ИМАНАШАР

«Иманды жастар ұлт болашағы»

Санат: ИМАНАШАР
Уақыты: 01.10.2020
Оқылды: 506 Печать страницы
«Иманды жастар ұлт болашағы»

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!-деп Мағжан Жұмабаев өзінің «Жастар» өленіңде айтып кеткендей, ұрпағына зор үмітпен қараған. Намысы биік, айбынды, рухты жастар бар кезде, елдің іргесі мықты болады.
«Қазіргі кезде ел болашағы – жастардың қолында, Қазақстанның келешегін көркейтетін білімді ұрпақ». Жастар – ата-бабаларымыз салып кеткен дара жолдың мұрагері, кешегінің тұяғы, келешегіміздің тұтқалары. Тарихымыз сенім артқан иманды жастар – ұлт келбеті. Еліміздің тұңғыш Президенті ел жастарымен болған кезекті бір кездесуінде «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады,» — деген еді. Иманды жастар ұлт болашағы екені сөзсіз. Осы тұста  жастарға тағылымды тәрбие беріп, дұрыс жол сілтеуде дін мамандары өз істерін белсенді атқаруда.
Қазіргі таңда  иманға бет бұрған жастарымыз да қаншама. Бес парызын қалдырмай, кәлимасын тастамай иманды жастар өсуде. Елінің ертеңінің жарқын болатына сенетін ұл-қыздарымыз да бар. Біздің болашағымыз-жастар деген ұранмен өз елінің тілі үшін, діні үшін, ұлтының тыныштығы үшін жан салуда. Елбасымыз да келешек жастар үшін көптеген жағдай жасауда    .
          Имандылық қасиеттің сырына тереңірек үңілетін болсақ, қазақ халқы имандылықтың үш негізін өздеріне тірек еткен. Ол, біріншіден — дін. Яғни, ерте ғасырлардың өзінде – ақ ұлан – ғайыр қазақ сахарасына кең тарап, жергілікті ұлттардың (оның ішінде түркі тектес тайпалардың) арасына сіңіп, олардың өмір – тіршілігімен қабысып кеткен ақиқат діні – Ислам діні. Пайғамбарымыз Мұхаммед жайған діннің ең тазасын қаймағын бұзбай, сол қалпында елдің санасына жеткізген әулие аталарымыз. Халқымыз имандылық нұрының бастауларын сондай жүрек көзі ашылған перзенттерінен алды деп толық сеніммен айта аламыз. Екінші тірегі – салт – дәстүр. Қазақ тұрмысында «тал бесіктен жер бесікке» дейін қайталанып жататын далалық өркениеттің жарқын көрінісі. Салтынан, әдет – ғұрпынан қол үзбеген жұрттың кезінде талай өзге елдің өкілдерін, ғалым – зерттеушілерді тамсандырғанын білеміз. Имандылықтың үшінші тірегі – ана тілі. Ананың бал әлдиімен бойға дарып, жүрекке сіңген ана тілдің құдіреті байтақ даламызға береке дарытты, ұлттың ұлан – ғайыр жерде бытырап жоғалмай, бір шаңырақ астына бірігуіне күшті құрал болды.
Міне, осындай басты – басты үш қасиетті берік ұстаған ата – бабалар біздерге, кейінгі ұрпақтарына «адастырмас айқын жолды» көрсетіп кетті. Аталарымыз осындан мың жылдай бұрын тек қана Исламды таңдаған.
Олай болса сол асыл діннен бізді ешкім ажырата алмайды. Ол біздің қанымызда, жанымызда. Ислам діні – біздің өмір салтымыз. Мәдениетіміздің терең тамыры. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «тегіміз – түрік, дініміз — Ислам» екенін ешқашан ұмытпаймыз. Біз қайда жүрсекте Отанымызды сүйіп, өз еліміздің патриоты болсақ, онда ол нағыз иманның жоғары деңгейлі болғаны. Олай болса, отанымызға деген сүйіспеншілігіміз, адалдығымыз арта берсін. Болашағымыз салауатты болуы үшін, ұрпағымыз иманды болуы керек.

Қуаныш ДҮЙСЕНБАЕВ,
Көксу ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.