
Қайырымдылық – адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Қайырымдылық мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан да əрбір жан иесі қайырымдылық істеріне араласып, Жаратушының разылығын аңсаған халде бар ықыласымен мұқтаж жандарға қол ұшын беруі дұрыстың дұрысы.
Қазіргі таңда, біздің өмір сүріп отырған қоғамымызда мүмкіндігі шектеулі балалардың көбеюі елімізді алаңдататыны белгілі. Мүмкіндігі шектеулі жандар – тағдырдың тауқыметімен арпалысып жүрген, аялы алақан мен мейірімді жүрекке зәру жандар. Кемтарлықтың қыл бұғауын мойнына ерте ілген жандардың біздің қоғамымызда алатын орны ерекше. Ал, осындай жандарға көңіл бөлу, жанашырлық таныту – бұл ұлы іс.
Өткен аптада, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай, Мәмбет ауылы «Динара» мейрамханасында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып ақ дастархан жайылды. Сол ауылдың үлкенді-кішілі қонақтары шақырылып, ән айтылып, би де биленді. Аруна Балабекова, Бағжанар Рысбек, Назерке Сәрсембина сияқты әнші болуды армандаған қыздарымыз өз өнерлерін көрсетті.
Жиын барысында, аудан әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков өз кезегінде ауыл тұрғындарын наурыз мерекесімен құттықтап, тілегін білдірді.
Жалпылай алғанда, мейрамға арнайы ұйымдастырылған бұл шара – барлық жандарға қуаныш сыйлап, көңілдеріне шапағат нұрын қондырды. Ал, осындай игі шараның тізгінін ұстап, барын салып үлкені мен кішісіне медет болып жүрген - «Салауат» мүгедектер орталығының» жетекшісі Дәурен Искаковтың еңбегі зор.
Дәурен Искаков - тағдырдың сынына мойымаған азамат. Ол – белсенді, оптимист, көпшіл. Ол – өзіндей жүздеген жанның басын біріктіріп, тасада қалған тағдырлы, мүгедек балалардың қоғаммен араласуына күш салып жүр.
Жыл сайын ұйымдастырылатын осындай шаралар ауданымызда жандана берсін. Әр бала бақытты болу үшін жаралған. Ал, сол бақытты сыйлап жүрген жанашыр жандарымыз аман болсын!