
Қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған
басты құндылықтардың үшіншісі – зайырлы қоғам мен жоғары руханият.
(Н.Ә. Назарбаев)
Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабы, 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары»-делінген. Мемлекетіміздің басты қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары болғандықтан азаматтарымыздың өзі қалаған дінге сенуі конституциялық құқықтарының қатарынан табылады. Ата заңымызға сәйкес азаматтарымызды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған. Ата Заңымыздағы осы айтылған қағидалар мемлекетіміздің зайырлы сипатта екендігінің басты нышандары.
Зайырлы мемлекет – мемлекетті шіркеуден бөлу нәтижесінде пайда болған, қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттелетін, мемлекеттік органдардың шешімдері діни тұрғыдан шығарылмайтын мемлекеттің сипаты. Зайырлы мемлекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормаларға сәйкес келуі мүмкін, оның зайырлылығы діни түсініктерге қарама-қайшылықпен емес, одан азат болуымен анықталады. Зайырлы елде әрбір адам ешқандай діни институттарға қатыссыз өмір сүруге құқылы. Мысалы, некені тіркеу және әділ сот жүйесі мемлекеттің айрықша құқығы болып табылады. Сол сияқты зайырлы елде барлық конфессия өкілдері заң алдында бірдей. Діни мерекелер халықтың дінге сенуші бөлігіне қолайлы жағдай жасау мақсатында демалыс күні ретінде бекітілген. «Зайырлы» сөзі араб тілінде «захири» (зайырлы) яғни «ашық, сыртқы» деген мағыналарда қолданылады.
Жалпы, адамзат дамуының тарихи тәжірибесінен туындаған мемлекеттің зайырлылық принципі мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуін жариялағанымен, ол ұғым бұл екеуiнiң арасына қорған салуды білдірмейді. Өйткені, дiнсiз – мемлекет, ал мемлекетсiз – дiн жоқ. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, ел дамуының бүгінгі кезеңінде екi тараптың өзара бiрiгiп әрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындаудың және жетілдіріп отырудың маңызы зор. Бұл жерде мемлекет мынадай қағиданы басшылыққа алуы тиіс: ол қоғамдағы діни бірлестіктерді реттейтін өз шекарасының аумағын тарылтпауы керек және еліміздің негізін құрап отырған халықтың дәстүрлі дініне басымдық беруі қажет. Өйткені, қоғам мен дінді бір-бірінен бөлудің мүмкін емес екендігін ескерер болсақ, мемлекеттің діни салада белсенді түрде реттеуші болуы тиіс екендігі талас тудырмасы анық.
Біздің Республикамыздың діндераралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі. Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түсуде, дінге сенушілердің, діни нанымдағылар мен діни бірлестіктердің сандары тұрақты өсуде. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін қал-қадерінше қосып отырғандары бәрімізді қуантады. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреміз.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, еліміздегі барлық діни бірлестіктердің құқығы бірдей және тең.
Қазақстанда ел тұрғындарының діни сенімдерінің басым бөлігін құрайтын ислам және православие діндерінің үлесі 95%, католик, иудайзм діндерін ұстанатындардың үлесі 1-2%-ды құраса, еліміздегі дәстүрлі емес діни ағымдар мен ілімдерді ұстанушылардың үлесі небәрі 2-3%-ды ғана құрайды екен. Демек, заң бойынша еліміздегі дәстүрлі дін болып саналатын іргелі діндер мен жаңа діни ағымдардың мәртебесі мен олардың қоғам өмірінде алатын орны теңдей қарастырылды. Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз, діннің иман, құлшылық, діни оқу және оқыту істеріне кедергі болмайды, сонымен қатар белгілі бір діннің жетегінде де кетпейді дегенге саяды. Олай болмаса, Қазақстан сияқты халқының 70 пайызы мұсылман елде халқының діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектеспейді деген сөз емес. Демократиялық үкіметтің ең басты міндеті халық үшін қызмет ету болса, сол халықтың діни қажеттіліктерін ескеріп, оларды қамтамасыз ету де үкіметтің басты міндеті болып саналады.Мәдениеттің алға дамуы көпшілікке қалыптасып қалған парадигманы өзгертпеу мүмкін емес: күйзеліс мен қарама-қайшылық – прогрестің қозғаушысы. Келісім, ынтымақтастық, әлемді танудың түрлі ұстанымдарына түсіністікпен қарау – адамзат мәдениетін сақтап қалудың, оның болашағын қамтамасыз ететін амалдар. Дінге сенетіндер мен сенбейтіндерді біріктіретін ортақ нәрсе олардың дүниетанымын бөлетіндерден анағұрлым маңыздырақ. Ұлт тағдыры, тарихтың ортақтығы, мемлекетіміздің күйзелістен шығу жөнінде қамқорлығы, жаһандық қауіптерді жеңу – барлық адам үшін маңызды. Бұл ортақтық сабырлы диалогпен, келіссөзбен айқындалады. Тек келіссөздер ғана өзара түсіністікке, ескірген парадигмалардың ауысуына әкеледі, адамзат болашағы мен мәдениетті құтқару үшін бірлікке шақырады.