ИМАНАШАР
БАУЫР-ТУЫСТЫҢ АҚЫСЫ
Санат: ИМАНАШАР | |
Уақыты: 24.07.2021 | |
Оқылды: 922 | Печать страницы |
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Туыстық қарым-қатынасты
сақтаудың мұсылман адам үшін мәнмағынасы өте үлкен. Алла Тағала
Қасиетті Құранның «Нахыл» сүресінің
90-аятында: «Негізінде Алла әділетті,
игілікті және ағайынға қарайласуды
бұйырады. Және де арсыздықтан,
қарсылықтан тыяды», – деп айтқан.
Туыстар – бір түбірден өскен
ағаштың бұталары тәрізді. Осы себепті
де олардың арасында береке мен
бірліктің болуы, өзара татулық пен
мейірімділіктің аясында қарым-қатынас
жасауы аса маңызды іс. Туыстарына
ізгілік етпеген адамның өзгелерге
мейірбан болуы екі талай.Қазақ халқы
туысқанды өзін ойлағандай ойлау,
оның арын өз арын қорғағандай қорғау,
қуанышы мен қайғысына ортақтасу,
тарыққанда сұратпай қол ұшын беру
сияқты істерге аса мән берген.
Кезінде Сары би деген ақылгөй
ақсақал бала Сырымға: «Балам, бұл
дүниеде алты ұлы сөз бар, соны есіңнен
шығармай жүрсең, ең алдымен беделді,
сыйлы боласың. Егер ол сөзді ұмытсаң,
халық сенің маңайыңа жоламай аулақ
қашады», – деген екен. Сонда Сырым
ақсақалдың ұлы сөз дегеніне қызығып:
«Ол қандай сөз ата, айтыңызшы»,
– дейді. Сары би осы кезде: «Арлыұжданды бол, елге деген парызыңды
ұмытпа, намысыңды жастан сақта,
халқыңды алалама, жақыныңды жаралама, қалысыңды қаралама!, – деп
өсиет айтады. Міне, осы сөзді Сырым
шешен қартайған шағына дейін есіне
сақтап жүрген екен. Осы айтылған
сөздегі «Жақыныңды жаралама,
қалысыңды қаралама» деген өсиеттер
бауырмалдыққа, ағайындыққа шақырып,
туыстықты үзуден, олардың арасын
бөлуден сақтандырған. Осындай ұлы
сөздерді бойына сіңіріп өскен халқымыз
қанша тарихи зобалаңдардан өтсе де,
әрқашан әулет арасындағы берекебірлікті сақтауға тырысқан.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған
Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кімде-кім Аллаға және
ақырет күніне иман келтірген болса, онда туысқандарымен қарымқатынасын үзбесін», – деп айтқан.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың
салауаты мен сәлемі болсын) туыстық
қатынасты сақтауды Алла Тағала әрі
Қиямет күніне иман етумен байланыстыруы, бұл амалдың қаншалықты
үлкен маңызға ие екендігін көрсетіп
тұр.
Жалпы туыстық қарым-қатынасты
сақтау мәселесінде адамдар үш түрлі
болады:
Бірінші, туыстық қатынасты сақтап
әрі оларға жақсылық жасаушы адамдар
Хадисте ондай адамдар – «әлуасилу» (Туыстық байланысты
сақтаушы) деп аталған. Бұндай адам
туыстардың ішіндегі сыйластық
танытқандарымен ғана сыйласу емес,
туыстық қатынасты үзіп қойған туыстарымен қарым-қатынасын бірінші
болып түзеп, оларға жақсылық жасай біледі. Осы себепті де ардақты
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Туысқандық
қарым-қатынасты үзбейтін адам, (ол
– оған қандай қарым-қатынас жасаса) сонымен ғана жауап беретін
адам емес. Шындығында, туысқандық
қарым-қатынасты үзбейтін адам – ол
туыстарының онымен қарым-қатынасын
үзгеніне қарамастан, олармен араласуын үзбейтін адам!», – деп айтқан.
Туыстық қатынасты сақтаған адамды
Алла Тағала қияметте шексіз сауапқа
бөлеп,бұл дүниеде ризығын мойлайтып, өмір жасын ұзартады. Ардақты
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кімде-кім ризығының көбеюін және
өмірінің ұзаруын қаласа, туысқанымен
қарым-қатынасын үзбесін», – деп
айтқан. Кейбір ғалымдар хадистегі
«өмір жастың ұзаруына» деген сөздерді:
«Алла Тағала ол адамның өміріне берекет беріп әрі ризық-несібесін молайтады. Әрі сол арқылы ол адам өзінің
өмірінде басқалардың шамасы келмеген істі істеп үлгереді», – деп түсіндірген.
Екінші, туыстық қатынасты үзушілер
Ондай адамдар хадисте – «әлқатиғу» (үзуші) деп аталған. Бұл атау
туыстық қатынасты сақтамайтын, олармен араласпайтын, қиналғанда жанынан табылмайтын адамдарға қатысты
айтылады. Ардақты Пайғамбарымыз
(оған Алланың салауаты мен сәлемі
болсын): «Туыстық қатынасты үзуші
жәннатқа кірмейді», – деп айтқан.
Аталмыш хадисте туыстық қатынасты
үзген адамға қатысты «жәннатқа
кірмейді» делінуінен, туыстық
қатынасты үзудің қаншалықты ауыр
күнә екендігін түсінуімізге болады.
Жалпы ғалымдарымыз туыстық
қатынасты үзуді үлкен күнәлар қатарына
жатқызған. Имам Заһаби өзінің «Китабул-кабаир» (Үлкен күнәлар кітабы) атты
еңбегінде, жетпіс түрлі ауыр күнәні тізіп,
оның ішінде туыстық қарым-қатынасты
үзуді тоғызыншы орынға қойған.
Сол үшінде, мұсылман адам
туысқандық байланыста ұсақ-түйек
дүние үшін ұғыспастыққа салынуға,
ниеті бұзық адамдардың өсек-аяңы
үшін ренжіске түсуіне, дау мен жанжал қууына еш болмайды. Сүйінбай
Аронұлы бабамыз:
«Ел баққанның тұқымы,
Көптің көңілін аулайды.
Дау баққанның тұқымы,
Болмашы істі даулайды.
Туысқанын жат көріп,
Жаудан жаман қармайды», – деп
айтқан.
Бабамыздың бұл жерде: «ел баққан»
деп «бағу» сөзін қолдануы тегін емес.
Себебі, «бағу» сөзі көбіне төрт түлік
мал баққанға қолданылып жатады.
Малбаққан адамоның түрлі машақатына
төзіп, төрт түрлі мезгілде ауарайының
ыстығы мен суығында сабыр етіп, бар
ыждахатын салып, қарағанда ғана
еңбегінің жемісін көретіндігі сияқты,
жақындарының бірлігін ойлаған адамда олардың кей ұнамсыз қылықтарына
сабыр етіп, кешірімділікті ту ету арқылы
ғана өзінің игілікті мақсатына қол
жеткізбек.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған
Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Ғаршыға ілулі тұрған туыстық байланыстар былай дейді: «Мені сақтаған
адам Алла Тағаламен де байланысын сақтайды. Менімен байланысын
үзуші Алла Тағаламен де байланысын
үзеді», – деп айтқан.Дініміздің осындай қазыналарын тереңінен түсінген
бабаларымыздың «Ағайынның азары болса да, безері болмас» деген
сөзіне үңілер болсақ, туыс адам жаман
болғанның өзінде одан безінуге, қарымқатынасты үзуге болмайтындығын
түсінеміз.
Үшінші, жоғарыда айтылған екі
дәреженің ортасындағы адамдар
Бұндай адамдар туыстарына жақсылық та жасамайды,
жаманшылығын да тигізбейді.
Сыйласқанымен ғана сыйласады,
араласпағандарымен араласпайды,
оларды арнайы іздемейді.
Осылардың ішінде мұсылман
адам бірінші санаттағы, яғни туыстық
қатынасты сақтаушылардан болып,
екінші мен үшінші санаттағылардан болудан сақтануы қажет.
Туыс адамдар той-томалақ,
қуанышты сәттерде ортақтасу, қиындық
кезінде көмек қолын созу, ауырып қалса
қал-жағдайын сұрап бару, ақыл-кеңеске
мұқтаж болса ақыл қосу сияқты т.б
істерде бір-біріне жәрдемші болулары
тиіс.
«Туыстан асқан жақын жоқ, ұмытуға
хақын жоқ» дейтін халқымыз, әрдайым
ұрпағына туыстық қатынасты сақтаудың
артықшылығы жайында айтып, ескертіп
отыратын болған. Мәшһүр Жүсіп бабамыз да осыған орай:
«Аманыңда елжіреп,
мақтайтын да ағайын,
Алыстамай айналып,
жақтайтын да ағайын.
Ауырыңды жеңіл ғып,
жоқтайтын да ағайын,
Еркелетіп бетіңнен,
қақпайтын да ағайын», – деп
айтқан.
Ағайын-туыстық ақысын ойлайтын
адам, әсіресе қиналған уақыттарында
олардың қасынан бірінші болып
табылуға тырысуы қажет. «Ата-ананың
қадірін балалы болғанда білерсің,
ағайынның қадірін жалалы болғанда
білерсің» делінген аталы сөзден осыны
ұғынамыз. Туыс адам үшін жұмсалған
қаражат шығын емес, қияметтік сауап
деп танылады.
Алла Тағала баршамызды
туыстық қатынасты сақтаған, ағайынжақындарымен береке-бірлігі жарасқан,
Өзінің сүйікті пенделерінің қатарына
қосып, елімізді аман, жұртымызды тыныш қылсын!
Еділбек Ерімбет,
Көксу аудандық Балпық би
мешітінің бас имамы