ИМАНАШАР

ОН ЕКІ АЙДЫҢ СҰЛТАНЫ

Санат: ИМАНАШАР
Уақыты: 13.04.2021
Оқылды: 1643 Печать страницы
ОН ЕКІ АЙДЫҢ СҰЛТАНЫ

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкіршілік айтамыз.
Иман, Исламмен нәрленген халқымыз мүбәрәк Рамазанда Алланың рақымына бөленуді үміт етіп, сауабы мол ізгі амалдарды атқаруға ниеттеніп отыр. Сіздерді бір ай бойы жалғасатын мұсылмандардың ұлық мерекесі - Рамазанның келуімен құттықтаймын!
«Рамазан айы туғанын көрген адам ораза ұстасын. Кімде – кім ауру болып немесе сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» Бақара сүресі, 185 аят. Алланың рахымынан үміт еткен әрбір мүмін адам бұл айда ораза ұстап, тәубеге келеді. Ораза ұстау – Құран кәрім мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде нақты бекітілген бес парыздың бірі. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде Алла тағаланың былай деп бұйырғанын жеткізген:«Адам баласының барлық амалы өзі үшін. Алайда оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Алла тағаламен қауышар сәті„. Сонымен қатар „Ораза ұстағанның ұйқысы – ғибадат, үндемегені – (Аллаға айтылған) мадақ!» екендігін де естен шығармағанымыз абзал.
Ораза - Алла мен адамның арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат. Оразаның теңдессіз сауабын Жаратушы Иеміздің жасырып қоюында үлкен сыр бар. Көзбен көріп, қолмен ұстап, түйсікпен түсініп алмайынша көп нәрсеге сене бермейтін адам баласының санасына салмақ болатын сауапты жасыруда біз біле бермейтін даналық көп. Бұл - ұлық ғибадатты кіршіксіз орындап, ұлы мақсатқа ұмтылуға жетелейді. Хадис-шәріпте Алла тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза - Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөліркегеннен шыққан аузының исі мен үшін мисктен де артық», - дейді. Алланың уәдесі - хақ.
Ораза ұстаған адамның аузы тамақ жеуден ғана емес, ғайбат сөз айтудан, көзі харамға қараудан, құлағы екі дүниеге де пайдасы жоқ бос әңгімелерді тыңдаудан тыйылады.
Иман жолы сабырлық пен тақуалықты талап етеді. Ораза нағыз, шынайы тақуалыққа жетелейді. Құранда Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), - дейді.
Сондықтан мұсылман қауымы неғұрлым көбірек сабырлылық пен төзімділік танытуы тиіс. Осы айда жасалған құлшылықтарымыз сауап болып жазылып, жүрегіміздегі иман арта берсін.

Еділбек Ерімбет,
Көксу аудандық Балпық би мешітінің бас имамы.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.