
Ислам – әдептілік және жақсы мінез діні. Пайғамбарымыз бірде «Жақсы мінездерді толықтыру үшін, жақсы мінездерді дүниеге жаю үшін жіберілдім.» десе, тағы да «Сендердің иман жағынан кәміл болғандарың мінезі жақсы болып, адамдарға жақсылық жасағандарың» деп тіпті иманды да мінезбен және адамдарға пайдалы болумен өлшеген.
Көркем мінез Аллаһ тағаланың құзырындағы Жәннат нығметтеріне ашылып құйылған жүректің есігі болса, жаман мінез тозақ отына ашылған есік. Аллаһ Елшісі бірде:(с.ғ.с) «Сірке су балды бұзатын секілді, жаман мінез адамды бұзады» деген.
Жақсы мінезге жаратқан Аллаһты және оның жаратушыларын қош көріп, олардан келген қиындықтарға сабыр етуді айтамыз. Жақсы мінезділік –Аллаһ тағаладан разы болу деген сөз.
Пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деп өзінің ұлық мұратын паш етеді. Осылайша ол Ислам діні негізінде адамзаттың бақытына баланған игі жақсылықтың бірі көркем мінез екендігін дөп басып айтқан.
Сол сияқты Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с) келесі сөзінде: «Қиямет күніндегі тақуалық пен көркем мінез тұрған таразының басы қаншалықты ауыр болады десеңізші!»,- деген хадисі кемелділік жолын іздеген әрбір адам үшін бағдаршам іспетті. Жақсы мінезді адам – аз сөйлейді, ешкімді ғайбаттамайды, Аллаһ үшін жақсы көріп, Аллаһ үшін дұшпандық етеді, аманатқа қиянат жасамайды, көршісі мен айналасындағыларға қамқорлық жасайды.
«Көркем мінез» жайлы білмек болған бір кісіге Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «(Әй, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер» деген аятты оқып: – Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарын үзгендермен арадағы аралас-құраластықты арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің, – деп түйген.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) басты ерекшелігінің бірі- халыққа тек үгіт-насихат айтып қана қоймай, оның өзінің нұрлы өмірі арқылы өрнектеп көрсете білуі. Сондықтан да жомарттық, шынайылық, әділдік, шыншылдық, сенімділік, мейірімділік, тақуалық, сабырлық қасиеттерінің ең биік шыңында қашанда Пайғамбарымыз тұрады.
Расында тура жолмен жүру өте қиын, бірақ тура жолдың шыңына жетуге құдіреті жетпеседе, мүмкіндігінше соған жақындауға күш салуы тиіс. Жеңіске тек ізгі амалмен ғана жетеміз. Ізгі амал көркем мінездерден тұрады. Ұлы Аллаһ Тағала барлығымызды көркем мінездің кемеліне жетуімізді нәсіп қылсын!.
Ерімбет Еділбек,
Көксу аудандық «Балпық би» мешітінің
бас имамы