ИМАНАШАР

Мешіт Алланың үйі

Санат: ИМАНАШАР
Уақыты: 24.07.2021
Оқылды: 1186 Печать страницы
Мешіт Алланың үйі «Аса ұлы, ерекше жомарт, шексіз билік иесі Алланың атымен бастаймын. Пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын. Мешіт – құлшылық жасалатын орын. Шын мәнінде мұсылман баласы мешітке күллі әлемді жоқтан бар еткен Алла тағаланы іздеп келеді. Сондықтан мешіттен табылғаны – Алланы тапқаны. Мешітке келген адам Алланың мейманы. Саңлақ сахабалардан Әбу Һурайра (р.а.) риуаятында хазреті Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім үйінен тазаланып (үсті-басы, киім-кешегі таза боп, дәретін алып) Алланың үйлерінен біріне Алла парыз еткен намаздардың бірін орындауға жүріп барса, оның екі қадамының бірімен қате￾кемшілігі өшеді, екіншісімен дәрежесі өседі», – деген. Осы хадис жақсы ниетпен мешітке қарай басып келінген әрбір қадам сауапсыз қалмайтынын ұқтырады.Яғни, ол жерге келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау. Сонымен қатар мешіт қоғамдағы барлық мәселенің шешімін табуға, елдегі бірліктің, ынтымақтың сақталуына тікелей себепші болатын орын. Құран Кәрімде және хадистерде мұсылмандардың құлшылық жасайтын мекені әрі пенде мен Раббысы арасындағы байланысын арттыратын орын «мешіт» деп аталған. Осылай аталуының өзіндік себебі бар. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Құлдың, Раббысына ең жақын сәті сәжде жасаған кезі» деп атаған. Демек мешіт пендені Раббысына жақындататын қасиетті орын. Құранда: «Күмәнсіз, жер бетінде адамдар үшін ең алғаш салынған үй – Меккедегі Қағба. Ол – берекенің қайнар көзі, күллі адамзатты тура жолға бастаушы һәм бет бұратын құбыла»делінген.Бұл аяттан түсінетініміз адам баласы үшін жер бетіндегі Аллаға құлшылық, ғибадат жасалатын ең алғаш салынған үй ол Мекке қаласындағы әл-Харам (Қағба) мешіті. Құранда: «Расында Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, сондай-ақ намаз оқып, зекет берген және тек Алладан қорқатын (пенде) ғана тұрғызады. Міне олар шын мәнінде тура жол тапқандар», яғни мешітті салушы Аллаға иман келтірген, ақыретін ойлаған, басты мақсаты Алланың разылығын көздеген адамдар салады.Мұсылман адам үшін Алланың үйлері болған мешіттен асқан қасиетті жер болмайтыны һақ. Тамим ад-Дари (р.а.) деген сахаба кеш батқанда өзінің Әбу Базад атты қызметкеріне шыраққа май құйып, мешіт ішіне іліп қоюды тапсырады. Түнделетіп, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітке келсе, мешіт іші жап-жарық. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаның ісіне сүйсініп: «Мұны кім істеді?», – деп сұрады. Жиналған жұрт: «Тамим әд-Дари», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Исламды нұрландырдың, Алла сені бұл дүниеде және ақыретте нұрландырсын», – деп батасын береді. Бұл оқиғадан мешітке қызмет ету, кішігірім болсын көмегін аямау – үлкен абыройлы іс екенін аңғарамыз. Мешіт баршамызға ортақ құлшылық жасайтын орынымыз болғандықтан мешіт гүлденуіне үлес қосу – әрбіріміздің мұсылмандық міндетіміз. Күмбезі ұзақтан көз тартатын мешіттерді қай тұрғыдан алсақ та, әр пендеге жақсы ой мен ізгілікті амалдарды еске салатыны белгілі. Мешіттен аттап өтуге ешкімнің жүрегі дауаламайтыны да сондықтан. Алланың қаһарынан қорыққан жан құлшылық жолында жүрмесе де, дүниеден қайтқан аруақтардың рухтарына «Құран» бағыштатып, садақасын салып, басына саулық, отбасына амандық, ел-жұртына тыныштық тілейді, шын жүрегімен езіліп, шүкірлік айтады. Мешіт көзге көркем, өзі биік, Тұрады жұмасына жұрт жиылып. Ғибраттанып борышымды өтейін деп, Мен бардым шаттықпенен көңілім сүйіп, деп айтып кеткен Сұлтанмахмұт Торайғыров. Әнас (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисін баяндайды: «Қиямет күні Алла тағала құзырына пәни дүниедегі мешіттер келтіріледі. Олар аяқтары мықты, қош иісті анбардай мүңкіген, мойындары зағфаран ағашындай, басы жұпар иісті мисктей, жүгені жасыл хризолит лағыл тастан болған ақ арғымақ ат секілді болады. Азаншылары жетектеп, имамдары артынан айдап, ал жамағаты мініп, қиямет майданынан жарқ етіп жасындай өте шығады. Көріп тұрғандар: «Бұлар Аллаға жақын періштелер мен елші-пайғамбарлар ма екен?», – деп айтады. Сонда бір үн: «Олар періште де, пайғамбар да емес. Олар мешіт жамағаты және намаздарына берік Мұхаммед үмбеті», – дейді». Міне, мешітке құрмет көрсетудің қаншалықты сауап, бақыт екенін осыдан-ақ білуге болады. Олай болса, Алла Тағала баршамыздың өзінің үйінде ауызбіршілікпен құлшылық етіп, жасаған дұға тілектерімізді қабыл еткей! Балпық би мешіті
{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.