ИМАНАШАР

Ораза қабыл болсын, ұстаған жан!

Санат: ИМАНАШАР
Уақыты: 15.04.2021
Оқылды: 1899 Печать страницы
Ораза қабыл болсын, ұстаған жан!

 Біз  «ораза»  сөзін қолданамыз. Ал оның мағынасы қандай? Араб тілінде ораза сөзін «соум» немесе «сыям» деп атайды. «Соум» сөзінің лингвистикалық мағынасы – тыйылу. Мәселен, «Мариям» сүресінің 26 аятында  Мариям  анамыздың  мына  сөзі  келтірген: «Аса қамқор Алла үшін ораза  ұстадым. Сондықтан бүгін еш  адаммен  сөйлеспеймін». Бұл жерде Мариямның  тіс  жармауға уәде етуі  жайында  айтылған. Аятта да  (соум) сөзі «әңгімелесуден ұстану» мағынасын білдіреді.   Шариғи мағынасы: Алла Тағаланың разылығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тамақтанудан тыйылу. Ал  «ораза» сөзіне  келсек, бұл парсы сөзі. Ұғымы: күн, несібе. Демек, «ораза» сөзінің ұғымы Рамазан  айында  тамақтанудан тыйылу мағынасына сәйкес келіп тұр. Себебі, біз таң атқаннан күн батқанға дейін астанудан тыйыламыз.
Күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті рамазан айы да келіп жетті. Рамазан айы – жер бетіндегі Алланы бір деп мойындаған, иманның шарттарына шүбәсіз сенген адамзат баласының сағына күтетін, бізге екі дүниенің бақытының есігін айқара  ашатын қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған сондай бір мүбарак ай. Шындығында ораза басқа құлшылықтарға  қарағанда, жаратушы  алдында өзіндік ерекшелігімен дараланады. Себебі, Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) біздерге баяндағандай «Әрбір жақсылық оннан жеті жүз есеге дейін еселенеді. Мен үшін Ораза ұстағандарға оның сауабын Өзім беремін» деген.
Бұл айдың басты ерекшелігі, Алла Тағала исламның бес парызының бірі болған оразаны парыз етті. Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы, атқарған ізгі іс-амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады.  Құран Кәрімнің Зумар сүресінің 10-шы аятында «Сабыр қылушылар сауаптарын есепсіз алады», – деген. Ораза сабырлықтың жартысы, сауабын есептеуге келмейді.
Оразаның әрбір мүмінге міндетті құлшылық екендігін Хақ тағала:
«Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін, ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деген аятта білдіреді. Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі.  Ораза нағыз шынайы тақуалық пен сабырлыққа жетелейді.  Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп атаған. Берекесі мол айда жарапазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған.
Биыл рамазан айында тарауық намазын  санитарлық талаптарды сақтай отырып, мешіттің ауласында ғана оқуға рұқсат етілді. Індеттің асқынуына байланысты жылдағыдай мешітте ауыз ашар беруге рұқсат жоқ. Бірақ, азық -түлікпенен мұқтаж адамдарға жәрдем бергісі келетін мейрімді жандар үшін мешіт арқылы табысталатын, арнайы  қайырымдылық жобалары әзірленуде. Сонымен қатар, биылғы жылға пітір садақаның көлемі казіргі ұнның бағасына сәйкес, жан басына 420тг болып тұрақтанды. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (4000 теңге) немесе 4 келі құрмамен (9400 теңге) бергені жақсырақ. Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлер де жұрт қатарлы қуанып шаттанады. Хадистердің бірінде: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақаны парыз етті. Кім оны (айт) намаздан бұрын берсе, ол зекет болып қабылданады, ал  намаздан кейін берсе, жай ғана садақа болып есептеледі» делінген» (Әбу Дәуіт, Ибн Мажә).
Барша мұсылман қауымы  ұстаған оразаларыңызбен рамазан айындағы жасаған дұға-тілектеріңізбен құлшылықтарыңыз қабыл болып, елге жайылған індеттен аман шығуды баршамызға нәсіп етсін, АЛЛА ТАҒАЛА!

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.