
Ислам – дүние мен ақырет тізгінін тең ұстаған дін. Адам баласы күн көрісін, ризық-несібесін табу үшін жұмыс істеуге мәжбүр. Адам түгіл табиғаттағы жан-жануарлар да таңнан кешке дейін жейтін азығын табумен әуре. Құран Кәрімдегі иман келтірумен еңбек ету, ізгі іс істеу қатар айтылған аятта: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ризық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) деп құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған. Дінімізде ғибадат етумен қатар адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік секілді дүние істері бірге жүреді. Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сол иманның аясында ізгі іс істеуге шақырады. Адал еңбекпен несібесін табу – пайғамбарлардың жолы. Адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру – айналамызға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда қайырлы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің біреулерің қолына жіп алып, даладан құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күн кешкені адамдардан қайыр сұрағанынан әлдеқайда жақсы» – деген. Ата-анасын, әйел, бала-шағасын және туыстарын адал нәпақамен қамтамасыз ету – отағасының міндеті. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлығың да жауаптысыңдар және барлықтарың қоластындағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы – бақташы. Ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар» – деп, бұйырады. Ислам дінінде адал жолмен табыс тауып, еңбек етуге айрықша мән берген. Ал харам жолмен дүние жинау, яғни ұрлық-қарлықпен, қиянат-зорлықпен, алдап-арбаумен, алаяқтықпен, өсімқорлық, жемқорлық, пара беру жолымен пайда табу – үлкен күнә екенін ескертеді. Мұндай жолдармен мал тапқан адам тәубе етіп, кісі ақысын өтемейінше, Жаратқанның рақымынан құр қалады.
Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, еңбек етуге, адал табыс табуға өсиет еткен. Шәкәрім атамыз «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар – барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» дейді.
Алла Тағала: «(Уа, Пайғамбар) Еңбектеніңдер, істеген істеріңді Алла мен Елшісі және мүміндер көретін болады. Содан соң көмескі мен әшкерені де білуші Аллаға қайтасыңдар да, Ол сендерге не істегендерің жайлы мәлімдейді деп айт» делінген қасиетті аятта. Бірде Пайғамбардың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) қасынан бір кісі өтеді. Оның бойындағы қайрат-жігерін байқаған Алла Елшісінің (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) сахабалары: «Уа, Расулалла! Мына адам Алланың жолында ма?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Егер де ол жас балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса, Алла жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса, Алла жолында. Егер өз басын (тіленшіліктен, кедейшіліктен) сақтау үшін шықса, ол - Алла жолында...», − деп жауап береді
Алланың Елшісі Мұхаммед (с.а.с) табыс табу үшін адал маңдай термен еңбектенуге, үмбетін адал табыс табуға ынталандырып: «Еңбек етуден қолдары күстенген, шаршап-шалдығып ұйқыға кететін адам кешірімге бөленіп, күнәларынан арылады» деп, еңбекқорларды сүйіншілейді.
Ешбір пенде адал маңдай терімен тапқан табыстан артық рызық-несібеге кенелуі мүмкін емес. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с): «Дәуіт пайғамбар (а.с.) да өзі еңбектеніп, тапқан табыспен күнелтетін» деп, адамның өз еңбегімен табыс тауып, отбасының күнкөрісін қамтамасыз ететіндерге ілтипат жасайды. Өзінің сахабаларын да еңбек етіп, адал жолмен табыс табуға, көнкөрісін адал жолмен қамтамасыз етуге үндеп отыратын. Бірде Алланың Елшісі (с.а.с) Сағыд ибн Муазбен қол алысып амандасып тұрып, қолдарының күстеніп кеткенін байқайды. Себебін сұрағанда, сахаба отбасын адал еңбегімен асырау үшін еңбектеніп жүргенін айтады. Бұл жауапқа Мұхаммед пайғамбар (с.а.с): «Міне, Алла тағала осындай қолды жақсы көреді» деп, досының күстенген қолына ілтипат көрсетеді.
Бес күндік фәни өмірдің, қалай болғанда да, көзді ашып-жұмғанша зулап өте шығатыны белгілі. Жүрегінде иманы бар адам істеген ісінің қиындығына немесе жеңілдігіне, беделділігіне емес, ең алдымен тапқан табысына есеп беретінін біледі. Сондықтан қандай адам болмасын, Алла тағала рұқсат еткен шеңберде адал жолмен табыс табуға міндеттіміз. Өз еңбегімен адал табыс тауып, осыдан күнкөрісін қамтамасыз етіп жүрген адам не жұмыс істесе де бұдан намыстанып, ұялмауы қажет, адал жолмен тапқан табыстан артық абыройлы іс жоқ.
Еділбек Ерімбет,
Көксу аудандық «Балпық би» мешітінің бас имамы.