ИМАНАШАР

ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОННАН КӨРІ, ҰЯДАН ҰШАТЫН ҚЫЗҒА КӨҢІЛ БӨЛУ КЕРЕК!

Санат: ИМАНАШАР
Уақыты: 28.05.2019
Оқылды: 455 Печать страницы
ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОННАН КӨРІ, ҰЯДАН ҰШАТЫН ҚЫЗҒА КӨҢІЛ БӨЛУ КЕРЕК!

Халқымызда «Ауруын жасырған өледі» дейді. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, біз қаламасақ та, қазіргі қазақ қоғамындағы қыз тәрбиесіне бей-жай қарау осылай жалғаса беретін болса, бір ұлттың жер бетінен жойылып кету қасіретіне әкеліп соқпасына кім кепіл? Кешегі қазақ қызының сыр сипатына, бүгінгі қазақ қызының болмысы неге сәйкес келмейді? Салыстырып, олқы тұстарын көрсетіп бердік. Ары қарай тәрбие тізгіні өзіңізде. 

КЕШЕ МЕН БҮГІН

КЕШЕ: Атадан қалған ұлағатты тәлімді сақтай отырып, ұлттың ұятына көлденең келер іс жасамаған. 

БҮГІН: (Бәрі емес әрине) Ұятын ойлайтын қыздар саны сиреген. Тыңдалмай жатқан жетім сөз көп. «Заман осындай» деген желеумен Батыстық менталитетке ден қойған.

КЕШЕ: Жасы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ата-анасының ақылын аяқасты етпеген.

БҮГІН: (Бәрі емес әрине) Алдына келіп ақыл айтпақ түгілі, үлкені мен кішісі, тіпті үйіндегі ата-анасы істің дұрысын айта бастаса «Өзім білемін, өзімнің де басым бар», - деп, сөз көтере алмайтын болған.  

КЕШЕ: Абыройы мен арына дақ түсірмей, «Ар – иманның жолдасы» деп білген. Егер абайсызда ұрынып қалса, ауыр жазаға тартылған. 

БҮГІН: (Бәрі емес әрине) «Қымбат-ау қыздың ар-мұңы»десек те, бесіктен белі шықпай жатып аяғын шалыс басып, арынан айырылып қалып жатқан  қыздар саны артуда.

КЕШЕ: «Шешесі қыдырмашыл болса, қызы бастанғышыл болады» деген жаман атақ шығармас үшін, әке рұқсатынсыз есіктен аттап шықпаған. 

БҮГІН: (Бәрі емес әрине) Өкініштісі сол, әкеден сұрану былай тұрсын, түнгі клубтарда табанын тоздырып,  лыпасын қалдырмай шешініп жарысып жатқанын көргенде ұяттан кірерге тесік таппай, еріксіз жаның егіледі.

КЕШЕ: Алқалы жиында көсемсіп сөз бастап, өзін көрсетуге тырыспаған. «Шеше тұрып қыз сөйлемеген».

БҮГІН: (Бәрі емес әрине) Біліп тұрса айып емес дерсің. Бірақ реті келсін-келмесін өзін білімді, данышпан етіп көрсетіп, ел назарын өзіне аударғысы келетін қыздар санының артып кеткенін жасыру қиын.

КЕШЕ: Сұқ көздерден сақтанып, бөтен сөзден тыйылып, етегін ерте жастан-ақ қымтап жүрген. Оның тәрбиесінің көрсеткішін шолпы сыңғырымен-ақ бағалайтын болған.

БҮГІН: (Бәрі емес әрине) Жаһандану заманында жүргенімізбен, қазіргі кей қыздарымыздың киіміне қарап жапандану заманында жүргендей, қарнымыз аша қарайтын халге жеттік. Осы тұста салт-дәстүрді насихаттаушы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың мына бір сөзін дәйек ретінде келтіре кетсек: «Не көрсек, соны жасайтын жаман әдетіміз бар. Мысалы, тойда келін жарты денесі ашық көйлекпен тұрады. Бетінде бір жапырақ фата, оған неменеге беташар жасайды? Онсыз да оның жарты денесі ашық қой. Бетін ашқаннан кейін қарасаң, қайынатасы келіннің жалаңаш денесін ұстап билеп жүреді. Намыс қайда?!».

КЕШЕ: Оның жымиғаны – күлгені, күлгені – өлгені. Бұрымдының табиғатына жарасар әсемдік пен сыпайылық бір бойында ұштасып, қатты күлмеу, айқайлап сөйлемеу, үлкеннің жолын кеспеу, ыдыс-аяқты сылдырлатпау, есікті теуіп ашпау, босағаны кермеу, үлкендерден жоғары отырмау сынды әдептерге аса жауапкершілікпен қарап, бұлжытпай орындаған.

БҮГІН: (Бәрі емес әрине) Қыздарымыз бұрымын қырқып, шашын сыпырып сәнденіп жарысуда. Тіпті, шашы бар аруларымыздың өзі оны сан түске бояп әуре. Бет ажарын  адам танымастай шамадан тыс бояп алу, дарақыланып орынсыз күлу, адам аузы бармайтын балағат сөздер айту, ішімдікке сылқия то­йып, мас болып, шылымды бұрқыратып тарту және ең сорақысы сол ерсі әрекеттерін әлеуметтік желіге салып, мақтанып, жалған атақ пен даңқ жинау басқа емес қазіргі қазақ қыздарынан шығып жатқаны – өзекті өртер өкініш.

Мінеки, кешегі даналардан жалғасып келе жатқан даңғыл жолдың бүгін ирелең тұстары көбейгенін байқадық. Аурудың алдын дер кезінде ауыздықтамаса, емі болмайтыны сияқты, кей тұста білместікпен ата дәстүрімізге сай келмейтін іс, ерсі қылық, дөрекі мінез көрсетіп жатқан кейбір бұрымдыны дұрыс жолға бағыттамасақ, бүтін бір қоғамның болашағына балта шапқандығымыз. 

 

Дана халқымыз үш түрлі тәрбие мектебі бар олар: "Ата-ана, көрші-қолаң мен достарының ортасы және имандылық",- дейді. Шашбаулының тәрбиесі түзу болуына отбасындағы ата, әже, әке, ана бейнелерінің барлығы атсалысқанда ғана кемеліне жетеді. Мәселен, абыройлы, қадірлі әке – қыз тәрбиесінің іргетасы. Әке сыйлаған қыз күйеуін сыйлауға қабілетті болады. Оның қаншалықты қылықты әрі құдайдан қорқатынының негізгі өлшем бірлігі - ана. Ал ана бесігін дұрыс тербетсе, бесіктен белі шықпай жатып ары былғанбас еді. Қазақ құда түспес бұрын «қыз анасының мінезі қандай?» деп сұрастырып алған екен. Ананың қызына берер кеңестері мен өмірлік тағылымға толы өнегесі өзге жандардан қарағанда екі есе әсер ететіндігі айтпасақ та түсінікті. Содан да болар, әрдайым «Анасына қарап қызын алған» жігіттің жолы болады. Яғни, қыз тәрбиесінде біз ескере бермейтін олқы тұстар аналар мектебі арқылы қайта қалпына келеді. Бұл біздің ең үлкен мүмкіндігіміз екенін назардан тыс қалдырмайық.

Қайнаған қоғам қызығына елітіп, үлкен өмір дастанын енді ғана парақтаған ерке қызыңыздың бірге жүрген құрбы-құрдастары, дос-жарандары, араласатын ортасына абай болған жөн. "Қызың өссе, қызы жақсымен көрші бол" дегендей, кез-келген адам ортасына қарай бейімделетінін баса назарда ұстап, оған жақсы адамдардың ақыл кеңестерін айтып, дұрыс жолға бағыттап отырыңыз. 

Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үш қыз немесе қыз бауырларының күнкөріс, басқа да қиыншылықтарына шыдаған адамды Алла Тағала Жәннатқа кіргізеді»,- деген. Сахабалардан бір кісі «Екі қызы болса да солай ма?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, екі қыз болса да солай»,- деді. Басқа бір кісі «Ал бір қыз болса ше?» деп сұрады. Жауап ретінде: «Бір қыз болса да солай» деді (Хаким, Хараити). Осы хадис-шәріптен-ақ қызға дұрыс тәлім-тәрбие берудің маңыздылығы тайға таңба басқандай көрініс тауып тұр. Демек, бір ғана қызың болып, оны сұқ көздерден, жаман қылықтардан тыйып, адал жан етіп тәрбиелесең, Алла Тағаланың мәңгілік таусылмас сыйы – Жәннат бақтың тұрғыны бола аласың. Бұл - жеткен табысыңның ең ұлысы.

 
{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.