерің мен динарларыңды қалай құнттап ұстасаңдар, мен уақыттарына ұқыпты қарайтын адамдарды көрдім».
«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсеге ұқыптылық таныт: кәрілік келмей тұрып, жастық шағыңды, дерт келмей тұрып, деннің саулығын бағала, кедейлік келмей тұрып, байлықты, бос болмай тұрып, бос уақытты бағала, өлім келмей тұрып, өміріңді бағала!»,- деген екен.
Жалқау адамды Алла сүймейді
Бір ғұлама: «Алла тағаланың адам баласын сүймеуінің бір белгісі – уақытын бос өткіздіріп қоюы. Осылайша, Алла ол адамды мол игіліктен құр алақан қалдырады». Күнін пайдасыз, бос өткізген жанға уақыттың қадірін жете түсіне алмаған адам деп қарауға болады. Бұрынғы өткен тақуа, игі адамдар уақыттарын қадір тұтқандары соншалықты: «Игі амалдарым көбеймеген күндерім үшін қатты қапаланамын»,- дейтін болған.
Әр сәтімізді жақсылық жасаумен әсемдейік
Сүйікті пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иман келтіргендерді уақыттарын босқа жібермеуге әрі өз уақытының игілігінен құр қалмауға үндеген:
«Адамдардың тәніндегі әрбір буыны күн шығатын әр күні садақа беруі тиіс: екі адам арасында жанжал шықса, сенің әділ болуың – садақа. Кісіге мініс көлігіне жәрдем беріп, оны көлігіне демеп мінгізіп жіберсең немесе оның жүгін әперсең – садақа. Сол секілді жақсы сөз сөйлесең – садақа. Намазға бара жатқандағы әр қадамың үшін де садақа жазылады. Адамдарға зарар келтіретін нәрсені жолдан алып тастау да – садақа» (Бұхари, Мүслим)

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.