ИМАНАШАР

ДІН – БІРЛІКТІҢ РУХАНИ ТІРЕГІ

Санат: ИМАНАШАР
Уақыты: 24.09.2020
Оқылды: 312 Печать страницы
ДІН – БІРЛІКТІҢ РУХАНИ ТІРЕГІ

Дін – ерте замандардан бері-ақ адамзат баласымен бірге жасасып келеді. Түрлі ерекшеліктерге байланысты адамдар арасында түрлі наным-сенім формаларының туындауы және олардың әр жерде әртүрлі деңгейде пісіп-жетіле отырып, дін ретінде қалыптасуы да өмір заңдылығы немесе рухани қажеттілігі еді. Адамзат тарихында бастан кешкен түрлі формациялар мен кезеңдерде діннің де формалары өзгеріп, халыққа қызмет етудегі рөлін жоғалтпай сақтап отырды. Адамзат баласы – ақыл-парасаттың, ғұлама ойдың және өзге де игіліктердің иесі. Ал, осы игіліктерге ие етіп тұрған – Жаратушы күштің барын адам ешқашан есінен шығарған емес. Осылайша, діннің қоғам өмірімен байланыстылығы өзгермей тұрмайтын құбылыс болғанымен, адам санасына әсер ететін, наным-сенім қалыптастыратын ерекше күш екендігі мойындалды.
Негізінен, әлемдегі адамзат мойындаған дәстүрлі діндер мен конфессиялар адамгершілік пен руханият құндылықтарына жетелейді. Адамдардың бойына, жүрегіне жылылық пен сүйіспеншілік ұялатады. Бұл ретте, дін кез-келген ұлттың салт-дәстүрлерін де жоққа шығармайды. Қайта олармен үндесіп, тонның ішкі бауындай жарасымды түрде қоғам дамуына жетелейді. Сондықтан, дін – қазіргі кезеңде қоғамның әлеуметтік және рухани дамуының маңызды құралы болып табылады. Дін арқылы адамдар өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жалғастырып, жаңғыртуда. Бұл орайда, қоғамдағы түрлі саяси-әлеуметтік құбылыстармен қатар, мәдени-рухани даму үшін де діннің атқарар қызметі зор екенін айта кеткен жөн.
Мәдениет саласында да оның ішіндегі діни наным-сенімдерге қатысты мәселелерді көңілден тыс, көзден таса қалдыруға болмайды. Мысалы, Қазақстан қаншама экономикалық және саяси жағынан дамыған мемлекетке айналып жатса да, мәдениетін өркендетуді доғарса, ол ешқашан өркениетті елдер қатарына қосыла алмас еді. Өйткені, қоғамда мәдениет пен адамгершіліктің ауылы алыстап, рухани жағынан кедей, жауапкершіліксіз, сүйіспеншілік сезімдерден ада адамдар қалыптасады да, даму үрдісі артқа кетер еді. Сондықтан да, дін мен салт-сананың бірлігі, тіпті, саясаттың да бірлігі кез-келген мемлекет үшін, қоғам дамуы үшін таптырмас қажеттілік болып саналады. Яғни, дін – әлеуметтік-мәдени байланыстардың ажырамас бір буыны іспетті.
Бүгінде адамға ең қажетті нәрсе – тәрбие. Әсіресе, бұл қазіргі жастарға өмірдегі шынайы құндылықтарды ұғынуы үшін өмірде өз орнын табуы мен жалпы тіршілік жөніндегі дүниетанымын кеңейту үшін қажет. Тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмеушілік қоғам тарапынан жастар тәрбиесіне салғырт және немкетті қарау, кейбір шектен шыққан әдепсіздік пен арсыздықтың көрініс беруіне алып келіп отырғаны шынайылық. Жастардың ұлттық тәрбиеге қырын қарауы, бұл батыстық тұтыну мәдениетіне еліктеушіліктен туындап отыр. Сондықтан, жастарға имандылықты, ұлттық дәстүрлерді насихаттап, сөзден іске көшу керек. Салт-санамыздағы тәрбиелік мәні бар құндылықтарды жастар арасында насихаттау үшін сөз бен іс-әрекеттеріміздің арасындағы сәйкестілік болу керек. Ұлттық рухтың уызын ұлттық құндылықтар құрайды. Ұлтына деген сүйіспеншілік тарихыңды, тіліңді, әдет-ғұрпыңды, дініңді білуден басталады. Қазақстан – 2050 Стратегиясында «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін-ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» – көрсетілген. Әрине, ұлттық дәстүрден және ата-баба дінінен хабары бар жас өзінің ұлттық болмысы мен рухани дүниесінен, ата дәстүрімен, ана сүтімен сіңген тәлім-тәрбиені өмір бойы ұстанады. Ата-баба өсиеттері, адамды тәрбиелілікке шақырып, оны игі істерге жетелейтіні белгілі. Ұлттық тәрбиенің бір негізі діни мәдениетімізде және өнегелі тәлім-тәрбиемізде жатыр. Адамзат пайғамбары: «Мен жақсы істерді жалғастыру үшін келдім», – деген.
Тәуелсіз Қазақстан әлемге діни бейбітшілік орнатудың бастамашысы ретінде танылған бірден бір мемлекет. Мемлекет басшысы елдегі дін төңірегінде туындаған дүрдараздықтарды ауыздықтауды бейбіт жолмен шешуге зор үлес қосып келеді. Қоғамдағы келiсiм негізінен бейбiт өмiр, саяси тұрақтылық үшiн жан аямай қызмет ету, сонымен қатар өз Отаны мен отбасына, туған елi мен жерiне деген сүйiспеншiлiктен ғана туады. Халық бiрлiгi, ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы, ортақ тарихымызға деген көзқарас, өзге ұлт өкілдеріне деген құрметiмiзді жеткiзу, насихаттау болып табылады.
Халықты имандылыққа баулуда қоғамның барлық институттары мен билік орындары да қол ұстаса отырып, ілгері қадам басуы керек. Міне, сонда ғана аспанымыз ашық, іргеміз тыныш болып, мемлекетіміздің мәртебесі биіктей түседі.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.